Қала мен Сала

Тарифтер қатаң бақыланады

Елордадағы коммуналдық қызметтер тарифіне биыл қандай өзгеріс енгізілді? Коммуналдық төлемақы құны жыл сайын қаншалықты өседі? Осы және өзге де сұрақтар жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Болат Танабергеновпен сұхбат құрған болатынбыз.

– Болат Амангелдіұлы, алдымен департаменттің негізгі міндетіне тоқталып өтсеңіз.
– Бағаны, бәсекелестікті дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және енгізу, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне бағаларды реттеу, монополияға қарсы заңнаманы сақтау жөніндегі тексерулер жүргізу департаменттің негізгі басымдықтары болып табылады. Ал департаменттің міндеттері ол – табиғи монополиялар саласындағы және нарықтағы мемлекеттік саясатқа берілген өкілеттіктер мен тұтынушылардың құқығын қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыру.
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында Қазақстанның жаңа әлемнің көшбасшылығына кіруі жөнінде он міндетті алға қойғаны бәрімізге аян. Соның ішінде Жолдаудағы «Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу» деп аталатын бесінші міндетте Мемлекет басшысы ғимараттардың энергиялық тиімділік жағын жақсарту қажеттігін атап өткен болатын. Президент айтқандай, бұл электр энергиясын, жылу мен суды тұтынуда өзінің үнемділігімен табиғи монополистерді де ынталандыратын болады. «Тиімді мемлекеттік басқару» деп аталатын Жолдаудың сегізінші міндетінде Елбасы табиғи монополия субъектілерінің қызметінің сапасын арттыру қажет екеніне және энергия өндірушілерге инвестициялық бағдарламалармен қоса негізделген тарифті орнатудың маңыздылығына тоқталды. Ал тоғызыншы «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» туралы міндетте Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, кез келген азамат өз өтініштерінің қалай қаралып жатқанын көруге және жоғары деңгейде жауап алуға мүмкіндігі болуы керек.
Департаменттің жұмысын жандандыра түсу үшін Жолдаудағы бұл тапсырмалардың барлығы – біздің алдымызда тұрған үлкен міндеттер.
–  Астанадағы коммуналдық қызметтер тарифіне қандай өзгеріс енгізілді?
– Биылғы 1 қаңтардан бастап тек газдың бағасынан басқа тарифтер әзірге өзгерген жоқ. Өткен жылдың аяғында табиғи монополия тарифтерді 2017 жылғы деңгейде қалдыру туралы шешім шығарды. Бірақ өткен жылғы коммуналдық қызмет тарифтері 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін ғана жарамды болады.
Ал ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап сұйытылған мұнай газын бөлшек саудаға өткізу тарифі бұрынғыға қарағанда 6.5 пайызға өсті. Бұл өсім ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын көтерме саудада сатудың маржиналдық бағасының өсуі және газ құбырлары арқылы тасымалдау тарифінің өсуі есебінен болды.


