Басты ақпаратҚала тіршілігі

ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ҚҰТТЫ ШАҺАРЫ

Қазақ даласының ұлы перзенті, даңқты бабамыз әл-Фараби өзінің әйгілі еңбегінде қайырымды қоғам, парасатты қала туралы ой толғайды. Оның пікірінше, зиялы­лар басқарған, қайырымды, парасатты адамдар шоғырланған қала парасатты, тұрғындары да бақытты болмақ.

Адамзаттың ой алыбы аңсаған мұндай парасатты, қасиетті, бақытты қала бұл дүниеде бар ма? Ол орындалмайтын утопия ма, әлде бағытымыз бола­тын идеал ма? Қалалар да адамдар сияқты бақытты һәм бақытсыз, қайырымды һәм қайырымсыз бола ма? Аңыз-ертегілердегі небір қиял- ғажайыптардың бүгінде шындыққа айналғаны сияқты, парасатты қала туралы ой-арман да іске асуы мүмкін бе? Қала қайтсе парасатты болмақ?

Біздіңше, қала рухының қандай болмағы ең әуелі сол қаланың тұрғындарына тікелей байланысты сияқты. Тұрғындарының біте қайнасқан тыныс-тіршілігімен, сағыныш-сүйіспеншілігімен, мұң- махаббатымен, қуаныш-қайғысымен, арман-аңсарымен қаланың рухы қалыптасады.

Шығыста адам атына көп мән береді. Баласына жақсы ат қою – мұсылман ата-ананың ең бірінші парызы. Ел арасында аттың адам тағдырына әсер ететіні жөнінде де сенім бар. Қалай дегенде де, азан шақырылып қойылған ат – ата-ананың ой-өрісі мен сана-сезімін, арманы мен талғамын, ақ тілегі мен үкілі үмітін әйгілеп қана қоймайды, ол сонымен қатар баланың қалыптасуына да белгілі дәрежеде ықпал етеді.

Қалалардың ат-атаулары да сондай. Кеңестік қаланың атына қарап оның қандай мақсатта салынғанын және онда көбіне кімдердің тұратынын аңғару қиынға соқпайды. Мәселен, Целиноград. Атауының өзі қаланың тарихы мен тағдырын әйгілеп тұрғандай. Бұл атаудың астарында тек тың игеру ғана жатқан жоқ, одан империяның өктемшіл, отар­шыл пиғылымен бірге ұраншылдық, науқаншылдық, жасандылық сияқты кеңестік кейіпті анық көруге болады.

Кезінде кәдуілгі облыс орталығы болған Целиноград әуелі Ақмолаға, кейін Астанаға айналды. Ал еліміздің бас қаласына қойылған Астана атауы қандай мағына береді?

Көпшілікке белгілі, Астана атауы парсының «астан» деген сөзінен шыққан, парсы тілінде «табалдырық, босаға» деген мағына береді. Әйтсе де, бұл түбір сөз түркі тіліне енген­нен кейін өзінің түпкі мағынасынан түбегейлі ауытқып кетті. Азия, Еуро­па және Африкаға сөзін өткізіп, жар­ты әлемге әмірі жүрген, кезінде Еура­зия кеңістігіндегі ең алып империяға айналған Осман түріктері Стамбул қаласын алғаннан кейін, оны Аста­на, дәлірек айтқанда, «Аситане» деп атай бастады. Біздіңше, Сыр бойынан үдере көшкен оғыздардың ұрпағы «табалдырық» деген мағына беретін бұл сөзді империя астанасы үшін жайдан-жай таңдап алған жоқ еді. Табалдырық – түркі жұртының тәу етіп, қасиет, кие тұтатын орны. Қазақ әлі күнге дейін табалдырықта тұрғызбайды, табалдырықты бастыр­майды, табалдырықтан оң аяғымен аттайды. Ұлт жадысына жатталып қалған бұл сенім сол уақытта мұсылман түріктердің санасында да жаңғырып тұрды. Сондықтан олар үш құрлықты түйістірген, талайларға арман болған Стамбулды қасиетті құт мекенге балап, оны Астана деп атай бастады.

