Қала мен СалаМәдениет

ТYНДЕГI СYРГIН… ТYС ЕКЕН

Бейсенбі күні «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында «Жаңғақ шаққыш» (Щелкунчик) балетінің премьерасы өтті. Бір ғасырдан астам тарихы бар туындыны елорда сахнасында атақты хореограф Юрий Григорович қойды. Астаналықтарға, әсіресе кішкентай көрермендерге жаңа жылдық тамаша сый болған қойылымның негізінде Э.Гофманның «Жаңғақ шаққыш және тышқандар королі» атты ертегісі жатыр.

Аталмыш балет алғаш рет 1892 жылы Санкт-Петербордағы Мария театрында қойылды. Ал, 1966 жылы Мәскеудегі Үлкен театрда қойылымның жаңа нұсқасының тұсауы кесілді. Оны да сол кезде қырықтың қырқасына жақындаған Юрий Григорович өз көркемдік танымымен ұсынған. Кейін Ресейдің бірнеше театрынан бөлек Австрия, Финляндия, Болгария, Молдова, Чехия, Оңтүстік Корея, Түркия елдеріне алып шықты. Енді, міне, Петр Чайковскийдің ғажап музыкасымен көмкерілген туынды Қазақстанға келіп отыр.

Өн бойында махаббат пен оған қарсы күштер, адалдық пен арамдық секілді мәңгілік тақырыптар шарпысып жатқан классикалық дүние түптің түбінде жақсылық жамандықты жеңетініне тағы да көз жеткізеді. Көрермендерге оптимистік көңіл-күй сыйлап, балғын балалық шаққа жетелейді.

Желісін қысқаша тарқатар  болсақ, балалардың рождестволық балында кішкентай Мариге ойыншықтар тарту етіледі. Солардың арасынан ол ағаш тістері бар Жаңғақ шаққышты ұнатып қалады. Түн баласында Мариге ойыншықтарға қарсы тышқандар шабуылға шыққаны, ал ойыншықтар жағын Жаңғақ шаққыш бастап келе жатқаны көрінеді. Сүйкімді ойыншығын қорғаймын деп Мари тышқандар короліне кебісін лақтырып жібереді. Жаңғақ шаққыш- Ханзада соңғы соққыны жасап, жауды жеңеді. Қаһарман ойыншықтар кеу-кеулеген кеміргіштерді жеңгендеріне қуанып, билеп жатады. Барша жұрт Мари мен Ханзаданың той салтанатына дайындалуда… Бірақ, не болып қалды? Мари өзіне таныс бөлмеде оянды. Жаңғақ шаққыш әлі де оның қолында екен. Бұл бар болғаны түсінде көрген сиқырлы ертегі еді…

«Астана Опера» сахнасында Маридің рөлін Мәдина Баспаева, Әйгерім Бекетаева және Гауһар Усина кезектесіп орындайды. Жаңғақ жаққыш – Ханзаданың рөлінде Бақтияр Адамжан, Дос­жан Табылды мен Тайыр Гатауов көрінеді. Өзге кейіпкерлерді атап өтсек, олар – Арлекин, Коломбина, Жын және Сайтан, Испандық, Үнді, Қытай, Орыс және Француз қуыршақтары атауларын алған.

Бас партияны орындауды баяғыдан армандаған Тайыр Гатауов: «Сырт көзге жеңіл болып көрінгенмен, бұл спектакль өте күрделі, ол бишілерден барын салуды талап етеді. Мен Жаңғақ шаққыш-Ханзаданың рөлін сомдаймын. Кейіпкерім жан-жақты көмекті қажет етеді. Сен «көтергіш кран» іспеттес екі сағат бойы сахнада боласың» дейді өзінің рөлі жөнінде. Мәдина Баспаева да бұл рөлді сомдау балет әртісіне оңай тимейтінін мойындайды.

«Жаңғақ шаққыш» Юрий Григоровичтің «Астана Опера» сахнасында қойған үшінші балеті болып отыр. Мұның алдында мэтр елордада «Ұйқыдағы ару» және «Спартак» балеттерін қойған еді. «Жаңғақ шаққыштағы» Ханзаданың рөлін сомдаған Бақтияр Адамжан бұдан бұрын Спартакты ойнаған еді. Оның айтуынша, жауынгер адамды сомдау оған оңайырақ. Оның сөзінен Ханзада секілді лирикалық кейіпкерді нанымды етіп көрсету үшін біраз тер төккені байқалды.

Театр ұжымы «Жаңғақ шаққышты» сахнаға алып шығу үшін екі ай бойы дайындалыпты. Оған «Астана Операның» декорациялық цехынан бастап, техникалық бөліміне дейінгі барлық қызметтері атсалысты. Бутафорияны дайындаушылар спектакльді қыс көркі – қармен молынан көмкерді. Капрон тордан жасалған қар қапалақтап сахнадан жауып тұрады. Бұдан басқа балеттің мезансценасында арқанға керілген кеме, үлкенді-кішілі зеңбіректер, шартылдақтар, қойлар, желпуіштер көрінеді. Кейіпкерлерге арнап тігілген 22 парик пен 200-ге жуық костюм қойылым салтанатын асырады. 31 желтоқсан күні де көрсетілетін қойылым дүбірі алыс­тап бара жатқан Жылқыға жақсы жылжабар болды.

Премьераға байланысты өткен баспасөз мәслихатында театрдың балет бөлімінің көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев келесі жылғы жоспарларды да айта кетті. Оның айтуынша, келесі жылы «Астана Опера» көрермендері төрт премьера тамашалайды. Олардың екеуі әлемдік классика – «Бақшысарай су бұрқағы» мен «Баядерка» болса, екеуі – «Абай» мен «Қыз Жібек» таза ұлттық балеттері. Сондай-ақ, келер жылдың наурыз айында театр ұжымы Башқұртстанда өтетін Рудольф Нуриев атындағы ХХ фес­тивальге «Ромео мен Джульетта» қойылымын сахналауға шақырылып отыр. Қой жылы Италияның Милан қаласында «Экспо-2015» халықаралық көрмесі өтеді. Осы шараның аясында 30-31 қазан күндері әйгілі «Ла Скала» театрында да «Астана Опера» өкілдері әлем көрермендеріне өнерін паш етеді.

 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button