Мәдениет

Ұлт көсемі – Әлихан

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туған күніне орай «Қаламгерлер» аллеясында «Ұлт көсемі – Әлихан» атты шара өтті. Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы ескерткішінің жанына жиналған Парламент Мәжілісі мен қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімдігінің өкілдері, белгілі ғалымдар, шығармашылық иелері, шаһар жұртшылығы тұғырлы тұлғаны, Алаш мұраттарын еске алды. Асылдарымыздың рухтарына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.  

 [smartslider3 slider=2341]

 

Алғашқы сөзді алған Әлихан ­Бөкейханның жерлесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қайырбек Сәдуақасов Әлихан халықаралық деңгейде мойындалған тұлға екенін атап өтіп, ендігі міндет өскелең ұрпаққа Алаш қайраткерлерінің рухын сіңіріп, есімдері мен еңбегін насихаттау керектігін айтты.

– Бізге берілген аманат – осы. Әлихан армандаған мемлекетіміздің іргесі нығайып, абыройы биіктей берсін, – деді Қ.Сәдуақасов.

Әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ардақтыларына көзқарас жақсы жағына өзгергенін айтып, бүгінгі мақсаттарға тоқталды.

– Сең қозғалып, жылымық басталды. Жаңа Қазақстанда тұрып жатырмыз. Былтырғы желтоқсан айындағы Қазақстан мен қазіргі наурыздағы Қазақстан – екеуі екі бөлек. Алаш идеясы қайтадан жаңғырып, халық ояна бастады. 2015 жылдың қараша айында ЮНЕСКО Әлихан Бөкейханды бүкіләлемдік даңқты тұлға деп мойындады. Биыл оның жақын үзеңгілесі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы республикалық, ұлттық деңгейде тойланып жатыр, – деді ғалым.

Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев «Ақжол» партиясының Әлихан Бөкейханды насихаттау шараларына тоқталды.

– Қазақ елі үшін Алаштан басқа ұлттық идея жоқ деп білуіміз керек. Соны іске асыруымыз қажет. Биыл ЮНЕСКО шешімімен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы халықаралық деңгейде атап өтіледі. Алаш үкіметі құрылғаннан кейін халықты ағарту жұмысына ерекше көңіл бөлді. Арнайы комиссия құрып, оны Ахмет Байтұрсынұлы басқарды. Өркениетті елдердің қатарына енеміз десек, саясатпен, экономикамен бірге білімді, мәдениетті, ағарту жұмыстарын өрлетуіміз керек, – деді Мәжіліс депутаты.

Тарих ғылымдарының докторы, міржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметов Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы ұлттың мүддесі үшін бір жұдырық болып жұмылып күрес­кендерін, Ахметтің мерейтойы біртұтас Алаштың, қазақтың тойы екенін атап өтті.

Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов елорда әкімдігі Алаш ардақтыларын ұлықтауға ерекше көңіл бөліп отырғанын айта келе, соңғы екі жылда бас қалада оннан астам ескерткіш ашылғанын атап өтті.

– Мұның бәрі ұлттың ардақтыларын ұлықтауға арналып, қоғам сұранысы мен идеологиялық ұстанымдарға сәйкес жасалып жатыр. «Қаламгерлер» аллеясында Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин ескерткіштері де тұр. Тиісті жұмыстар жалғасады, – деді ­Д.Бабамұратов.

Журналист, Алаш тақырыбына біраз қалам тербеген Серік ­Жолдасбай Әлихан Бөкейхан тұлғасын түрік халқы Ататүрікті құрметтегендей деңгейге жеткізсек дегенді алға тартты.

– Әр басшының кабинетінде ­Әлихан Бөкейханның портреті ілініп, Алашты бойымыз­ға сіңіруіміз керек. Әлиханды лайық­ты тұғырына қондыру қажет шығар. Осыған көп мән беруіміз керек, – дейді ол.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button