ӘлеуметМәдениет

ЗАМАНЫНАН ОЙЫ ОЗЫҚ БАСЫЛЫМ

ERA_4538

Бұқара  халқы  үшін  түн ұйқысын төрт бөліп, шыбын жандарын шүберекке түйген  ғасыр басындағы  Алаш арыстарының асқақ армандары бүгінде тәуелсіздік таңы болып атты. Сол кезде көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған ұлтымыздың жанкешті тағдырын өз қолы өз аузына жетіп, ес жиған кейінгі ұрпағы  түгендей бастады.

Соның бір айғағы, кеше елордадағы Ұлттық академиялық  кітапханада 1911-13 жылдары  Астрахань және Орал қалаларында жарық көрген еліміздегі қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығаш басылымы «Қазақстан» газетінің 100 жылдығына арналып шығарылған осы аттас кітаптың таныстырылымы болды.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен өмірге келген кітапта тарихымызды танып, өткенімізді әр жүрекке жеткізетіндей орасан зор жұмыстар атқарылған. Әсіресе, жиналғандарға көрсетілген «Қазақстан» газетінің бас­тауында тұрған ұлттың ұлы тұлғалары туралы бейнефильм бойды шымырлатып, жүректі сыздатты.

ERA_4499

Басқосуда «Қазақстан» газеті мен осы газет мақалалары топтастырылған жинақ хақында Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Әлібек Асқаров, тарихшы Ерлан Сайлаубай, Қазақстан Республикасы Парламенті  Мәжілісінің депутаттары Шавхат Өтемісов пен Самиғолла Оразов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ, танымал журналист Тілекқабыл Боранғалиұлы, тағы да басқа адамдар өз ойларын ортаға салып, пікір білдірді.

Қазақ баспасөзінің тарихында алдымен ауызға ілігетін «Түркістан уәлаяты» мен «Дала уәлаяты» газеттерінен «Қазақстан» газетінің басты ерекшелігі патша атқамінерлерінің сойылын соқпаған, демократияшылдығында жатыр.

Екінші айырықша тоқталатын жайт, осыдан тура бір ғасыр бұрын ресми жазбаларда ұлт атауы «киргиз», «киргиз-кайсак» деп бұрмаланып жүргенде, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйрин, Шәңгерей Бөкеев, тағы басқа да  Алаш арыстарының болашақ тәуелсіз, егеменді мемлекеттің атауымен газет шығаруы асқан көрегендік еді. Әрі ұлтын өнер-білімге, ғылым іздеуге шақыруы, адал кәсіп етуді мақсат тұтуға үндеуі бүгінгі күні де еш маңызын жоймаған  мұратты ғаламат идеялар болатын.

Осыдан-ақ, ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерді шешуде ұлт зиялыларының сіңірген еңбектерімен қатар олардың терең ойшылдықтарын,  асқан білімдарлықтарын тануға болады.

Басында газет редакциясы Көлборсыдағы Шәңгерей Бөкейдің  усадьбасында орналасып,  газет Астархандағы баспаханадан басылған. Кейін редакция Орал қаласына көшіріліп, өздеріне шағын  баспахана сатып алады. Басылымның жарыққа шығуына Ғабдолғазез Мұсағалиев, Сейітқали Меңдешев атсалысып, Шәңгерей  Бөкеев пен әзербайжан кәсіпкері Зейнел-Ғабиден Тағиев қаржылай көмек көрсеткен.

Міне, таныстырылып отырған кітапқа осы «Қазақстан» газетінің Санкт-Петербургтегі М.Е.Салтыков-Щедрин атындағы және Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханаларынан  алынып, жинақталған он алты санының түпнұсқа көшірмесі  топтастырылыпты. Бұл туралы «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры, кітаптың редакция алқасының төрағасы Жантас Сафуллин былай дейді:

– Бүгін жұртшылыққа ақжолтай сүйіншілеп, таныстырылып отырған «Қазақстан» газетінің тарихи маңыздылығына байланысты басылым туралы мақала-зерттеулерді жинақ етіп шығарып отырмыз. Зерттеушілердің бірі – 16, екіншісі – 18 саны жарыққа шықты дейді. Біз 16 санын таптық. Кириллицаға аудардық. Жүз жыл бұрынғы жазу стилі қалай болғанын оқырман байқасын деп  мәтіндер газетте қалай жазылса, сол қалпында бердік. Кітапта газеттің түпнұсқа көшірмесімен бірге аудармасы, газетті шығарушылар мен кейін зерттеген азаматтар туралы деректер және зерттеушілердің еңбектерімен осы тақырыпта түрлі басылымдарда жарияланған мақалалар қоса ұсынылды.

Айту керек,  өз заманынан ойы озық басылым алғашқы санында-ақ «… Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет, сол себепті газет – біздің басшымыз, газет – біздің достар алдындағы көркіміз. Дұшпанға қарсы құралымыз, білмегенді көрсететін ұстазымыз. Қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз» деп жар салуы  асқан керемет батылдық  емес пе?!

Олай болса, мұндай құнды жәдігерді аянбай тер төгіп, халық қадесіне ұсынып отырған азаматтарға көпшіліктің алғысы шексіз. Бұл – тарихқа құрметпен қараудың үлгісі, ұрпаққа өткенімізді танытудың ғибратты  жолы екені сөзсіз.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

 

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button