Мәдениет

Жаны сұлу жазушы

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен көрнекті қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлының туғанына 80 жыл толуына орай «Жаны сұлу жазушы» атты еске алу кеші өтті.

Кешті Мәдениет және спорт вице-­министрі Нұрғиса Дәуешов және Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев ашты.

Қажығали Мұханбетқалиұлы өзінің саналы ғұмырында қазақ халқының, Алаш баласының ағарту жолында, тарихымызға қызмет еткенін, тарихымызға қызмет ете отырып, болашақ ұрпаққа үлкен ой салып кеткенін атап өткен министрдің орынбасары қаламгер «Тар кезең» романында қазақ халқының бүкіл болмысын, бойындағы күш-жігерін паш еткенін айтты.

Ерлан Бекмырзаев Астана әкімі Алтай Көлгіновтің сәлемін жеткізді.

– Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақтың белгілі сөз зергері, халқына рухы биік, сүйекті шығармалар сыйлап, өзі де оқырман жүрегінен мәңгі орын алған Қажығали Мұханбетқалиұлының туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдас­тырылған еске алу кешіне қош келдіңіздер! Мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекіл­баев: «Қазақ новелласының үлкен қайраткері» атаған Қажығали Мұханбетқалиұлы – әдебиетте оймақтай оймен үлкен тақырыптарды қозғайтын қарымды қаламгер ретінде танылған жазушы. Қажығали Мұханбетқалиұлының қажырлы қаламгерлігі, биік адами сауаты мен парасаты, көркем әдебиетке тән сөз құдіретін өте жоғары меңгергені кейінгі ізбасарларына үлгі болатынына сеніміміз мол. Тұлғаның туындылары, шынайы образдарға толы шығармалары барда қаламгердің есімі ешқашан ұмытылмайды, – делінген қала әкімінің хатында.

Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Қажығали Мұханбетқалиұлы өзінің тұстастары Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Қойшығара Салғараұлы, Әнес Сарай ­сияқты қазақ әдебиетінің үлкен бір белесі, үлкен бір шыңына айналғанын атап өтті.

– Қажығали ағамыздың шығармашылығының екі қыры бар. Бірі – әңгімелері. Онда өте терең ойлар бар. Екіншісі – «Тар кезең» романы. Бұл – шығармашылығының, талантының толысқан, кемелденген кезінде жазылған роман. Отаршылдық тарихымыз, отарланған тарихымыз толық жазылып болған жоқ. Біз неге осы уақытқа дейін жалтақпыз? Неге қит етсе анда-мұнда қарағыштай береміз? Неге нұсқау күтеміз? Соның бәрі отаршылдықтың қанымызға сіңіп кеткен зардабынан. Оның түп тамыры қай жақта? Отаршылдыққа қарсы кім күресті? Біз үндемей, бағына берген халық емеспіз ғой! Қазақ өзінің ер халық екенін, батыр халық екенін, қайраткер халық екенін көрсетіп баққан. Соның біреуі – Сырым Датұлы. Қажығали ағамыз ол туралы өлмейтін роман беріп кетті, Сырым Датұлын өзінің биігіне шығарып кетті. Сол арқылы өзі де сондай биікке шықты.

Қажығали ағамыз, ұмытпасам, 1994-1995 жылдары өзінің ауылына мешіт салғызды. Ол кезде мешітті екінің бірі сала алмайды ғой. Сонда сол кісіге қатты риза болған едім. Ол өзінің шығармашылығымен ғана ізгілікті, адамгершілікті, имандылықты, басқа да жақсы қасиеттерді оқырманына таратып қана қойған жоқ, әлгіндей үлкен қадам да жасады, – деген Ұлықбек Есдәулет жазушыға кезінде арнаған «Ақындар тағдыры» атты өлеңін оқып берді. Сол күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ағылшын тіліне аударылған «Тар кезең» романының таныстыры­лымы өткенін айтып, «Бұл роман енді әлемнің игілігіне айналып жатыр, дүние жүзіне таралып жатыр» деді. Жазушылар одағы атынан жазушының жары Сұлухан Фатихқызына сый-сыяпат көрсетті.

«Тар кезең» романының ағылшын тіліне аударылуына Қазақ ПЕН-клубы мұрындық болды. Осы клуб президенті Бигелді Ғабдуллин мен шығарманы тәржімалаған аудармашы Саймон Холлингсуорт сөз сөйледі.

Саймон Холлингсуорт қазақ қаламгерлерінің шығармаларын ағылшын тіліне аудару арқылы ағылшын жұртына жаңа, оларға мүлде беймәлім әлемді ашып жатқанын айтты. Өзі тәржімалаған шығармаларды ғажап туындыларға балайтынын жеткізді. Қажығали Мұханбетқалиұлының романы да жауһар туынды екенін атап өтті.

Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік Қажығали Мұханбетқалиұлы шығармаларының ерекшелігі мен адами болмысына тоқталды.

Белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов жазушы туралы естен кетпес, өзіне ыстық естеліктерін жаңғыртты.

Қаламгердің жерлестері атынан сөз сөйлеген Ақтөбе облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова өңірде жазушының 80 жылдық мерейтойына орай қолға алынып, іске асырылған шараларға тоқталды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің доценті Сабыржан Молдаров ықыласын жеткізді.

Кеш барысында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академия­лық филармонияның әншілері Жақсыгелді Маясаров пен Зинат Қасымова, «Қорқыт» этноан­самблі, Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Арыстанбек Алтынбек өнер көрсетті. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры әртістері театрландырылған қойылым қойды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button