Ел тынысы

Көкөніс көп, қант жоқ

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және Мемлекет басшысының тапсыр­маларын орындау барысы туралы брифинг өткізді.

[smartslider3 slider=3576]

Екеуі де Президенттің өздеріне сөгіс жариялауы орынды болғанын мойындады.

«Айтылған сын өте дұрыс. Қазір сол тұрғыда жұмыс істеп жатырмыз. Қызметіміздің тиімділігін арттыру жөнінде міндет қойылды. Ауыл шаруа­шылығы министрлігімен бірге шараларды пысықтадық. Оның нәтижесін сіздерге де, Мемлекет басшысына да баяндап отырамыз» деді Бақыт Сұлтанов.

«Мемлекет басшысы әділ сын айтты. Жұмысымызда олқылықтар болғанын білеміз. Баяндамамда қант нарығындағы дүрбелеңге объективті де, субъективті де факторлар әсер еткенін айттым. Қазір ахуал­ды түзетіп, жұмысымыздың тиімділігін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр­мыз» деп Ербол Қарашөкеев те Президент сынынан сабақ алғанын айтты.

 Делдалдар саны азаяды

Үкімет алдағы уақытта әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және Президенттің Үкімет отырысындағы тапсырмаларын орындау үшін дағдарысқа қарсы іс-шаралар бағдарламасын қабылдап, инфляцияны төмендетуге қарекет қылмақшы. Ал Үкімет бағаларды тұрақтандыру үшін алдағы уақытта не істейді? Біріншіден, жыл соңына дейін отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін ірі сауда желілеріне өткізуді қолдауға бағытталған заңнамалық бастамаларды ұсынады. Сөрелерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, үстемеақылар шегін реттеу және делдалдар санын азайту жөніндегі шаралар қабылданады. «Qdata» сауда бойынша талдау платформасы ішкі сауданың жай-күйін, инфрақұрылым жүктемесін, импорт/экспорт динамикасын, тауарлар мен қызметтер бағасының өзгеруіне талдау және мониторинг жасап, мемлекеттік органдарды сапалы сараптамамен қамтамасыз етіп отырады. Сондай-ақ бизнес үшін әділ бәсекелестікті қалыптастырады. Ал тұтынушыға қолжетімді бағамен сапалы тауарларды сатып алуға мүмкіндік туады. Осы платформа арқылы Үкіметте өңірлер бойынша тауар қоры, өндіру және тұтыну көлемі туралы бірыңғай ақпарат көзі пайда болды.

Картоп пен пияз арзандады ма?

Бір таңғаларлығы, биыл, өнімдердің молдығына және ішкі нарықта тапшылықтың бол­мауына қарамастан, көкөністер мен қанттың бағасы күрт өсіп кетті. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев картоп пен пияздың құны арзандады деп өз уәжін келтірді. Ол әкімдіктердің берген ақпараты бойынша бүгінде картоп қоры да жеткілікті дейді. Маусым айынан бастап ерте пісетін картопты жинау басталды. Оның көлемі бүгінде 270 мың тоннаны құрайды. Тамыздың бірінші жартысында 7,8 мың тонна жинау жоспарланған. Ерте пісетін картоп өнімінің жиналуы ішкі нарықты молықтыруға және картоп бағасының тұрақтануына ықпал етті. Министр шілденің басынан бері картоптың бағасы 5 пайызға (184 тг/кг-нан 179 тг/кг-ға дейін) төмендегенін мысалға келтірді.

«Картоп бойынша ішкі нарықтың айлық қажеттілігі 153 мың тоннаны құрайды. Қыркүйекте күзгі картопты жинау басталады, оның көлемі 4 млн тоннадан асады. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді және белгілі бір көлемді экспортқа жөнелтуге мүмкіндік береді. Қырыққабат пен сәбіз бойынша да жағдай тұрақты. Яғни ерте пісетін қырыққабат пен сәбіз көлемі күзгі егін жинағанға дейін ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Сонымен қатар тамыз­дың соңғы онкүндігінен бастап көкөніс өнімдерінің күзгі өнімі нарыққа шығады деп күтілуде» деді Е.Қарашөкеев.

