Жаңалықтар

ТҰРАҚТЫ ДАМУЫМЫЗДЫҢ ТІРЕГІ

111

21-22 мамыр күндері VIII Астана экономикалық форумы өтеді. Алқалы басқосуға 90 мемлекеттен үш мыңнан астам адам қатыспақ. Әйгілі америкалық бизнесмен, саясаткер, «Forbes» іскерлік апталығының бас редакторы Стив Форбс аталмыш форумға қатысуға ниет білдіріпті. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар арасында белгілі саясаткерлер, бірқатар елдердің мемлекет және үкімет басшылары, ірі қаржылық даму институттары мен трансұлттық компаниялардың жетекшілері бар.

Биылғы форум тақырыбы – «Инфрақұрылым – экономиканың тұрақты дамуының драйвері». Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне келген Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әсет Ерғалиевтың айтуынша, бұл тақырып бекерден-бекер таңдалмаған. Елбасының «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатында инфрақұрылымның дамуына үлкен мән берілген. Қытай секілді ірі мемлекеттер де инфрақұрылым – экономиканың күретамыры екеніне көз жеткізген.
«McKinsey» компаниясының есептеуінше, Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдік экономиканың өңірлік белсенділігінің орталығына айналады. Бұған Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолының құрылысы оң ықпалын тигізбей қоймайды. Қазірдің өзінде бұл жобаның арқасында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Ал, құрылыс аяқталған соң жол бойында тиісті инфрақұрылым құрылып, оның игілігін көретін халықтың саны молаяды. Әсіресе, еліміздің ғана емес, өзге мемлекеттердің бизнесмендері көл-көсір пайдаға кенеледі. Атап айтсақ, Қиыр Шығыстан теңіз дәлізі арқылы тауар тасымалдауға 45 тәулік кетсе, темір жол арқылы 15 тәулік жұмсалады. Ал, Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолы бұл мерзімді 10 тәулікке дейін азайтады. Тіпті, Қытай – Орталық Азия және Қытай – Ресей учаскелері арқылы тауар тасымалдауға бұдан да аз уақыт кетеді» дейді Әсет Ерғалиев.
Оның сөзіне сүйенсек, форумда бірнеше сессия нақты осыған – «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» тақырыбына арналып, онда өзара тиімді сауда-экономика ынтымақтастығын дамыту жолдары мен шаруашылық әлеуетті көтеру мәселелері талқыланбақ. Бұған қоса Астананы 2030 жылға дейінгі дамыту жоспарының тұсауы кесілмек. «Invest іn Kazakhstan» аталатын инвестициялық форумда шетелдік іскерлер тобына Қазақстанның инвестициялық климаты мен ынталандырудың жаңа пакеті таныстырылып, спикерлер Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына тікелей шетелдік қаржы ағынын тарту мүмкіндіктерін қарастырады.
Биылғы форумның бір жаңалығы – «Жасыл экономика» принциптері негізінде өткізілуі және «ақылды» навигацияның қолданылуы. Мұны Ә.Ерғалиев былай түсіндіреді: «Астанада екі жылдан кейін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетіні белгілі. Бүкіл әлемде «жасыл экономикаға» үлкен мән берілуде. Әрине, біз де одан қалыспауды ұйғардық. Сол мақсатта форумда таратылатын қалам, блокнот сынды материалдардың көпшілігін қайта өңделген өнімдерден жасаттық. Ал, «ақылды» навигацияға келсек, жуық арада шығатын мобильдік қосымшаның көмегімен форум қатысушылары Тәуелсіздік сарайы ғимаратында адаспайды. Сондай-ақ, Астана қаласында баратын жерді оңай тауып алатын болады. Атап айтсақ, оларға әр сессияның басталу уақыты туралы хабарлама жіберіледі». Жалпы, екі күндік форум барысында 30 сессия өткізу жос­парланып отыр. Оларда әлемдік экономиканың болашағына қатысты, мұнай бағасының түсуіне байланысты туындайтын қауіп-қатерлер сынды көптеген мәселелер ортаға салынбақ.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button