Басты ақпаратҚала тіршілігі

Үшінші жылу электр орталығы

Елордадағы ЖЭО-3 2019-2020 жылғы жылыту маусымында пайдалануға беріледі. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының құрылыс, эко­логия, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы жөніндегі тұрақ­ты комиссиясының оты­рысында Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта аталмыш нысан құрылысының 70 пайызы аяқталған. Енді тек қосалқы жабдықтар қажет көрінеді. Дегенмен мамандар бұл жобаға әлі де түзету енгізу керектігін айтады. Нысан жұмысын аяқтау үшін бюджеттен биыл 11,5 млрд теңге бөлініпті. Депутаттардың сөзінше, өткен жылғы бөлінген қаржы екінші ЖЭО-ның жұмысына жұмсалып кеткен.
– Нысандарды іске қосу мен жөндеу жұмыстары жөніндегі конкурстық рәсімдер өткізілді. Бүгінде 4 су жылытқыш қазандық дайын. Енді тек қосалқы жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары қалды. Бірақ бағаның көтерілуіне байланысты бұл жобаға бюджеттік түзетулер енгізілетін болады. Қазіргі уақытта техникалық аудит жұмыстары да аяқталды. Жалпы, 2019-2020 жылдары №3 жылу электр орталығын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді Е.Төлеуов.
Сонымен қатар басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, елорданың жылу энергети­калық кешеніндегі 2006 жылдан бері кезек күтіп тұрған жобаларды жүзеге асыру келер жылдың еншісінде көрінеді. Осы ретте ЖЭО-1 нысанындағы жылу энергиясының күшін ұлғайтатын №1 қазан агрегаты мен қатты отынның атмосфераға бөлетін зиянын азайтуға мүмкіндік беретін 120 метрлік бу құбырын салу сияқты жобаларды жүзеге асыруға қазынадан 6 млрд теңге, ал жылу қуаттылығын 120 МВатт-қа ұлғайтып, оған қоса, 180 Гкал жылу энергиясын беруге мүмкіндігі болатын ЖЭО-2-дегі ең ірі нысан №6 турбинаны аяқтау үшін 10 млрд теңге бөлінген. Ербол Төлеуовтің мәліметінше, 2009 жылдан бері қосымша 1200 Гкал мөлшерінде жылу энергиясын беретін 5 жоба жүзеге асырылған. Жалпы, бас қаланың көлемі жылдан-жылға өсіп келе жатқаны белгілі. Бұл тұрғыда биылғы жылыту маусымында да қаланы толықтай жылумен қамтамасыз ету үшін 4 шақырымды құрайтын магистральді жылу желісінің құрылысына және 1 км желінің жөндеу жұмыстарына бюджеттен 2,7 млрд теңге қаржы аударылған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button