Әлеумет

Түрік маршы

Қандас тұтып, құйрық-бауыр жескен екенбіз, ендеше дос деп, бауыр деп әлдеқашан таныған түрік елінің ахуалы бізді алаңдатпай қалмақ емес. Еуропаның оңтүстігінде роман-германдық ұлттардың арасында ойып орын алып тұрған елдің саяси мазасы болуы әрине, тіпті, мүмкін емес, ендеше соңғы аптада жаһандық хедлайнерлердің басты тақырыбы болған түрік елі, түркі елі туралы сөз саптайық.

Кім кімнің есігін…

Ердоғандық Түркия («Тэтчерлік Англия» деген сияқты Түркияға қатысты сөз тіркесінің дүниеге келетін уақыты әлдеқашан келген сияқты) 2003 жылдан бастап, түріктердің саяси ұпайларын түгендеудің сара жолына түскенін әр қадамынан байқап келеміз. Соғыстан кейін кіріптарлық қамытынан құтылып қана қоймай, аузын айға білегендер санасатын Түркияны Ердоған жасады десек те артық емес. Мәселен, Ердоған тұсында Түркия Еуроодақтың есігін қағуды сап тыймаса да, бәсеңдетті. Бұдан, «кім кімге керек екенін әлі-ақ көреміз» деген саналы әлде бейсана емеурінді түсіну онша қиын емес.

Түркия енді «керек кезде ғана оятатын қомағай баланың» кебінен толық құтылды. Еуропадағы өзінің бұлыңғыр, кей тұстарда түсініксіз рөлін тастап, «осы біз сіздерге неге керекпіз?» деген ашық сұраққа ашық жауабын талап еткендей позицияларда көрініп жүр. Ал олай етуінің жөні бар.

Мысалы, қараңызшы: Түркия – NATO мүшесі, ал Еуроодаққа қабылданбай келеді. Жерорта теңізі мен Қара теңізінде буфферлік аймақтар мен кіріс-шығыс жолдарының қауіпсіздігі керек болғанда, NATO-ға ләм деместен қабылданып, ал экономикалық нанбөліске келгенде қыңырая қалған Еуропаның қатардағы түрік үшін әділ саяси бірлестік болуы мүмкін бе? Немесе, бұрын өзіне бодан болған Балқан түбегінің уақ-түйек мемлекеттерінің барлығы дерлік қабылданған Еуроодақтың, сол құжынаған мемлекеттердің метрополиясы болған – Осман Империясының орталығын қабылдамауы – жаукөздікке бара бар әрекет екені түсінікті.

Әрине, түріктің өте арзан тоқыма өнеркәсібінен (оған қазақстандықтар әбден қанық) қорыққан Еуроодақ турасын айтса жақсы ғой. Бірақ тоңтерістіктің гәбі экономикалық себептер емес. Бірде гректермен жер дауын, енді, міне, армян геноцидін алға тартатын еуропалықтар ортақ табақтан несібе бөліспеу үшін сылтау үстіне сылтау жамап келе жатыр. Сонымен бүгін анау-мынау сабырға қойылған тас мүсіннің де шыдамы таусылатын кезі келгендей ме? Түріктер одақтың қақпасын сығалауды қойып кетті демесек те, айтарлықтай азайтты. Қызығы сол – Еуропа сөрелерін бәрібір Қытай жеңіл өнеркәсібінің тауары басып кетті. Сонымен, оларда да сылтау азайып, тығырыққа тірелгендей.

Ал Ердоған кезеңіндегі Түркия саяси саудаға әбден ысылып қалды. Ендігәрі Түркия – Еуропаның Азия бағытына қойған тегін күзетші емес. Мазасыз Ирак, бүгінгі Сирия, одан қалды жалпы планетаның оңтүстік жарты шары жағынан келетін қауіпті алдын алуға бүгінгі таңда бірдеңе төлемесең болмайды. Және қауқарсыз кездердегідей ымдап-меңзеп, іштен тынатын Түркия енді жоқ: барлық қызметі үшін Еуроодаққа шот көрсетіп жатыр десек артық емес. Бұл, әрине, Еуропаның атқамінерлеріне ұнамай отыр. Сондықтан ба, армян геноциді мәселесі адами трагедия қатарынан шығарылып, өңі әбден айналдырылып, тіпті, парламент деңгейінде мойындап тастады (Франция). Бірақ. Бірақ Түркия мұртын балта шаппағанның кейпімен жүре беруді үйреніп алды. Мұнысы Еуроодақты тағы ызаландырады. Жалпақшешей, сұрамсақ елден айрылғанына көне алмай жатыр. Бірақ, дүние – кезек: Түркияның көрсеткен саяси шоттарын үндеместен төлеп те жатыр. Енді түрік саяси сөз тіркесінде «Еуроодаққа кіру» («Türkiye’nin Avrupa Birliği üyeliği süreci») деген сөздің мәні азайып кетті. «Қабылдасаңдар – қабылдаңдар; қабылдамасаңдар – қойыңдар!» дейді бүгінгі Түркияның сырты саясаттағы сыңайы.