Әрине, Стамбулдың бұдан өзге «Ислам қақпасы», «Бақыт қаласы» деген атаулары да болды. Түпкі мағыналары әртүрлі, бірақ уақыт өте келе бір-біріне синоним сөздерге айналған бұл атаулар тек Стамбулға ғана тән еді. Мәселен, Шам, Бағдат, Исфаһан, Құдыс және тағы басқа шығыстың әйгілі орталықтары Аста­на деп аталған емес. Осылайша түркілік сипат алған астана атауы «бақыт қаласы», «ислам қақпасы», «империяның орталығы» деген жаңа мағыналарға ие болды. Дәлірек айтқанда, алты ғасыр салтанат құрып, шығыс пен батысты үндестірген Стамбул мен астана атаулары егіз ұғымға айналды. Осылайша атау сипаттан есімге ауысты.

Астана сөзінің Осман түріктерінде бұдан өзге тағы бір мағынасы бар. «Қамус-и түрки» деген көне осман­лы тілінің сөздігіне жүгінер болсақ, Астана – әулие моласы, руханият ордасы, дәргәһ деген мағыналар береді екен. Мәселен, Мәулана Жала­леддин Руми негізін қалаған Мәулауи тариқатының орталығы мен әйгілі әулиенің қабірі орналасқан Қония қаласын Осман түріктері «Аситане-иМәулауи» деп атаған. Бұл – Румидің мәңгілік қоныс тепкен жері және Мәулана тариқатының орталығы де­ген ұғымды білдіреді. Ендеше, Астана атауының Ақмоламен сабақтасатын тұсы да бар екен.

Назар аударарлық тағы бір жайт, Ақмола атауы ерте заманда Түркістан жерінен жол тартып, Италияның негізін қалаған етрүсктердің тілінде «тынығатын, дем алатын мекен» деген ұғымды білдірген екен. Ұлы даланың төсінде, шығыс пен батысты жалғаған керуен жолдарының бой­ында қоныстар болған, жолаушылар сонда тоқтап, қонған, түріктер оны мола деп атаған. Қазақ қазір де «елсіз далада адасып қалсаң, молаға қон» деп жатады. Түпкі мағынасынан ауытқығанмен, ел арасында сақталып қалған бұл сөз қазақта ғана қолданылатын сияқты; өзге түрік халықтары оны «қабристан», «зи­рат» «мазарлық» деп атайды.

Сол сияқты астана сөзін де бүгінде тек қазақ қолданады. Мәселен, оңтүстіктегі өзбек бауырлар бас қаланы «пайтахт», солтүстіктегі татар туғандар «пайтехет» дейді. Ал астананы «башкент» деп атайтын түріктердің көбі бүгінде «астана» сөзінің мағынасын түсінбейді де. Өйткені, Осман империясының құлауымен, жаңа республиканың құрылуымен бірге Стамбул өзінің мәртебесінен және астана деген атауынан айырыл­ды. Сондықтан Осман түріктерінің ұрпақтары бүгінде Анкараға «баш­кент» сипатын берген.

Егер Стамбулмен сыңарлас бол­са, бұл сөз қазаққа қайдан келген? Бұған түк те таңырқаудың реті жоқ. Біздіңше, астана сөзін қазақ осы Стам­булдан алған. Біріншіден, қажылыққа сапар шеккен бабаларымыздың әуелі Стамбулға, яғни халифат ор­дасына барып аялдағаны тарихтан аян. Міне, сол қажы болып қайтқан аталарымыздың «астанаға бардым, астананы көрдім» деп айтып келуі әбден мүмкін. Оның үстіне, Қырым, Қазан, Бұхара мен Ташкенттен келетін кітаптар мен басылымдар арқылы да қазақ арасына астана деген сөз етене ене берген. Бұған тағы бір дәлел, елордасын бұрын «пайтахт», «хан ордасы», «орда» деген қазақ Орынборды да, Омбыны да, тіпті, Ташкентті де «астана» деп атаған емес.

Орда – орта деген сөзден шыққан. Байырғы түріктер өз астанасын өзен жағасына және елдің ортасына салған. Ұлан-ғайыр аймаққа иелік еткен бабаларымыз ел астанасын жердің кіндігі деп есептеген.