Көкөністердің ішінен пияздың бағасы тез өскені мәлім. Қазір базардағы пияздың бір келісінің құны – 230 теңге. Ал Ауыл шаруашылығы министрі пияздың бағасы 220-дан 110 теңгеге дейін арзандады деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Оның айтуынша, ай сайынғы қажеттілік 26 мың тонна болса, бүгінде пияз қоры 35 мың тоннаны құрайды.

«Маусым айынан бастап ерте пісетін пияз жиналуда. Оның жалпы көлемі 90 мың тоннадан асады деп күтілуде, оның 35,2 мың тоннасы жиналды. Шілде айының соңына дейін және тамыздың бірінші жартысында 50 мың тоннадан астам пияз жинау жоспарланған. Соңғы уақытта пияз шығаруға шектеу шараларын енгізу мәселесі талқыланып жатыр, алайда министрлік бұл мәселені қолдамайды. Себебі ерте пісетін пияздың сақталу мерзімі өте қысқа. Сондықтан үш айдың ішінде 90 мың тонна пиязды Қазақстанда толықтай тұтыну мүмкін емес. Оның бұзылып, тұтынушыға жетпей қалу қаупі жоғары. Бұл мәселе ведомствоаралық комиссияда шешіледі.

Министр әкімдерді, Үкімет алаяқтарды кінәлайды

Бақыт Сұлтанов соңғы бірнеше жыл бойы Қазақстанда тұтынылатын қанттың 570 мың тоннасының басым бөлігі 400 мың тоннаға дейін Ресейден импортталатынын мойындады.

«Қант зауыттары отандық қызылшаның маусымаралық кезеңінде қант шикізатын із­деуге мәжбүр, ал бұл биржалық тауар, спот бағамен сатылады, келісімшарт жасалады, тәуекел бар. Көрші елдерден арзан қант келгенде, біздің зауыттардың жұмысына «кедергі» келтіреді, осындай сәтте зауыттар тоқтау­ға мәжбүр болады. Сондықтан соңғы бірнеше жылда тұтынылатын қанттың 570 мың тоннасының басым бөлігі 400 мың тоннаға дейін Ресейден импортталады» деп мәлімдеді ол.

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің пайымдауынша, мәселе шешілуі үшін біз бірінші кезекте зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуіміз керек. Екінші жағынан, демпинг болмас үшін кепілдендірілген сатуды қамтамасыз ету мәселесін Еуразиялық экономикалық одақ алаңында да, ішкі нарықта да қарастырып, нақты бір шешім қабылданғанда ғана іс оңға басады.

«Бұған қатысты Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің нақты пайымы бар: субсидиялардың жалпы көлемі – шамамен 160 млрд теңге. Бұл фермерлердің жұмысына және зауыттар үшін кепілдендірілген сатуды қамтамасыз етуге әкеледі. Салаға шамамен 400 млрд теңге инвестиция салынады деп күтілуде. Жалпы біздің бірінші кезеңдегі міндетіміз – 2026 жылға қарай отандық қант өндірісін отандық шикізаттан 7 есеге дейін жеткізу» деп түсіндірді вице-премьер. Б.Сұлтановтың айтуынша, Қазақ­стан қант бойынша импортқа тәуелді. Қанттың жалпы тұтынудың 7 пайызы ғана отандық қызылшадан өндіріледі, қалған көлемі Ресей Федерациясынан, ТМД елдерінен және шикі қант түрінде, негізінен, Бразилиядан импортталады. Қант саласын дамытудың бірқатар бағдарламасы қабылданып, іске асырылғанына қарамастан, салалық ведомстволар ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін өндірісті ынталандыра алмады.

Министр Е.Қарашөкеев биылғы шілде мен тамыз айларында өзіміздің нарықты қантпен қамтамасыз етуге қанттың қоры жеткілікті екенін мәлім етті. Ал қыркүйекте ше? Тағы да дүкен сөрелерінен қант ұшты-күйлі жоғалады деген сөз.

«Өзім қант жемеймін» деген министр құмшекердің құны 595-600 теңге болуы қажет деген пікірін айтты. Ол қантты әділ бағамен сатпаудың салдарынан дүрбелең туындап, қантқа деген сұранысты шектен тыс арттырып жіберді деп әкімдіктерді кінәлады.

Ал бұған дейін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов қант бағасының өсуіне жекелеген алаяқ кәсіпкерлерді кінәлады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button