2022 - Балалар жылы

Ұлттық дәстүрді ұлықтады

Балалар жылына орай елорданың іргесіндегі «Сарыжайлау» этнографиялық ауылында «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің ұйымдастыруымен «Ашамайға мінгізу» дәстүрі көрсетілді. Тәрбие-тағылымы мол бұл іс-шараның баст­ы мақсаты – ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.

[smartslider3 slider=3575]

«Қазақта ұл бала тәрбиесіне қатысты бұл дәстүрдің орны ерекше. Ұл бала – шаңырақ иесі, ертең елін қорғайтын азамат. Баланы ашамайға мінгізу дәстүрі оның өмірінде жауапты жаңа кезең басталғанын білдіреді. Сондай-ақ қайтпас қайсар, табанды, өнер-білімге құштар болып өсуіне ықпал етеді» дейді «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі жобасының авторы, әрі жетекшісі, «Сарыжайлау» жобасының қосалқы авторы Тұрар Шәкен.

Этнографиялық шараға «Елорда билер кеңесі» қоғамдық бірлестігі өкілдері Өтеген Айшуақов, Оспан Сүлеймен, Жұмашәріп Шаһадатұлы, ардагер ұстаз Қажымұрат Нәсиұлы, «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Үзбен Құрманбайұлы, Өркен Несіпбекұлы, ұлт құндылығын дәріптеуші Қаламшәріп Шаһадатұлы, «Қазақстан дәуірі» газетінің, «Мөлдір бұлақ» журналының және «Елана» сайтының директоры, белгілі журналист Сәуле Мешітбайқызы, қоғам қайраткері, кәсіпкер Қанат Естек қатысты.

Қонақтар «Ашамай тойына» құр қол келмепті. Сәуле Мешітбайқызы күннен қуат алатын шамды, Асанхан Ысқақ ата көне бесікті, Зәкия апа текеметті, Қажымұрат ата қамшыны, Қанат Естек кітаптарын, Айдын Оқаұлы төр көрпелер сыйға тартты.

Ақсақалдар алғаш рет ат жалын тартып мініп, қолына қамшы ұстаған балаға бата берсе, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Құрбандыққа ақсарбас шалынып, құран оқылды. Дәстүрлі ән орындаушысы Дархан Қамашұлы ән шашуымен мереке көркін қыздырды. Келешегінен көп үміт күттіріп жүрген жалынды жас Нұрислам Асқарұлы атты жетектеп жүрді. Жас балалар қонақтардың қолына су қойып, үлкендердің алғысын алды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button