Қала мен Сала

Жаңа орталық есігін айқара ашты

Бас қалада «Отандастар» тұрғын үй кешенінің ауласында жаңа белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды.

[smartslider3 slider=3322]

 

Салтанатты тұсаукесер рәсіміне қатысқан ­Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ директоры Мұхтар Еркетаев бүгінгі таңда бас қаланың төрт ауданында осы орталықтың төрт филиалы жұмыс істейтінін атап өтті.

– Мұндай орталықтарды көптеп ашудағы басты мақсатымыз – аға буын өкілдеріне рухани қолдау көрсету және олардың денсаулығын сақтауға көмектесу. Егде адамдардың қатарластары кеміген сайын араласатын, әңгімелесіп, шүйіркелесетін кісі таппайтыны шындық. Соны ескере отырып, біз зейнеткерлердің өздері секілді адамдармен көбірек кездесіп, пікірлесуіне жол аштық. Өзара қарым-қатынас – әлеуметтік белсенділікті сақтаудың негізгі шартының бірі. Жұрт бізге әлеуметтену және сауықтыру мәселелеріне көмектесу үшін жүгінеді. Біз сондай-ақ егде жастағы адамдарға жастармен де байланыс орнатуға көмектесеміз. Бұл ретте байланыстырушы жіп үзілмейді. Ал осы тәжірибе ересек жандардың өзара рухани баюына алып келеді» деді КММ директоры.

Орталықтың ашылуы барысында «Отандастар» тұрғын үй кешенінің ауласындағы спорт алаңында цигун тыныс алу гимнастикасы бойынша көрсетілім, сонымен бірге музыкалық концерт өтті. Сондай-ақ шараға қатысушыларға тоғызқұмалақ ойыны үйретілді.

«Бес тармақ» жекпе-жек мектебінің жетекшісі Жанат Тұяқбаев болса зейнеткерлерге арнап сабақ өткізді. Оның айтуынша, цигун жаттығулары мен сауықтыру гимнастикасы егде адамдардың күш жинап, денені нығайтуына, жалпы өмір сүруге деген құштарлығын арттыруға алып келеді.

«Орташа алғанда, алты жерде өткізілетін осындай сабаққа 300-ге жуық қала тұрғыны қатысады. Жыл сайын олардың саны артып келеді» деді Ж.Тұяқбаев.

Оның шәкіртінің бірі – зейнеткер Дәулетбике Сұлтанова. Айтуынша, 73 жаста, ағылшын тілі курсына барып жүр, жақында түрік тілінен сабақ басталады, соған қатысуды жоспарлап отыр.

«Бүгінге дейін үш жыл бойы цигундағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» барып жүрмін, жаныма жайлы, маған ұнайды. Бұл – энергия көзі, дұрыс тыныс алудың кепілі және денсаулықты нығайтудың керемет тәсілі» деді зейнеткер.

Сондай-ақ орталықтың тұсаукесерінде «Сағыныш сазы» фольклорлық-аспаптық ансамблі, «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамблі, сонымен қатар белгілі орындаушылар – Талапбек Қыдырбай, Алмабек Бердіғалиев, Зулейха Ахметова, Алтынбек Бейсембаев, Қаржоз Шпанұлы, Сәрсенбай Шпанұлы сөз сөйледі.

«Сағыныш сазы» фольклорлық-аспаптық ансамблі­нің жетекшісі Күлзағила Барлықованың мәлімдеуінше, аталмыш ансамбль 2009 жылдың желтоқсан айында ашылған. Қатарында 68 жастан асқан 20-дан аса адам бар, олардың бәрі белсенді өмір салтын ұстанады. Олар ән салып, күй шертеді, араларында жыраулар, заманауи эстрада әншілері де бар, барлығы бірігіп концертте өнер көрсетеді. Осылайша шығармашылығын шың­дауға мүмкіндік тудырғаны үшін олар осы орталықты ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

– Бізде 2 мыңнан астам зейнеткер тегін қатысатын 15 үйірме, 2 халық ансамблі бар. 9 маусымда модельдеріміз Таразда «Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығына қатысып, лауреат атанды. Зейнеткерлерді орталығымызға көбірек тарту үшін қызмет көрсетеміз. Сол себепті осы тұсаукесер мен концертті ұйымдастырдық, – деді «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ мәдени ұйымдастырушысы Ләззат Өтеғұлова.

Іс-шара барысында зейнеткерлер ұлттық киімдер көрсетілімін өткізді.

Гүлбаршын Өкешқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button