Астана-20Руханият

Үлгіліден ұшқан ұлан

Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жар­лы­­ғы­мен Қазақстан елордасын Ақмолаға көшіру туралы тарихи шешімі қабылданды. Бұл күнде сәулетті де, сұлу шаһар Астана республикамыздың іскерлік қана емес, ғылыми, мәдени орталығына айналып отыр. Содан бері ерке Есілдің бойына елорданы қондырған Елбасының көрегендік ұлы ісіне – бас қаламыздың рухани, мәдени дамуына көптеген ел азаматтары үлес қосып келеді. Солардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайынов та бар. Ол 1992 жылдан бастап С.Сейфуллин атындағы Ақмола университетінің ректоры лауазымына тағайындалып, жоғары оқу орнының басшысы ретінде өзіне сеніп тапсы­рылған міндеттерді мүлтіксіз атқарып, аса тәжірибелі әрі білгір ұйымдастырушы екенін көрсетті.

 

Амангелді Құсайынов Елбасының арнайы тапсырмасымен 1996 жылы құрылған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің тұңғыш ректоры болды. Оның ректорлық қызметі Қазақстан астанасының Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшу, жаңа елордамыз Астана қаласының қалыптасуына байланысты аса маңызды әрі ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Дәл осы кезеңде ректордың қай­раткерлік қыры жарқырай көрінді. Қысқа мерзім ішінде облыстық екі ЖОО-ның базасында университетті құрып, онда таңдаулы профессорлардың жұмыс істеуіне, үздік мектеп түлектерінің оқуына көп күш жұмсады: алғашқы аспирантура мен магистратура, диссертациялық ке­ңестер ашылды, республикалық және ха­лық­аралық конференциялар өтетін болды.
Университет басшысы жас университетте сол кездің өзінде-ақ ресми жаңа Астананың жоғары мәртебелі қонақтарын: ТМД және шетел мемлекеттерінің басшыларын, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларды лайықты қарсы алуды ұйымдастыра білді. Сондай-ақ, Астананың тұсаукесері сияқты көптеген саяси-мәдени маңыздағы көпшілік шараларды ұйымдастыруға, жалпы жаңа елорданың заманауи ұлттық-мәдени келбетін қалыптастыруға қала әкімдігімен бірлесе отырып көп еңбек сіңірді. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев аталған университеттің он жылдық мерейтойына орай сөйлеген сөзінде: «Осы жылдар ішінде жаңа университет өзінің тарихын өнегелі бастамалармен, өміршең істермен жасай білді. Сөйтіп қазір ол іргелі ғылым ордасына, білімнің шын мәніндегі киелі шаңырағына айналып отыр» деген болатын. Елбасы осылай жоғары бағалаған университеттің құрылуы мен қалыптасуына білікті басшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайынұлының сіңірген еңбегі айрықша.
Десек те, қандай кезеңде де тығырықтан шығар жол таба білетін профессордың өмір жолы оңай болған жоқ. Сонау қиын-қыстау заманда дүниеге келген сәттен жазықсыздан «халық жауының баласы» атанса, бұл күнде ерекше қабілеті мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде халыққа жанашыр, қамқоршы тұлға болып қалыптасты.
Өзінің «Өмір иірімдері» атты еңбегінде: «Ауылда «Халық жауының» семьясы болудың қаншалықты қиындығын, азаптылығын, әділетсіздігін тек басынан өткізген адам сезінеді. Қайғы да, қуаныш та өтеді ғой, тек жазықсыз жазаның көңілде зілі, өкініші қалады екен» деп балалық шағындағы ауыр көріністерді көз алдымызға келтіреді. Әйтсе де, автор қуанышынан реніші, бақытты сәттерден гөрі мұңды шақтары өткен туған жерге деген махаббатынан бір сәтте айнымағанын келесі жолдардан анық байқатады.
«Туған жердің өзі түгіл табанға кіретін тікенегі де маған қымбат, мен үшін одан әдемі де, сымбатты да жер жоқ» деп азаматтық позициясын білдіреді. «Мен үшін Үлгілі – өмір мектебім, болашағымның іргетасын қалаған қасиет­ті жер, адамгершілігімнің рухы, жырым­ның да, сырымның да қайнар көзі» деп туған ауылға деген ыстық ықыласын танытады.
