Басты ақпаратМәдениет

ТАҢҒАЖАЙЫП ӨНЕРДІҢ ТАРЛАНДАРЫ

Астана күні мерекесі аясында елордада IX «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк өнері фестивалі өтеді. Бас қала тұрғындары мен қонақтары  бір апта бойы, яғни,  2-ші  және 7-ші  шілде аралығында сегіз мемлекеттің  үздік әртістерінің  өнерін тамашалайды.

ERM_6061

Цирк – жұртты таңқалдырып жүретін ғажайып өнер саналады. Әсіресе, оны  жас жеткіншектер жақсы көреді. Биыл бас қалада тоғызыншы мәрте өтіп отырған фестивальға Беларусь, Ресей, Голландия, Моңғолия,  Қырғызстан, Түркіменстан, Эфиопия және отандық цирк өнерінің майталмандары қатысады.

Шара барысында көрермендер Африканың  экзотикалық  алыптарының шоуын тамашалайды. Осы жолы таңғажайып өнердің тарландары керік Багира мен мүйізтұмсық Бони болмақ.  Қолға үйретілген аю мен маймылдың да ойындары ешкімді бей-жай қалдырмайды. Акробаттардың ауада тартылған жіп үстіндегі көз ілеспес өнері де көрген жанды сүйсінтеді. Мотоцикл мінген эквилибристер мен эфиопиялық әртістердің икарийлік ойындары да қызықтырмай қоймайды.

_G7A4219

– Биылғы байқау Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып отыр.  Тоғыз жыл ішінде фестиваль цирк әлемінде көркемдігі мен ұйымдастырушылығы жоғары маңызды шараға айналды. Елорда күніне ұсынып отырған сыйымыз үлкен. Байқау аясында елімізге жыл сайын жаңа әртістер келеді. Олар түрлі жанрда өнер көрсетеді. Биыл бас қала тұрғындары көпшілікке таңсық мүйізтұмсық пен керіктің ойындарын тамашалайды. Сондықтан, айтулы шара өте қызықты болмақ, – дейді Астана циркінің директоры Ерік Жолжақсынов.

_G7A4181

Сондай-ақ, фестиваль аясында ұйымдастырылатын ерекше оқиғалардың бірі деп «Кавалькада» мерекелік шеруін айтуға болады. Оған қатысушылар 1-і мен 4-ші шілде күні сағат 17.00-де үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен қала көшелерімен жүріп өтеді. Айталық, цирк әртістері Қабанбай батыр даңғылының бойымен Достық көшесіне дейін барады.  Содан кейін Түркістан  және Д.Қонаев көшелерімен жүріп, шеру Қабанбай батыр даңғылының бойындағы Астаналық цирктің жанында аяқталады.

Түйіндеп айтқанда, елорда тұрғындары мен қонақтары әлемнің азуын айға білеген цирк өнері жұлдыздарының ойындарын тамашалап, қызықты бір қайталанбас сәтке бөленбек…

                                                                               Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button