Жаңалықтар

ТАРАЗДЫҢ ТАРТУЫ МОЛ

 fa0ae7c53fe7cd0bcace43b7990378f0

Астанадағы «MEGA» ойын-сауық орталығы алдында сенбі-жексенбі күндері Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті.

 Біз жәрмеңкеге келгенде бір-бірімен иін тірескен халықты көріп, абыржып қалдық. «Ет арзан», «көкөністің бағасы су тегін», «балы бал татиды» екен деген көпшіліктің жапатармағай айтып жатқан әңгімелерін естіп, біз де «балға үймелеген арадай» шұбап тұрған жұрттың соңын ала кезекке тұрдық.  Расында, әулиеаталық шаруалардың әкелген өнімдерінің бағасы аспандап тұрған бас қаланың бәсінен 15-20 пайыз төмендеу екен. Айталық,  қарапайым ғана картоптың бағасы – 55 теңге, біздің елордада оның бағасы  – 80-110 теңгенің үстінде. Пияз – 40 теңге. Қызанақ, қияр, болгар бұрышының бағасы – 50 теңге, баклажан – 30 тг, 1 кг  қант – 150 теңге. Былай қарасаңыз, қарапайым адамның қалтасы көтеретін бағалар. Қызығып кетіп, көкөністерді қапшықпен алып жатқандарды да көрдік. Бір шетте қапқа салған картобын «әупірімдей» көтеріп, машинасына қарай емпелеңдеп бара жатқан жігітті сөзге тарттық:

– Айналайын-ау, мынау азықтық тауардың құны ұшынып тұрған заманда осындай жәрмеңкедегі арзан бағаның өзі қалт-құлт күн көріп отырған біз секілді жарлы-жақыбайларға әжептәуір қолдау ғой. Сондықтан, алдағы қыста қамсыз отырмайын деп, барлық көкөністі қапшықтап алдым. Әйтеуір, қарын тоқ болса, уайым аз ғой, – дейді астаналық Балқаш ағамыз.

Сол мезетте Жанар есімді келіншек те өз пікірін айтып үлгерді:

– Төрт балам бар, өзім бір мекемеде еден жуамын.  Амал не, қиындық арқамызға шымбайдай батады. Бүгінгі жәрмеңкедегі бағалар біздің қала нарығына қарағанда едәуір арзан. Сондықтан, шамам келгенше барлық азық-түлікті молдап алып жатырмын. Әсіресе, көкөністің құны арзан десе болады. Екі қапшық картоп алып, көңілім жайланып тұр, – дейді.

Жамбыл облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, жәрмеңкеге құны 24,5 млн теңгені құрайтын 115 тонна  ауыл шаруашылық өнімдері әкелінген.  Оның ішінде: 10 тонна ет, 2 тонна сүт өнімдері мен 5 тонна шұжық түрлері және 57 тоннадай жеміс-жидек, көкөніс бар. Айтулы шараға Жамбылдан тауар тиелген 6 рефрижератор көлігі және 30 сатушы келген. Жәрмеңке бір ай бойы аталған орында сенбі-жексенбі күндері өткізіледі.

– Елорда әкімі осындай жәрмеңкелерді барлық аймақтар үшін ұйымдастыруға тапсырма берді. Осыған орай жұмыс істеп жатырмыз. Алғашқы бастаманы Жамбыл облысы қолдап, халықтың көңілінен шығуда. Жәрмеңкедегі өнімдердің бағалары да қолжетімді. Енді аталған шара өз жалғасын таба бермек, – дейді Астана қалалық ауылшаруашылық басқармасының бастығы  Әсет Құрманғалиев.

                                                                                    Азамат ЕСЕНЖОЛ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button