Бар байлықтың білімде екенін ертеден сезініп өскен А.Құсайынұлы мектепте үздік оқыған. Кеңес мектептерінде озат оқушыларды дәстүрлі түрде өткізетін пионер, комсомол қатарына «халық жауының баласы» ретінде қабылданбайды. Әділет­сіздікті жастайынан сезінсе де, жігері мұқалмады. Бойындағы әкенің қанымен, ананың сүтімен келген тек­тілігінен танбай, қиындыққа мойымай, өмір жолындағы белестерден жол таба білді.
1956 жылдың күзінде Павлодар педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1962 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде білімін жалғастырады. Педагогикалық училищедегі оқуын бітірген соң арнайы жолдамамен еңбек жолын туған ауылы Үлгіліден бастайды. Мектепте білім беріп қана қоймай, ауыл балалары үшін спорт секциясын ашып, нәтижесінде аудандық спартакиа­да да мектеп оқушыларының жүлдемен оралғанын автор мақтанышпен еске алады. Жалпы, Амангелді Құсайынұлының спортқа деген бейімділігі училище қабырғасында жүргенде-ақ байқалса керек, жаттықтырушысының спорттық жарыстарға қатыстыруы шәкіртіне үлкен сенім артқаны деп білеміз. Сенім ақталды, А.Құсайынұлы 1960 жылы Чита қаласында өткен республикалық жастар құрама қомандасының құрамында болып, спорт шебері атанады. Сол кездің өзінде-ақ, спортты «салауатты өмір салты» деп білетін Амангелді Құсайынұлы университет ректоры болып тұрғанда да қызметкерлерін спорт алаңына жинап, түрлі спорт жарыстарын ұйымдастырып, спартакиадаларға белсене қатынастырып, спортқа ерекше назар аударғанын осы күні әріптестері жиі еске алады.
«Азамат жолы – ар жолы» деп білетін А.Құсайынұлы университет қабырғасында жүргенде Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылып, Вьетнам Халық республикасының тәуелсіздігі жолында өз үлесін қосып, 1965 жылы «Ерлігі үшін» және «Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңудің 20 жылдығына» арналған медальдарымен марапатталады. Университетте оқып жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып студенттердің кәсіподақ бюросын басқарады, студенттердің құрылыс отрядтарына университет бойынша басшылық жасады.
Оқуда үздік, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын патриот-студент университет бітірген соң 1973-1976 жылдары аспирант, аға оқытушы, 1976-1982 жыл аралығында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, 1982-1987 жылдары проректор, 1987-1992 профессор қызметтерін атқарады.
2000 жылдан бастап А.Қ. Құсайынов ҚР-дың Жоғары аттестаттау комитетіне басшылық жасады, мұнда да ол осы бақылаушы органның мәртебесін көтеріп қана қоймай, ғылым саласын бақылау жүйесін құрып, қазақстандық ғылымның дамуына айтарлықтай үлес қосты. 2004 жылдан бастап тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Қ. Құсайынов Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясының президенті болды. Ол Қазақстан қоғамын жаңғырту жағдайында білім беруді жетілдіру бойынша, әлемдік тәжірибе негізінде және ұлттық дәстүр мен құндылықтарды ескере отырып, ғылыми ізденістерін жалғастырды.
А.Құсайынов 2007 жылдан бастап Еуразия гуманитарлық институтының басшысы. Айта кету керек, аталған институт – Астанадағы тұңғыш мемлекеттік емес жоғары оқу орны. Әрине, жоғары оқу орнын құру, оны қалыптастырып, аяғынан тік тұрғызу оңай шаруа емес. Білім саласының белді ұйымдастырушысы А.