Мәдениет

Жалындаған жастар мерекесі

Кеше «Астана» концерт залында елорданың жоғары оқу орнының студент жастары арасында өткен «Jastar Jalyny – 2022» жастар шығармашылық фестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. 

Фестиваль барысында 10-16 қараша аралығында жастар 10 аталым бойынша сайысқа түсті. Аталмыш іс-шараны Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «QAZAQSTAN JASTARY» ҚҚ және Қазақстан студенттерінің Альянсы өткізді.

Жастардың азаматтық және шығармашылық белсенділігін арттырып қана қоймай, дарынды жастарды анықтап, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге шақыратын фестиваль елорданың 14 жоғары оқу орнының басын біріктірді.

Салтанатты іс-шараға қатысып, үздіктерді марапаттаған Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің айтуынша, Астана – саяси әкімшіл орта ғана емес, жастардың да қаласы.

«Елордада 62 мыңнан астам студент білім алуда. Жыл сайын бірінші курсқа 12 мың мектеп түлегі келеді. Астана – жастар қаласы. Оған жоғары оқу орындарының білім сапасы мен жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылып жатқаны себеп. Мәселен, қалада 60-тан астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 11 мыңнан аса студент тұрақты жұмысқа орналасты. «Елорда жастары»  бағдарламасы аясында жылына 200-ден пәтер жеңілдетілген несие арқылы беріледі. Міне, осындай ауыз толтырып айтар мысалдар бар. Ал бүгінгі байқауда негізгі жүлде – дарынды жастар ортасы қалыптасқанында» деді Е.Байкен.

Фестиваль барысында «Медиа», «Заманауи би», «Ұлттық би», «Эстрада», «Музыкалық аспаптар», «Айтыс», «Поэзия», «Сурет салу», «Qazaq Quiz» аталымдары бойынша үздік деген студенттер үшін І орынға – 100 мың теңге, ІІ орынға – 70 мың теңге, ІІІ орынға 50 мың теңге мөлшерінде қаржылай сыйлықтар табысталды. Бас жүлде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне бұйырып, оқу орнына 500 мың теңге сыйақы берілді.

Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті Бекзат Құлшар «Айтыс» номинациясында топ жарып, 1-орынды иеленді. Сондай-ақ «Театр» номинациясына студенттік «Шаңырақ» театрының құрамында болып, 2-орынды алды.

«Жұма күні Жұмабайдың Мағжаны сенген жастар жиналып отыр. Фестиваль жоғары деңгейде, әділ өтті деп есептеймін. Қаламыздың барлық университеттері қатысып, бақ сынады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «балам дейтін жұрт болмаса, жұрт дейтін балам қайдан болсын» деген сөзі бар. Фестиваль аясында өткізіліп жатқан байқау соның дәлелі деп ойлаймын» деді жеңімпаз.

Қазақстан студенттер альянсының атқарушы директоры Азат Теңгебаев кезекті фестивальді республика көлемінде өткізген дұрыс дейді.

– Жастардың достық қарым-қатынастарын жақындастыратын, рухын көтеретін бірлестікте әр облыстың белсенділері бас қосса қандай жақсы. Номинациялар санын да жиырмаға жеткізсек деген ұсыныс бар, – деді ол.

Жыл сайын өтетін «Jastar Jalyny» фестивалі Астананың дарынды, белсенді және мақсаты айқын жастары үшін сүйікті мейрамға айналып отыр.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button