Күрдпен күрт достық

Еуроодақ өзін арағайын, реттеуші ретінде көрсетіп, түріктерді бопсалауға дейін баратын күрд мәселесінің түріктер үшін оңтайлы шешіле бастағаны да кәрі құрлық алпауыттарын бір көзірінен айыратынға ұқсайды.

Біріншіден, әрине, күрдтердің серкесі Абдолла Ожаланның осы жылдың наурызында «біздің күресіміз қарудың үні өшіп, келіссөзге келетін кезеңге келді» дегеннен соң, Күрд Жұмысшы Партиясы сарбаздарының елден кете бастағаны елеулі, үлкен жаңалық болды! Түріктер үшін. Ал одан бейбітшіліктің ақ құсын жасамаса да, азаттық жолындағы ағеденнің образын жасап алған Еуроодақ үшін – саяси ұтылыс. Енді ше, төрткүл дүниеге «көрдіңіздер ме, лаңкестіктің оты маздап-ақ тұр» деп үрей алатын мысал қалмайтын түрі бар.

Екіншіден, түріктер экономикалық сая­сатта әбден мәттақым боп алған сияқты. Мысалы, 14 мамыр күні Түркия Ирактың солтүстігін бақылайтын Күрдістанмен энергетика саласындағы ынтымақтастыққа қол жеткізді. Бейбітшілік пен тұрақтылыққа қадам басқанымен қоймай, көмірсутекке бай Солтүстік Иракқа түрен салу – ондағы дәстүрлі билеушілер – АҚШ пен Ұлыбританияның табағына қол салу деген сөз.

Осы тұста Еуроодақ үшін Түркияның Сириямен кикілжіңі сыныққа сылтау боп тұр. Рас, бұрынғылардай «салмақты» сылтау емес. Әзірге – әлі де дамытуды, саяси негіздемелерді қажетсінетін сылтау.

«Әй, сол керек пе еді өзі?…»

Дағдарыстың үшінші толқыны шарпып, Еуроодақтың бірлік пен ынтымақ идеясының қазығы солқылдап тұр. Дағдарыс көшін бастаған гректерді «отбасымыздың тоңмойыны мен ашқарағы» деуге аз қалған Еуроодақ енді Испания, Италия сынды «нағыз еуропалықтарға» келгенде, айтарға сөз таба алмай отыр. Ал осындай қаржы ауадай қажет тұста одаққа өгей Түркия тағы да өте-мөте қызық қарекет жасап, әлем назарын аудартты.

Осы аптада Түркия Халықаралық валюта қорына 23,5 млрд доллар қарызын толығымен өтеді! Иә, дәл солай. Вице-премьер Әли Бабахан Орталық Банктің компьютеріндегі пернетақтаны өз қолымен басып, соңғы 421 млн доллар қарызды ХВҚ шотына транзакция жасады. Бұл не? Кейбір елдердің небәрі 4 млрд долларға бола мемлекеттілік тағдыры талқыға түсіп жатқан тұста Түркия тіпті қарыз беруші ел боп шыға келді. Соңғы қарызбен қоса, валюта қорына 500 млн доллар несие де берді!

Осы оқиғалардың барлығы соңғы кездері түрік қоғамының Еуроодаққа деген көзқарасын кәдімгідей өзгертіп отыр. Бұрын одаққа кіру – мойындалумен, жетілген ұлттарға тең екендігінің көрсеткіші сияқты болса, қазірде кетеуі кеткен одаққа немкетті, пішту-бәлду көзқарас та қалыптасып қалды.
Сиқыр деуге, сірә, болмас. Мұның барлығы – бауырлас түріктердің ерен еңбегінің нәтижесі екеніне ешкімнің дауы жоқ. Еуропалық мәдениеттен керегінше алып, кейбір тұстарда үйретушіге айналып алған елді болашақта «бесеудің бестігі», «жетеудің жетілігі» сияқты альянстардан көріп қалуымыз ғажап емес. Ғаламдық саясатта түрік маршы басталған сияқты. Дәл Моцарттың жазғанындай «Көңілді марш». Ал, біз тек ақ жол дейміз.

Ерлан ОСПАН

P.S: Әңгімемізде соңғы қайғылы оқиға – Райханлыдағы лаңкестік әрекетті әдейі айналып өттік. Елбасымыз Түркия Президенті Гүлге көңіл айтқан болатын. Онда лаңкестіктің ғаламдық дерт екені айтылған. Ал біз болсақ, Түркия мен алқызыл қаннан тұратын соңғы апта жаңалықтарынан соны көрінуге тырыстық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button