Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Жаман әдет жұққыш па?

Өзбекстандағы шипажайға демалуға барған бұрынғы Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының қазақтың қыз-келіншектерінің асханадағы әрекетіне қынжылыс танытқан жазбасы әлеуметтік желіде үлкен дүмпу тудырды. «Қанша жесең де жететін мол тамақты демалып жатқан қазақтың келін-кепшіктері елдегі әдеттеріне салып, ас ішіп бола салып пакеттеріне толтыра салып жататыны ұялтады. Асхана қызметкерлерінің «Қазақстанда аштық болып жатыр ма?» деп мысқылдап тұрғандарын бірнеше рет естідім. Барған жерінен немерелеріме деп екі-үш түйір кәмпит алатын әжелеріміз бен шешелеріміздің, жеңгелеріміздің ізбасарлары тым ұсақталып кеткені өкінішті» деп жазды Мұрат Бақтиярұлы.

Қазақстанда асқа барса да, қонаққа келсе де, кетерінде дастарқандағы асты жау талағандай сыпырып-сиырып алып кететін бір жаман әдет бар. Көгентүгіп қариялар да «бұл ашаршылық кезінен қалған әдет еді, қарнымыз асқа, иніміз киімге жарыса да осы бір дәстүрімізге жат қылық қыр соңымыздан қалмай келеді. Қазір аш жүрген ешкім жоқ. Алайда қазақ әйелдерді отырған дастарқанын талап әкететін әрекетін қояр емес. Мұндай әрекеттен ұялмайтын еркектер де көбейді. Қонаққа келіп, сый табақтағы жамбасты кеспей, «мынаны немерелеріме апарайыншы» деп үйден ала келген ала дорбасына сүңгітіп жіберетін ақсақалды да; нәзірде күлшеге таласып төбелескен келіндерді де көзіміз көріп жүр. «Бұларыңыз не? Дәм татқан дастарқанды талап әкету қай атаңның салтында бар еді?» десек, «сарқыт» алып жатырмыз деп саңқ ете түседі.

Иә, қазақта сарқыт алатын дәстүр бар. Бірақ ол үйдегі балаларыңның қарнын тойғызу үшін қалыптасқан дәстүр емес. Сарқыт – қазақ қоғамындағы ежелден келе жатқан салттардың бірі. Тойдан, айт мейрамынан ырымдап кәмпит, құрт сияқты дәмнен алып, үлкен кісілер (негізінен, әйелдер) үйдегі балалары мен келіндеріне әкеліп ауыз тигізеді. Сол сияқты үлкен табақтан қалған етті де «сарқыт» деп, оны да жастар үлкен кісілердің жолын, абыройын берсін деп ырым қылып жеген. Бұрын «сарқыт қайтады» деп келіндер үлкендердің табағын әдейі күтіп отыратын. Қазақ салтында сарқыттың ырымдық әрі тәрбиелік дәстүрлік маңызы зор. Демек, «Ол тықыр мен бұл тықыр ұқсамайды», сарқыт алу мен алдыңа жайылған дастарқанды талап әкету мүлде ұқсамайды.

Қазір ешкім аш жүрген жоқ. Кейбіреулер біреудің дастарқанынан алған тамақпен отбасының бір күндік тамағын айырады деп айта алмаймыз. Бұл тек арыдан айтсақ, бәлкім, аштық дәуірден қалған жаман әдет ғана. «Ауру кетсе де әдет кетпейді» дегендей, шетелде жүрсек те тамақты дорбалап жүргеніміз – әне соның көрінісі. Қазақтың ұсақталып бара жатқанының дәлелі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button