Басты ақпаратҚала мен Сала

Жаңа аудан Нұра атала ма?

Астана қаласы ономастика комиссиясы елордада ашылатын бесінші ауданға ұсынылған Нұра атауын мақұлдады. Бас қаланың зиялы қауымы, ғалымдардың қатысуымен өткен бірнеше басқосуда мәселе талқыланып, көптеген ұсыныс арасынан осы атау таңдалды. 

Кеше шаһар Қоғамдық кеңесінің отырысында осыны баяндаған қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жаңа ауданға Қараөткел атауы да ұсынылғанын жеткізді.

– Көпшілік ең жиі айтқан және қаланың тарихына, өңірдің өткеніне қатысты топонимикалық атаулардың ішінен екі негізгі ұсынысты алып шықтық. Комиссияда осы екі ұсыныстың ішінен бір нұсқаға байланысты ортақ мәмілеге келдік, – деді С.Есіркеп.

Соның бірі Нұра атауы екенін айтқан ол «Нұра», «Есіл» сөздері қосарлана жүретінін, Нұра-Есіл арнасы да барын, бұл екеуі «Қос­өзен» деп те аталатынын атап өтті. Әлем мемлекеттерінде және өз елімізде қосарлана айтылатын өзендер атауын келтіре келе, елорданың Есіл ауданына көршілес Нұра ауданы ашылса, мазмұндық жағынан сай келеді деген уәж айтты.

Тағы бір ұсыныс – Қараөткел атауына қатысты бұл осы өңірдің тарихи атауы екенін еске салды. Бірақ айтылуға келгенде Нұра сөзі айтуға жеңіл болғандықтан, ономастика комиссиясы осы атауға тоқтағанын баяндады.

Отырыста Қоғамдық кеңес мүшесі Төлеген Қуанышев жаңа ауданға Ақжайық атауын ұсынды. Ал оның әріптестерінің көпшілігі Нұра атауын қолдады. Енді бұл атау республикалық ономастика комиссиясына жіберіліп, қалалық мәслихаттың сессиясында бекітілуі тиіс.

Басқарма басшысы қаладағы әл-Фараби даңғылы қоғамда біраздан бері талқыланып жатқанын, әсіресе қалалық мәслихатта, Қоғамдық кеңесте бірнеше рет ресми көтерілгенін айта келе, уәкілетті органдармен кеңескендерін жеткізді.

– Біздің ұсыныс – қазіргі Тәуелсіздік даңғылының жалғасы, Есіл ауданындағы № 38 көшені әл-Фарабидің есімімен атау. Бұл болашақта Мәңгілік ел сияқты ірі даңғылдардың біріне айналады. Есіл өзенінде салынып жатқан көпірден басталып, болашақта Қабанбай батыр даңғылына дейін жалғасады. Қазіргі әл-Фараби даңғылы өндірістік аймақта орналасқан. Сол үшін де көпшіліктің сынына ұшырап жатыр, – деді С.Есіркеп.

Қызмет ету кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімін елорда көшелерінің біріне беру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты Есіл ауданындағы «Үркер» тұрғын алабында орналасқан Е-583 жобалық көшені оның атымен атау шешімі жасалғанын жеткізді.

Сыртқы істер министрлігінен Астана қаласында БҰҰ алаңын ашу туралы ұсыныс түскенін айтқан баяндамашы келер жылы наурыз айының басында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің елордаға сапары жоспарланғанын, сол кезде осы алаң ашылуы мүмкіндігін жеткізді.

– Алаң таңдалып қойды. Әлихан Бөкейхан көшесі басталған жерде Тұңғыш Президент орталығына қарама-қарсы орналасқан шағын аллея, – деді С.Есіркеп.

Жиында елордадағы сайлау учаскелеріне енгізілген өзгеріс­тер туралы да ақпарат берілді. Онымен Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Жанасыл Шәукентаев таныстырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button