Мәслихат

Тұрғындар өтінішіне құлақ асады

Астана қаласы мәслихатының депутаты, мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Кендебай Адамбек депутаттық мандатқа ие болған уақыттан бастап 30 тұрғынға қабылдау өткізіп, өтініштерінің басым бөлігін орындады.

Елорданың көптен бері орталық жылуға мұқтаж болған «Лазурный берег» тұрғын үй кешенін орталықтандырылған жылуға қосылуына атсалысты. Ұлттық биотехнология орталығы тарапынан түскен өтінішке жұмыс тобын құрып, ортақ келісімге келуге көмектесті. Қаламыздағы өтініш келіп түскен өзге де мәселелерді шешіп берді. Соның ішінде аулаларды абаттандыруға, көшелерді жарықтандыруға, жол қауіпсіздігіне арналған құрылғыларды орнатуға және т. б. мәселелерді шешуге көмектесті. Елорданың тұрғын алаптарын көгалдандыруға, жарықтандыруға, жол және кәріз жүйелерін жүргізуге септігін тигізді. «Мектепке жол» бағдарламасы аясында 3 оқушыға мектепке арналған барлық құрал-жабдығы бар портфель сыйлады. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде тыл ардагерлеріне тұрақты көмек көрсетіп келе жатыр.

Кендебай Сарыбайұлы Астана қаласының коммуналдық меншікті тиімді басқару комиссиясына, тарифтік саясат жөніндегі өңірлік кеңестің жұмыстарына белсенді және нәтижелі үлес қосты. Астана қаласы бойынша тексеру комиссиясының жұмыстарына жүйелі түрде қатысты. Мемлекеттік-жекеменшік-әріптестік жобасы шеңберінде қызметтік көлік саласы бойынша және бейнебақылау камералары бойынша жобалардың жүзеге асуына өз септігін тигізді.

Депутат бюджет қаражатын тиімді пайдалану, Астана қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын іске асыру мәселелерін ерекше бақылауда ұстауда. Жергілікті атқарушы органға №1 индустриалды парктің инфрақұрылымын аяқтау және №2 индустриалды парктің жобасын бастау, «Астана кәсіпкерлігі» бағдарламасын іске асыру жөніндегі міндеттерді іске асыруға жәрдемдесуде. Бюджеттік шығыстарды оңтайландырудың, қаланың жүйелі жобаларына қаражатты тиімді пайдаланудың тұрақты бастамашысы болуда.

Кендебай Адамбек елордалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясын басқарады. Өткен жылдың сәуір айынан бастап тұрақты комиссия 20-дан астам жоспарлы отырыс, соның ішінде жария тыңдаулар, көшпелі отырыстар өткізді. Тұрақты комиссияның құрамына 8 депутат кіреді. Оның барлық мүшелері комиссия қызметіне және мәслихаттың басқа органдарына белсенді қатысады. Олар бекітілген өз округтерінің тұрғындарымен тұрақты байланыста, сайлаушылардың оларға келіп түскен өтініштері бақылауда, азаматтарды тұрақты түрде жеке қабылдау жүргізеді. Тұрақты комиссия қызметіндегі басым бағыттардың бірі ретінде алдағы жылдарға арналған қала бюджетін дайындауға және бекітуге басты назар аударады. Жалпы мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының қызметі қолданыстағы заңнамаға, мәслихаттың 2023 жылға арналған регламенті мен жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асады.

Кендебай Сарыбайұлы – Amanat партиясының мүшесі. Партияның Астана қалалық сайлауалды «Халықпен бірге» бағдарламасы жол картасының 10 тармағына жетекшілік етеді. Құжатта халықты жұмыспен қамту, инвестициялық жобаларды тарту, өңдеу өнеркәсібін арттыру, «Бюджетке қатысу» бағдарламасын ұйымдастыру, тағы сол секілді бірнеше тармақтың жүзеге асуын бақылауда ұстайды. Партияның Астана қалалық сайлауалды бағдарламасының жол картасы бойынша 2023 жылы өзіне тиесілі тармақтарды сәтті орындады.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шеңберінде әрбір он мың тұрғынға кемінде 100 жаңа жұмыс орнын құру жоспарын партиямен бірге 51806 жаңа жұмыс орнын құруға көмектесті. Кәсіпкерлікті дамыту аясында 17 нысанды қолданысқа беруге атсалысты. Мұқтаж азаматтарды жалға және несиеге берілетін 1416 пәтермен қамтамасыз етіп, соның ішінде 500 пәтердің жастар үшін сатып алынуына көмектесті. Сонымен қатар 26 көпқабатты тұрғын үйге және 30 жеделсатыға жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етті. Әлеуметтік осал топтары санатына жататын 170 мың адамның қоғамдық көлікте тегін жүруінің сақталуына өз көмегін көрсетті. 400 жаңа қоғамдық көлік сатып алуға, 13 шақырым жаңа көше салуға жәрдем берді. Мәслихаттағы Amanat партиясы фракциясының бақылауымен 3-ЖЭО бірінші кезегінің құрылысы аяқталуына, 96 шақырым газ желілерін жүргізуге өз септігін тигізді.

Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия биыл тоқсандықтарға бөлінген жоспар жасады. Соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру жөніндегі есебін тыңдау, №1, 2 индустриалды парктерінің инженерлік инфрақұрылымын жүргізуге бағытталған қаражаттың жұмсалуының тиімділігі туралы бірқатар маңызды отырысты айтуға болады. Астана қаласының 2025-2027 жылдарға арналған бюджетінің жобасы туралы маңызды құжат қабылдануы қажет.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button