Құқық

Жалған анықтама жасайтын кім?

Бүгінде 086 анықтама қағазы мен еңбекке жарамсыздық парағын сатушылар да, сатып алушылар да көп. Небәрі 7 мың теңге төлесеңіз, деніңіздің сап-сау екендігін дәлелдейтін қағаз да, «ауырғаныңызды» растайтын парақ та табылады.

Осыдан бір ай бұрын ғана осын­дай жалған медициналық құжат жасаған топтың ұсталғаны белгілі. Оларды тінту кезінде 086 үлгісіндегі медициналық анықтаманың 200-ден астам бланкілері, 190-ға жуық санитарлық кітапша, медициналық мекемелер мен дәрігерлердің 80-нен астам мөрі, медициналық анализ нәтижелері, флюорографиялық суреттер, медициналық диагноздар жазылған кітапша және тағы басқа заттар табылған.
Енді Астана қаласының Ішкі істер департаменті бұл мәсе­ле­ні күн тәртібіне қойып, жал­ған құжат жасаушылармен күре­суді мықтап қолға алды. «Жасанды медициналық құжат­тар­ды анықтау және өткізу фак­ті­ле­рінің жолын кесу» тақыры­бында өткен жиынға Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы, прокуратура қызметкерлері, сонымен қатар елордалық медициналық мекемелердің басшылары шақырылды.
Астана қаласы ІІД Анықтау басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асылжан Қалдарбековтің айтуынша, әсіресе ең жиі кездесетін қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірі еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын жасау болып отыр. Жыл басынан бері 121 қылмыс­тық іс тергеп-тексерілген, оның 47-сі сотқа жолданған екен.
Дәл қазіргі уақытта Анықтау басқармасы тағы бір қылмыс­тық істі қолға алған. Полиция қызметкерлері интернет-ресурс сайттарының бірінде қолма- қол ақшаға медициналық құжаттарды ұсыну туралы хабарландыру берген азаматты оқиға үстінде қолға түсіріпті. Енді тергеу үшін тиісті зерттеулер тағайындалған.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Камалжан Надыровтың өзі де соңғы кездері жалған дәрігерлердің қолын, медициналық құжаттары мен мөрлерін пайдаланған деректер жиі орын алып жатқанын жасырмады. Бұл мәселе алдағы уақытта денсаулық сақтау саласына цифр­ландыру жүйесі кеңінен енгізілген кезде шешімін табуы мүмкін. Дегенмен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан мұндай құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан беру туралы арнайы ұсыныс қарастырылуда.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button