Мәдениет

Жаңғырған жауһар

Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана Балет» театрында белгілі хореограф Василий Медведевтің редакциялауымен Рикардо Дригоның музыкасына жазылған «Раушан гүлі мен көбелектің романы» атты бірегей балеттің әлемдік премьерасы қойылды.

[smartslider3 slider=1398]

Қазақ ұлттық хореография академиясы Temps lié II кәсіби хореографиялық оқу орындарының халықаралық фестивалін көрнекті балетмейстер Мариус Петипаның «Кішкентай жауһар» аталған спектаклімен ашуының маңызы ерекше. Аталған академияның ректоры Алтынай Асылмұратова әлемдік деңгейдегі балеттің ерекшелігіне тоқтала келіп: «Мариус Петипаның осы соңғы туындысы үлкен театрлар сахнасында қойылмаған, бірақ ол туралы естелік сақталған. Міне, ғасырдан астам уақыт өткен соң көптеген талантты адамның күш-жігерінің арқасында біз осы спектакльді қайта жаңғыртып, көрермен қауымға сыйға тартып отырмыз» деп атап өтті.

Балет либреттосын хореограф Василий Медведев пен Яна Темиз − Иван Всеволожскийдің түпнұсқалық либреттосы негізінде қайта жасаған. Балет хореографиясы іс жүзінде жоғалып кеткендіктен, оны талантты хореограф Василий Медведев елімізде сахналау үшін қайта әзірледі. Оркестр партитурасының авторы, музыкант әрі музыкалық өңдеуші – Дәулет Шәкіров. Қойылымға арналған костюмдерді Император театрларының директоры Иван Всеволожскийдің эскиздері негізінде суретші Наталья Протасова дайындаса, сценография авторы – Жандос Омаров.

Өнерсүйер қауымды қуанышқа бөлеген қойылымға Қазақ ұлттық хореография академиясының ұстаздары мен оқушылары қатысып, ондағы басты партияларды – Камила Шахманова, Хван Амир, Амина Кисембаева, Лимара Айдарова және Алина Зырянова шебер орындады. Қысқасы, эмоциялық әсерге толы тамаша орындау техникасы жас балет әртістеріне сахнада ұмытылмас бейнелер жасауға мүмкіндік берді.

Баян Асылбекова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button