Тәуелсіздікке 30 жыл

Тарихы терең оқу ордасы

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жоғары көлік және коммуникация колледжі – елорда тарихындағы ең алғашқы арнаулы кәсіби-техникалық оқу орны. Құрылғанына биыл 76 жыл толған білім ошағынан содан бері 35 мыңнан астам түлек түлеп ұшты. Ашылғанда Ақмола теміржол көлігі техникумы болып құрылған оқу ордасының оқытушылар құрамы теміржол саласының тәжірибелі мамандары мен әскери өндірістегі қызметкерлерден құралды. Тәуелсіздік алғаннан кейін колледжде мамандықтар қатары да, олардың түрлері де көбейтіліп, еңбек нарығына бейімделді.

[smartslider3 slider=1043]

Техникум 1945 жылы мамыр айында ашылғанда «Қозғалыс және жүк тасымалдау жұмысының технигі», «Паровоз шаруашылығының технигі» деген екі ғана мамандық бо­йынша алғашқы 120 студентті қабылдады. 1949 жылы оны 105 түлек ойдағыдай бітіріп шықты. Бұл түлектер қазір Отанымыздың әртүрлі саласында, негізінен, теміржолда еңбек етуде. Оқу орнының тұңғыш директоры қызметіне генерал-майор Иван Филларионович Шиманский тағайындалды. Бір айта кетерлігі – теміржол саласындағы оқу орындарының басшылық қызметіне сол кезде, негізінен, әскери саладан тағайындалатын болған. Бұл үрдіс елімізде жетпісінші жылдардың аяғына дейін сақталып келді. Біртіндеп мамандықтар қатары 12-ге жетті. Егемендік алғаннан кейін тағы 4 мамандық қосылды. Сөйтіп қазіргі кезде колледж 16 мамандық бойынша мамандарды даярлайды, оның ішінде жеті мамандық теміржол саласына қатысты.

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында қаладағы кейбір нысандар, мәселен, ат қоралар қайтадан жабдықталып, жатақханаларға айналды. Сол заманның өзінде материалдық жағдайы төмен студенттерге мемлекет тарапынан арнайы ақшалай көмек пен киім-кешек тегін берілді. Техникум сол кезде орталыққа – Мәскеуге тікелей бағынуының арқасында көптеген мәселелерді ұтымды шешіп отырды. Оқу орнын 1968-1977 жылдары басқарған Сапар Мұстафин техникум тарихында алғаш рет ауыл-аймақтардан келген теміржолшылардың балаларына арнап қазақ топтарын ашты. Бұл өз заманында теміржол саласындағы ұлттық кадрлар үлесін арттыруға үлкен септігін тигізді.

Егемендікпен бірге дамыды

Тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамдағы саяси-әлеу­меттік өзгерістер білім нарығына да үлкен әсер етті. Елде көптеген кәсіби орта білім беру ұйымдары нарықтық қатынас өзгеріс­теріне шыдамай жабылып жатты. Біртіндеп колледждің материалдық базасы толық жаңартылды. Әсіресе, әкімдік тарапынан көп қолдау көрсетілді.

– Колледж қайта даярлау және курстарды өткізу арқылы қаржы игерді. Техникумды 1995-2008 жылдары басқарған Жеңіс Жақыпбековтің ерлігі астана 1997 жылы Целиноградқа көшкен сәтте техникумды сақтап қана қоймай, оқу орны үшін жаңа ғимарат талап ете білді. Нәтижесінде колледж осы қазіргі мекенжайға жайғасты. Біздің оқу орнымыз еліміз бойынша ең бірінші болып 2012 жылы дуальді оқытуды бастады. «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Білім және ғылым министрлігі және колледж арасында үшжақты келісімшартқа қол қойылды. Басында дуальді оқытуды 4 мамандық бойынша бастасақ, қазір 6 мамандықты оқытып жатырмыз. Бұрын біз 70 пайыз теориялық білім беріп, студенттерді 30 пайыз ғана тәжірибеге араластырсақ, енді дуальді оқытудың арқасында оны керісінше етіп, практикалық білімді көбейттік, – дейді аталған колледж директоры, Нұр-Сұлтан қаласы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорлар кеңесінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы Зулфухар Ғайыпов.