Құсайынов жұмыстың жүйесін таба білетін білікті маман кадрларымен бірге бар қиындықты артта қалдырып, бұл күнде институтты беделді жоғары оқу орнына айналдырып отыр. Білім саласында жарты ғасырдан астам еңбек етіп келе жатқан ректордың ұстанымы қоғам сұранысын қанағаттандыратын құзыретті мамандар даярлау. Институт саясаты – сапалы білім беру, дайындаған мамандардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету. Осы бағытта өз қызметін жүргізе отырып, жоғары оқу орны педагогикалық бағытта ұстаз мамандықтарын даярлайтын бірден-бір білім ордасы екендігін айта кетуіміз керек. Кезінде Еуразия гуманитарлық инс­титуты аспирантура, диссертациялық кеңес арқылы жоғары білікті педагог-мамандар даярлап, елімізде білім саласының дамуына лайықты үлес қосып келген болатын. Бүгінгі таңда осы дәстүр жаңа жағдайда өз жалғасын тауып, жаңа буын оқулықтарының талабына сай, педагогикалық білім беру бағдарламалары дайындалып, заман талабына сай мұғалім мамандарын дайындау қолға алынған. Мәселен, Астана қаласының бірнеше мектептерінде педагогика, шетел тілдері, қазақ және орыс филологиясы кафедралары өздерінің филиалдарын ашып, мектептерге нақты бетбұрыс жасауда. Мақсат – заман талабына сай мұғалімдерді даярлау. Осы істерге бағыт-бағдар беруші де тәжірибелі ұстаз – институт ректоры А.Құсайынов.
«Тәуелсіздік заманның басты қағидасы ынтымақтастықта» деп білетін басшы шетелдік және отандық жоғары оқу орындармен, ғылыми орталықтармен іскерлік ынтымақтастық орнатып, халықаралық оқу және академиялық ұтқырлық негізінде студенттермен алмасып, машықтанулар өткізуде. Жалпы, жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста болып, тәжірибе алмасудың маңыздылығы зор. Қазіргі жаһандану заманында оқытудың заманауи әдіс­тері, инновациялық технологияларды қолданысқа енгізіп, білім деңгейін халықаралық деңгейге жеткізу басты міндеттердің бірі саналады.
«Қолыңнан келсе, кісіге жақсылық жаса, қиянаттан аулақ жүр» деген ана өсиетін бойына дарытқан Амангелді Құсайынұлы студенттердің жан-жақты дамуына, тіпті әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалардың оқу ақысын жеңілдетіп, алаңсыз оқуларына жағдайлар жасауда. Түрлі мәселелермен алдына кірген студент болсын, институт қызметкері болсын, шаруасын шешіп, жақсылық жасаудан таңған емес. Ең бастысы, айналасына жайлы атмосфера қалыптастырып, алаңсыз оқуға, алаңсыз жұмыс істеуге жағдай туғызып отыр. Бұл күнде ЕАГИ студенттерінің халықаралық, республикалық түрлі олимпиада, ғылыми жоба, конференция, спорттық жарыстардан сырт қалмай, жоғары көрсеткіштер көрсетуі, мемлекеттік емес жоғары оқу орнының да бәсекеге қабілетті, тиянақты, сапалы білім бере алатынын байқатады. А.Құсайынұлының қарым-қабілетінің арқасында 20 жылдан астам тарихы бар аталған оқу орны гуманитарлық сала бойынша кәсіби мамандар дайындап, білім кеңістігінде лайықты орынды иеленді.
Басшы жоғары мектептің ұйымдасты­рушысы ғана емес, сонымен бірге ғалым ретінде оның жетекшілігімен «Отан тарихы» мамандығы бойынша 4 докторлық, 16 кандидаттық диссертация қорғалды. Сондай-ақ, ғалымның, отан тарихы мәселелеріне, ХХ ғасырдағы саяси қозғалыстар, зиялы қауым тарихына арналған 4 монографиясы, 150-ден астам ғылыми жарияланымдары бар.
Амангелді Құсайынұлының қай кезеңде болсын еліміздің білімі мен ғылымының дамуына қосқан ерен еңбегі еленіп, көптеген мемлекеттік наградалармен, атап айтсақ: «КСРО Жоғары мектебінің үздігі», «Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының Грамотасы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды.
Ғылым мен білімнің, жоғары мек­тептің дамуына белсенді атсалысып, Отанымыздың мәртебесін көтеріп жүрген Амангелді Құсайынұлы бүгінде 75-тің белесіне көтеріліп отыр. Осынау мерейлі жасқа абыроймен, үлкен беделмен, же­місті педагогтік, ғалымдық еңбегімен келген ғалымның отбасына амандық, деніне саулық тілеп, мәртебесі қашан да биік болып, ел игілігіне қызмет ете берсін демекпіз.

Қадыр АХМЕТОВ,
тарих ғылымдарының  докторы, профессор

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button