Білім

Ұлағатты ұстаз жолы

Жаратылыстың адам баласына берген санаулы уақыты ішінде өзінің жарты ғасырдан аса өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Оспан Сүлейменовтің өнегелі өмірінен сыр шертпекпін. Жүзінен нұр шашылып жүретін бұл азаматты замандастары сегіз қырлы, бір сырлы жан деп айтады.

Бала кезінен қазақтың қара домбырасын жанына серік етіп, 11 жасында Ақмола облыстық көркемөнерпаздар бай­қауында «Жас домбырашы» атанған ол жаны сүйген сол өнерді жалғастырып, рес­публикалық, бүкіл­одақтық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы да, жүлдегері де болды.

Ең алғашқы ұстаздық еңбек жолын 1966 жылы өзінің туған ауылы – Ақмола облысы Целиноград ауданы Жаңажолда өзі оқыған Қосқопа сегіз жылдық мектебінде «Ән-күй, сурет және көркемөнерпаздар» үйірмесінің жетекшісі ретінде бастаған еді. Одан кейін 1971 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, білім және мәдениет мекемелерінде домбыра үйірмесін ашып, сабақ берді.

1973 жылдан Қор­ғалжын аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болып еңбек етті. 1979-1984 жылдары ­Венгрия, Чехословакия елдерінің сахнасында қазақ домбырасының құдіретті үнін өнер сүйер қауымға таныс­тыруды бастаған Оспан Сүлейменов – бүгінде қазақтың күй өнерін 50 елдің жұртшылығына тәнті еткен өнерпаз жан. Соңғы 40 жылдың ішінде домбырашы-күйші, сазгер және «Ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі- дирижері» ретінде тәжірибе алмасу мақсатында Украина, Белоруссия, Өзбекстан, Эстония және Ресей қалаларында Бүкілодақтық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Өнерпаз ұстаздың еңбек жолындағы ерекше атайтын жұмысы – 1990-1991 жылдары Целиноград қаласында еліміздегі ең алғашқы «Қазақ ұлттық балалар музыка мектебін» ашуға мұрындық болуы. Бірақ оның бұл игілікті ісіне «ұлтшылдықтың белгісі бар» деген айдар тағылып, ол жұмыстан шеттетілген кезі де болды. Кейде өзімен сырласқан кезде ол маған: «Алла шындықтың, әділдіктің жағында ғой, мен талай сынақтан аман-есен өтуім Алланың көмегімен болса керек» деп ағынан жарылатын. Шын мәнінде, Оспан Сүлейменұлы – ешқашан мойымайтын, ойына алғанын іске асыратын нағыз еңбек адамы. Кейіннен ол осы музыка мектебінің алғашқы директоры болды, балалар музыка мектебі егемен еліміздің құрдасы ретінде өзінің туған күнін Тәуелсіздік күнімен бірге атап өтеді.

Астана туралы ең ал­ғашқы жазылған әндер авторының бірі де Оспан Сүлейменұлы болатын. 1997 жылы газет-журналда жарық көрген «Ақмолам – Астанам» әніне биыл 25 жыл толып отыр.

1996 жылдан бастап Оспан Сүлейменұлы Ақмола облыстық Білім басқармасының білімді жетілдіру ­институтында, қалалық білім бөлімінде бас маман, әдіскер болып жұмыс істеген кезінде қаладағы №16 мектепке ақын Т.Айбергеновтің атын беруге атсалысып, бүгінге дейін сол мектеппен тығыз байланыста жүр. Ақиық ақынның отбасымен және атақты жазушы-ақындар Ә.Кекілбаев, М.Шаханов, Ф.Оңғарсынова, басқа да қоғам қайраткерлерімен кездесу өткізуге бастамашы болды.

Ұлағатты ұстаздың бойы­на, күйшілік, әншілік, композиторлық өнерімен қатар, ақындық та қонған. Көп жыл бойы Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығын зерттеуші ретінде ақын атындағы мұражайда 20 жыл қатарынан «Сыр сандық» жас ақындар клубының жетекшісі болып дарынды шәкірттер дайындады. Шәкірттері Гүлдана ­Набиева республикалық «Абай-Шәкәрім» оқуларында бас жүлде, Мейіржан Сырым «Жыр алыбы – Жамбыл» айтысында бас жүлде алса, М.Мақатаев, М.Өтемісұлы, Т.Айбергенов, І.Жансүгіров атындағы мүшәйра-бай­қауларда жүлделі орындарға ие болды.

Оспан Сүлейменұлы 2014 жылы мұсылманның бес парызының бірі – қасиетті қажылық сапарына барып, «әкпар қажы» атанып келді. 2016 жылы «Ұлық сапар әсерлері немесе риясыз құлшылық» атты қажылық сапары туралы поэмасы жарық көрді. Бұл кітап сұранысқа ие болып, 2018 жылы баспадан екінші рет басылып шықты. Ұстаздығымен қатар, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын Оспан Сүлейменұлы «Елорда билер кеңесі» қоғамдық ­ұйымының мүшесі және Есіл ауданының аға биі болып сайланды.

Қасиетті ұстаз мамандығының беделін көтеруге ерекше үлес қосып жүрген елгезек азамат қазақтың бас ұстазы Ыбырай Алтынсариннің 170, 175, 180 жылдығына орай үлкен іс-шараларды қалалық оқу-әдістемелік орталығымен бірге ұйым­дастырды. «Ұстазға тағзым» атты 2 томдық жинақты шығарушы автордың бірі болды.

Оспан қажының сегіз қырлы, бір сырлы азамат екенін оның тағы бір қыры – суретшілік қабілеті дәйек­тейді. Республикалық байқауларға қатысып 3-дәрежелі диплом алуы, 350-ге жуық мақаласы рес­публикалық, облыстық, аудандық газет-журналдарда жариялануы, бірнеше кітаптың авторы болуы оның қаламгерлік болмысын айғақтайды.

Әріптесім Оспан қажы Сүлейменұлы биылғы 1 ақпанда 75 жасқа толады. Бүгін осындай азаматтың өнегелі өмір жолының кейбір кезеңінен ғана сыр шерттім. Ер тұлғалы, жаны жайсаң, қарапайым, ұлтжанды, айналасындағы адамдарға көмек қолын созуға дайын тұратын, бәріміздің үлгі тұтатын азаматымыз Оспан Сүлейменұлына мерейлі күнің құтты болсын, Алланың берген ғұмырын жасай бер дегім келеді.

Қажымұрат НӘСИҰЛЫ,

ардагер ұстаз

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button