Руханият

Тұлға мерейтойына тарту

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәди Бәпиұлы және Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық ән байқауларының, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты Ержан Базарбековтің «Тау ішінде» атты үнтаспасының таныстырылымы өтті.

Үнтаспаның «Тау ішінде» аталуы тегін емес. Оған ақын, жазушы, драматург, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің осы аттас туындысымен қатар «Біздің жақта», «Көкшетау» әндері енгізілген. Биыл арда азаматтың туғанына 125 жыл толып отыр. Аталмыш шара оның мерейтойы мен кезінде Сәкен атауын өзі қойған Жаңаарқа ауданының 90 жылдығына арналды.
Сәкен Сейфуллиннің туған інісі Мәжиттің ұрпағы Сәкен Орынбекұлының демеушілігімен жарық көрген дискке жалпы алғанда 17 туынды енгізілді. Соның ішінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай секілді Арқа әншілік мектебі ірі өкілдерінің әндерімен қатар Илья Жақанов, Мұратхан Егінбаев, Мүбарақ Салықов сынды белгілі композиторлардың, әншілігі елге аян бола отырып, композиторлық қырларын да танытқан Жәнібек Кәрменов пен Жақсыгелді Кемаловтың, сөз бен саз өнерін тең ұстаған Қойлыбай Асанов, Ерлан Төлеутай, Аманжол Әлтай сияқты руханият сарбаздарының шығармалары енгізілді.
Қазақстанның халық әртісі, ән дүлдүлі, ұстаз Қайрат Байбосынов кезінде Жүсіпбек Елебековтен тәлім алса, өзі бүгінгі буын әншілерінің талайын тәрбиелеп шығарды. Ержан Базарбеков те оның шәкірті. Осы шараға әйгілі әнші арнайы қатысып, шәкіртіне ақ тілегін білдірді. Осындай ортада арқаланып, «әу» деп жіберді.
Бұған қоса, белгілі математик ғалым, ғылымға өлшеусіз еңбек сіңіргені үшін «Ғасыр адамы» атанған Темірғали Көкетаев, жазушы Кәмел Жү­ністегі, қазақ телевизиясының ардагері Әбдірәлі Бөлебай, әнші, өнер зерттеуші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов, танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, елордадағы С.Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айтұлы қатарлы басқа да азаматтар ізгі лебіздерін жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button