Тәуелсіздікпен бірге Сарыарқа төріне ту тіккен жаңа астана қазаққа қанат бітірді. Біле білсек, Алашқа арман болған Астана – Хан Кененің аманаты. Бұл ретте Қараөткелде бой көтерген Хан Кененің еңселі, сәулетті, сұсты һәм ойлы ескерткіші талай жайтты аңғартса керек. Осы ескерткіш арқылы қазақтың соңғы ханы халқымен қайта қауышқандай.

Жаңа ғасырдың табалдырығынан аттар тұста қазақ халқы өз астанасын орнатты. Батыс пен Шығыстың ор­тасына, Ұлы Жібек жолының бойына, Еуразия кеңістігінің кіндігіне орналасқан астанамыз өз бойына бүкіләлемдік, жалпыадамзаттық құндылықтарды жия білді. Осылай­ша «табалдырық», «империяның, державаның орталығы», «салтанат ордасы», «шығыс пен батыстың түйіскен тұсы», «бақытты қала», «құтты мекен», «әулие жатқан жер», «рухани орталық» деген сияқты мағыналарға келетін Астана мемлекетіміздің тарихи шешімдер қабылдайтын саяси орталығы ғана емес, руханият ортасына, мәдениет ордасына айналды. Елбасының «Қазақстан – еуразиялық мемлекет, оның жаңа астанасы алып Еура­зия құрлығының географиялық орталықтарының бірі. Тәуелсіз Қазақстанның астанасы етіп Ақмоланы таңдауда маңызы кем болмаған айқындаушы факторлардың бірі – бұл қала келе-келе осы орасан зор құрлықтың қуатты байланыстырушы орталығына айналатындығы еді» де­ген сөздері қазірдің өзінде шындыққа айналып үлгергендей.

Расында, бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналды. Тарих үшін он жыл деген қас-қағым сәт болғанымен, он жылдың ішінде Аста­на әділетті, парасатты істерімен әлем назарын бірден өзіне аудара білді.

Астана – тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігіміздің символы, ұлт бо­лып ұйысуымыздың, жұрт болып жарасуымыздың белгісі. Жаңа астана арқылы қазақ жерінің тұтастығы сақталды, қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Сеңді бұзып, ұлы көшті бастаған астана қазақтың бұйығы тірлігіне жан бітірді, са­насын сілкіндіріп, жүрегіне сенім ұялатты. Жаңа астанамен бірге Ақмола – қазаққа, қазақ шын мәнінде қалалық халыққа айналды. Мәдениет пен өркениеттің қалада жасалатынын ескерсек, Астана ұлттық жаңғыруымыздың да басы. Сондықтан, астананың тағдыры – қазақтың тағдыры, астананың мәртебесі – қазақтың мерейі, астананың табысы – қазақтың жеңісі. Бүгінде әлемге әйгілі болған Аста­на арқылы қазақтың да абыройы асқақтап отыр.

Қала өзінің тұрғындарына ұқсайды. Сарыарқаның сар даласына қоныс тепкен Астана да қазақ сияқты кең, кешірімді, жайдары, бауырмал әрі қонақжай. Сонымен қатар Аста­на жас, қайратты, асқақ, сымбатты, сергек, білім мен дүниеге құштар. Ең бастысы, Астана – азат, еркін ойлы. Кібіртіктемей, кеңінен көсілетін ол кез келген алпауытпен терезесі тең тұрып сөйлесе алады.

Көк түріктер Күлтегін ескерткішіне: «Түрік қағаны Өтүкен қойнауында отырса, елде мұң жоқ. Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың сен. Сонда түркі халқы тоқ» деп, тасқа жа­зып қалдырған екен. Одан беріде әл-Фараби «парасатты қаланы», Асан қайғы «Жерұйықты» аңсады. Бабалар армандаған Өтүкен мен Ергенеқон, ғұлама-ойшылдар аңсаған парасатты қала мен Жерұйық – соның бәрі бүгінде шындыққа айна­лып, Астанамен астасып жатқандай…

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button