Мәселе

Транскрипция дұрыс па?

Өткенде ғана Жетісу, Ұлытау және Абай облыстары құрылып, әкімшілік орталықтары белгіленді. Еліміздегі ауқымды реформалардың жемісі ретінде өмірге келген жаңа облыстар әлемдік БАҚ-тың назарын аудармай қалған жоқ, сол қатарда қытайлық медиалар да тиісінше хабар таратты.

[smartslider3 slider=3021]

Өкінішке қарай, қытай тілді ақпарат көздерінде Жетісу атауы кейде Jietesu түрінде, кейде орыс тілінің фонетикасы бойынша Retesu, ал Ұлытау көбінесе Wuleitao (дұрысы Wulutao болуға тиіс деп білеміз) түрінде жазылғанын байқадық. Бұл ғана емес-ау, кейде орыс тілінің мысы басып, Ақтөбенің Akejiubinsike, Семейдің Saimibalajinsike түрінде таңбаланғанын да көзіміз шалады. Қытай тілді басылымдар мен туристік жарнамаларда, басқа өңірлерді айтпағанда, елорда көшелері мен елді мекендерінің аты да дұрыс транскрипцияланбай жатады. Мұндай жағдайға, әрине, бірінші кезекте орыс тілінің еліміздің ақпарат кеңістігіндегі басым салмағы себеп болғаны айдан анық. Ел тәуелсіздігіне 30 жыл толса да, мемлекеттік тіліміз әлі өз тұғырына қонып үлгерген жоқ, ақпараттық кеңістікте орыс тілді аудиторияның десі басым, үні үстем. Сондықтан алыс-жуық көршілеріміз бізді орыс тілі арқылы танып, біліп жатса таңғалмау керек. Ұят болса да, қалыптасқан жағдай осы. Оның үстіне соңғы жылдары Қытай билігі ортаазиялық тілдер, соның ішінде әсіресе қазақ, өзбек тілдері бойынша кадр даярлауға басымдық бере бастағанмен, маман тапшылығы әлі өзекті. Қытайдың журналистика саласында қазақ тіліне жүйрік мамандар саусақпен санарлық. Сол үшін ономастикалық атаулар бойынша араға ағылшын, орыс тілдерінің «жеңгетайлыққа жүретінін» түсінуге болады.

Әрине, тарихи қалыптасқан ахуалға бір-ақ күнде түбегейлі өзгеріс енгізу мүмкін емес, дегенмен қазақ тілінің көсегесі көгеріп, іс қағаз, бизнес, дипломатия тіліне айналуы, мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық биік деңгейге көтерілуі уақыт еншісіндегі және болмай қоймайтын үрдіс деп үміттенеміз. Үмітсіздік – шайтан ісі…

Мемлекеттік тілдің мүмкіндігін және қытай тілінің әлемдік тіл санатындағы мәртебесі мен әлеуетін, өте-мөте стратегиялық серіктестердің саяси және сауда-экономикалық саладағы байланысының үнемі нығаю үстінде екенін, геосаяси ахуалдың терең өзгерістерге ұшырап жатқанын ескергенде, қазақ және қытай тілдерінің тікелей қарым-қатынас құралына айналатын шағы алыс емес деп болжауға негіз бар. Әрине, ол үшін бірнеше алғышарттар керек, соның бірі қазақ және қытай тілдерінің өзара транскрипциялық жүйе­сін әзірлеу көкейкесті шаруа деп білеміз.

Шынтуайтына келгенде, екі тілдің арасында бірізді және ресми транскрипциялық жүйенің жоғынан баспасөзде ала-құла қолданылып жүрген ономастикалық атаулар аз емес. Мысалы, біздегі ақпарат құралдарында Қытай астанасының Пекин және Бейжің деген екі нұсқасы қатар қолданылып келеді, Үрімжі және Үрімші, Нанкин және Наньцзин, Гонконг және Сянган тұлғаларының да қосағы жазылмай жүр. Ең күлкілісі, қытай иероглифтерімен таңбаланған арғы беттегі қазақы тарихи-географиялық атаулардың бізге адам танымастай болып құбылып жететіні тағы бар: Хоргос (Қорғас), Алашанкоу (Алатау сағасы), Турхун (Тұрғын), Калатункэ (Қаратүңке). Қытайлық танымал тарихи тұлғалардың есімдері де әртүрлі жазылып жүр, мысалы: Мао Цзэдун – Мау Зыдоң; Ху Цзиньтао – Ху Жинтау, т. б. Айтпақшы, ҚР Президентінің есімі де қытайлық БАҚ-тарда кемінде екі нұсқамен жазылып жүр: Kaximu-Ruomaerte және Hasimu-Zhuomaerte.

Мұндай мысалдарды мұрнынан тізе беруге болар еді, бірақ сөзді созбай тоқ етерін айтсақ, әдеби тіл нормасын бұзатын осындай ала-құлалықтың ең басты себептерінің бірі қазақ және қытай тілдері арасында ономастикалық атаулар бойынша транскрипция жасағанда, екі тілдің фонетикалық ерекшелігі мен заңдылықтарын қайырып қойып (мысалы, қытай тілінде де біздегідей ң дыбысы бар, соған қарамастан біз қытай тіліндегі ң-ды – н, ал н-ды – нь таңбасымен белгілеп жүрміз), әлі күнге негізін Никита Яковлевич Бичурин қалап кеткен Палладий транскрипция жүйесін малданатындығымыздан, бұл, жасыратыны жоқ, мемлекеттік тілді орыс тілінің көлеңкесінде қалдыратын оғаш тірлік. Осыны ескеретін сәт жетті.

Біз қазақ және қытай тілдері үшін өзара транскрипцияның жаңа жүйесі жасалуы және осы мақсатта екі елдің тиісті мекемелері тиімді ынтымақтастық орнатуы қажет деп есептейміз. Әрине, қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру мәселесі күн тәртібінде тұрғандықтан, қазақ және қытай тілдерінің өзара транскрипция жүйесін жасауға күн ілгері қамданып, ертерек дайындала бергеніміз өзімізге жеңілірек болмақ, өйткені жазу алмасқанмен, транскрипция жүйесі жасалмаса, қазіргідей кемшіліктер бәрібір жалғасып, сан соғып қалатынымыз анық.

Ерлан МАЗАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button