– Орта есеппен коммуналдық қызмет тарифтері жыл сайын қанша пайызға өседі?
– Заңнаманың талаптарына сәйкес, 2015 жылдан бастап барлық табиғи монополиялар субъектілері үшін 2016-2020 жылдарға арналған ұзақ мерзімді тарифтер бекітілген болатын. Осы жылдан бастап «Астана-Энерго» акционерлік қоғамы 2018-2022 жылдарға арналған ұзақ мерзімді тарифтерді бекітті. Ал «Астана Су арнасы» үшін сумен жабдықтау қызметтеріне тариф белгіленді, ол 2016 жылдан 2020 жылға дейін өзгермейді. Жылу және электр энергиясы бойынша 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2020 жылға дейін тарифтердің жыл сайынғы өсімі 3.1 пайыздан 5.2 пайызға дейін белгіленді. Бірақ электрмен жабдықтау қызметінің тарифі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бері әлі күнге өзгерген жоқ.
Табиғи монополиялар субъектiлерi тарифтер өзгерген жағдайда заңға сәйкес тұтынушыларға бұл туралы бiр ай бұрын хабарлауға тиiс. Алайда өсім ағымдағы жылға бекітілген ұзақ мерзімді тариф деңгейіне ғана рұқсат етіледі. Ұзақ мерзімді тариф қызмет көрсету кезінде қажетті стратегиялық тауарлардың бағасы көтерілген жағдайда және табиғи монополия субъектісі халықаралық қаржы ұйымдарының несиелерін тартқан жағдайда ғана өсуі мүмкін. Жалпы, тарифтер қатаң бақыланады.
– Тарифтердің өсуіне жол бермеу мүмкін бе?
– Жылыту, сумен жабдықтау және тұтастай коммуналдық кешен тарифтерінің мөлшері көптеген сыртқы факторларға, соның ішінде стратегиялық тауарлар бағасына байланысты. Жылу энергиясын өндіруге арналған стратегиялық тауарлар – көмір, газ, мазут, дизель болса, ал сумен жабдықтауда электр энергиясы және тағы басқалар.
Департамент тарифтерді бес жыл бойы бірдей деңгейде қалдырған кезде орташа тарифтерді мақұлдай алады, яғни жыл сайынғы өсіммен әр жылы бөлек тарифтерді бекітуге болады. Орташа тариф бекітілген кезде, тұтынушылар үшін де, кәсіпорын үшін де қолайсыздық туындайды. Себебі оны қолданған соңғы жылдары тариф кәсіпорынның іс жүзіндегі шығындарын қамтымайды.
– Соңғы уақытта елордада бағаны көтермеу және әділетсіз бәсекелестік фактілерін болдырмау үшін сіздер қандай шаралар қабылдадыңыздар?
– Өткен жылы 2016 жылдың тамыз-желтоқсан айларында Аи-92/93, АИ-95/96 жанармай мен дизель отыны бағасының көтерілуіне байланысты бірнеше кәсіпорынға тексеру жүргізілді. Онда бәсекелестікке қарсы әрекеттердің белгілері байқалды. Тексеріс нәтижесінде бұл кәсіпорындар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл мөлшері – 217,7 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, 2017 жылы «Астана LRT» компаниясына әуежайдағы тұраққа монополиялық тұрғыдан жоғары баға қоюына байланысты және қызмет көрсету бойынша тексеріс жүргіздік. Тексеріс барысында «Астана LRT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үстеме тарифтері өзгертіліп, 2017 жылдың 1 қазанынан бастап төмендетілді. Тексеріс қорытындысы бойынша біз елорданың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына әкімшілік іс жібердік. Бүгінгі күні сот ісі жүргізілуде. Сол сияқты Ақмола облысы Шортанды ауданының географиялық шекарасында цилиндрде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу, монополиялық жоғары баға белгілеумен айналысатын «Аль-Барс Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де тексеріс жүргізілді. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тартылған аталмыш компанияға монополиялық кірісті тәркілеумен айыппұл салынды. Сонымен қатар 2017 жылдың қазан айында көмір саудасымен айналысатындардың жұмысын тексеруді бастадық. Естеріңізге сала кетейік, осы кезеңде елордада қатты отынның бағасы айтарлықтай өсті. Заңды бұзу фактілері расталса, монополияға қарсы шараларды қабылдаймыз.
– Тұрғын үйлердің коммуналдық төлемдерінің бағасын есептеуде ескі үйлер мен жаңа үйлердің айырмашылығы бар ма?
– Айырмашылық бар. Жылумен жабдықтау қызметіне тариф қарастырылғанда, жылу энергиясын есептейтін үйге ортақ есептеу аспаптарын орнатуға техникалық мүмкіндігі жоқ, тозған. Апатты жағдайдағы үйлерде тұратын тұтынушыларға халыққа қарастырылған орташа тариф қолданылады. Мұндай үйлер 2012 жылдан бастап Астана қаласының Тұрғын үй инспекциясы басқармасымен бірлесе отырып, «Теплотранзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы есепке алынып келеді. Есепке алу көп пәтерлі үйлерге жаппай есептегіш құралдар құрумен байланысты жүзеге асуда. Алдағы уақытта осындай үйлер бұзылып, жойылады. «Теплотранзиттің» соңғы мәліметтеріне сүйенсек, мұндай үйлердің саны 55-ті құрайды.
– Жаңа құралды дайындау туралы хабарландыруларды жиі қолданасыздар ма?
– Нарық субъектісінің қызметінде жосықсыз бәсекелестік, үстеме немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері болса, біз оны тексеріс жүргізбей, бәсекелестікті қорғау саласын заң бұзушылықтар туралы хабардар етеміз. Егер субъект он жұмыс күнi iшiнде хабарландыруда көрсетiлген iс-әрекеттердi жоймаса, монополияға қарсы орган тексеріс жүргiзу туралы шешiм қабылдайды. 2017 жылы оның ішінде тұрғын үй тұтынушыларын бөлшек саудада сату, тасымалдау, қызмет көрсету, бастапқы тұрғын үй сату, зертханалық зерттеулер жүргізу, тамақ өнімдерін сату қызметтері жөнінде 13 хабарлама ұсындық. Хабарлама азық-түлік дүкендеріне таратылды. Субъектілер тоғызын орындап, төртеуі орындалмады. Енді орындалмаған хабарламалар туралы тексеріс жүргізілетін болады.

Сұхбаттасқан
Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button