2008 жылы колледж базасында теміржол мамандықтары бойынша республикалық оқу-әдіс­темелік бірлестігі құрылды. Бірлестікте теміржол мамандықтарына арналған мемлекеттік білім беру стандарттары, ережелер, әдіс­темелік нұсқаулықтар әзірленді. Колледж ­Нұр-Сұлтан қаласындағы оқу орындарының ешқайсысында жоқ, жетілдірілген, жаңа модификациялы компьютер­лік сыныптармен жабдықталды. Білім мен тәрбие беру саласында үздік жетістіктерге жеткені үшін колледж 2012-2013 оқу жылында қала әкімінің «Үздік колледж-2012» грантына ие болды.

Білім нарығындағы жетістігі зор

Жаһандық өзгерістерге қарамастан, колледж ұжымы білім нарығында лайықты орнын тауып, сол бағыттағы жұмыстарын жалғастырып келеді. Білім және ғылым министрлігі, әртүрлі банктер мен халық­аралық институттар жария­лаған жобаларға қатысып, грант жеңімпазы атануда. 70 жылдығы қарсаңында Нұр-Сұлтан мен Алматы, сондай-ақ Қазақстанның басқа 9 қаласынан қатысқан көптеген колледждер сияқты «Институционалды дамудың жоспары» атты жобаны әзірлеуге қатысты. Нәтижесінде колледж «Теміржол жылжымалы құрамдарын жөндеу және техникалық күту» мамандығы бойынша әлемдік банктің грантын жеңіп алды. Гранттан бөлінген қаражатқа оқу орнының материалдық базасы нығайтылып, алғаш рет оқытушылар құрамы Франция, Германия, Чехия, Ресей және Беларусь мемлекеттерінде білімін жетілдіріп, тағылымдамадан өтті. Осы жылдар ішінде колледж Қазақстандағы ірі алпауыт кәсіпорындармен, атап айтқанда, «KEGOC» АҚ, Қазтелеком, Қазавтожол, Астана ЛРТ, Астана РЭК және т. б. мекемелермен бірнеше әлеуметтік серіктестік келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойды.

Мамандықтар қатары молайды

Кейінгі жылдары жаңадан «Жол қозғалысын ұйым­дастыру», «Энергоменедж­мент» және «Логистика» деген үш мамандық ашылды. Сонымен қатар оқу орны білім саласындағы жаңа трендтерден қалыспай, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша алғаш рет «Радио­электроника және байланыс» мамандығына қолданбалы бакалавриат білім деңгейін енгізіп, 25 студентті қабылдады. Мерейтой жылы тағы да екі мамандық – «Электр­мен қамтамасыз ету», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» бойынша қолданбалы бакалавриат лицензиясы алынды. 2018 жылы оқу орны халықаралық аккредиттеуден толығымен өтті.

– 2017-2018 оқу жылында №2 студенттер үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, студенттердің тұрмысы мен оқуына ыңғайлы жағдай жасалды. Қазіргі таңда студенттер үйі интернет жүйесі және кабельдік телеарнамен қамтамасыз етілген. Осы арада Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне ерекше алғысымызды айта кету керек деп санаймыз. Мерейтойда оқу корпусы ғимаратын толық жөндеуден өткізді. 75 жылдық тарихында колледж барлық оқу орындары сияқты көптеген қиын да ауыр сәттерді бастан кешірді. Алайда қиындықтарға қарамастан, әрдайым жетіліп, заман талабына сай өзгеруде. Ұжымдағы шығармашылық рух, игі дәстүрлерді жалғас­тыру, инновацияларды қолдану колледжді алға жетелеп, мақсаттарды орындауға көмектесті. Колледж ұжымы келешекте де республикалық және шетелдің озық оқу орындарымен ынтымақтас­тық қарым-қатынас орната отырып, әлі де талай игі істер атқаратыны анық. Алдағы уақытта бізді көптеген жаңа бастамалар, жетістіктер мен жеңістер күтуде, – дейді З.Сұлтанұлы.

2018-2019 оқу жылында білім мен тәрбие саласында жеткен үздік нәтижелері үшін колледж ұжымы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің «Үздік колледж-2019» номинациясына ие болды. Материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи 3 зертхана ашылды. «Таlap» КЕАҚ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында 2019-2020 оқу жылының қорытындысындағы рейтинг нәтижесінде «Инженерлік өңдеу және құрылыс салалары бойынша» І орынды, ал еліміздегі «10 үздік колледждер» рейтінгісінде ІІ орынды иеленді. Сонымен бірге колледж 2020 жылы «Жас маман» жобасының жеңімпазы атанды. Ал биыл 27 қазанда оқу орны базасында «ENERGY» НСТС құзыреттілік орталығы ашылды. Орталық мақсаты – еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button