Қоғам

Жақсының жолы

«Осы наурыз айының ортасында Астананың алғашқы прокуроры болған, генерал-майор, ІІІ дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі Тоқтарбай Қапанұлы Ержанов мерейлі жасқа толды. Бұрын атын сырттай талай естігенмен, өзін жүзбе-жүз көрмеген ағамыздың еңбек жолы, жүріп өткен өмірі, қызмет еткен ортасы, тағы басқа да мәліметтерді іздеп, мерзімді баспасөз бен әлеуметтік желі беттеріне үңіле бастадық.

Бір байқағанымыз, бұл кісі туралы өте аз жазылады екен, бірақ саз жазылады.

[smartslider3 slider=2495]

Тоқтарбай Қапанұлы – осы Ақмола өңірінің перзенті. Бес­төбе ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек жеткіншек туған жердің қадір-қасиеті мен жусан исі аңқыған сары даланың дархандығын бойына сіңіріп, арманшыл болып ержетті. Содан болса керек қаршадайынан қиялына ерік беріп, әділеттің ақ жолымен жүргісі келді. Заңгер болуды қалады. Сөйтіп жетпісінші жылдардың басында мектеп бітірісімен Алматы қаласындағы С.Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университеті) заң факультетінің табалдырығын аттады. Оны ойдағыдай бітіргесін өмір қыз-қыз қайнаған үлкен қалада қалу мүмкіндігі болып тұрса да қолына дипломын алысымен туған жеріне бет түзеді. Осы бір кезді ол өзі былай деп есіне алады.

«1976 жылы КазМУ-дың заң факультетін бітірдім. Сол кезде әсем де, болашағы зор астанада қызметке қалу туралы ұсыныс түскенімен, туған жеріме оралғым келді. Неге екенін білмеймін, ел, ондағы қарапайым тыныс-тіршілік мені тартты да тұрды. Сөйтіп, өзім туып-өскен өңірге келіп, үлкен өмір жолынан өттім. Көпбалалы отбасымызда адалдық пен әділдік бірінші орында болатын. Сондықтан да болар, өз жүрек қалауымен прокурорлық қызметті таңдадым. Бұл жерде, әрине, әке тағылымын айтпай кетуге болмас. Әкем Қапан – Ұлы Отан соғысының ардагері. Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданынан өткен жауынгер. Қызыл Жұлдыз, 2 дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерінің иегері әкем Қапан 78 жасында өмірден озды. Ол Ленинград қоршауын бұзуға қатысқан. Шайқаста ауыр жарақат алып, сол бестөбелік жерлесі, майдандас досы Федор Мельниктің арқасында аман қалыпты. Ол әкемді ұрыс алаңынан арқалап алып шыққан көрінеді.  Олар өмір бойы бір-бірімен дос, тіпті туыстай болып кетті.

 Мен де диплом алған соң әке салған сара жолмен еліме оралдым. Қатардағы тергеуші болып прокурорлық қызметті бастадым. Осылайша, Ақмола облысы Мариновка ауданында бес жыл жұмыс істедім. Мұндайда алғашқы тергеген іс естен кетпейтіні белгілі. Ол үмітсіз істер санатынан болатын, кәсіби тілмен айтқанда, «бос әурешілік» еді. Ел ішінде бір атай жоғалып кетеді. Оны іздеп жүрген кезде, ауылда біреулер оны вокзалдан көріпті-міс деген қауесет тарады. Сонымен ешкімге сыйыса алмайтын қарт басқа жерге кетті деп бұл іс жабылып қалған. Бірінші тапсырылған іс осы еді. Жабылған істі қайта қозғадым»…

Өзі айтып отырғандай, осы іс ол кезде жас тергеушінің болашақ өміріне жарқын жол ашқандай болды. Көбі мұндай күрмеуі күрделі бас қатыратын, қиын шаруаға бара бермейді. Ал ешнәрседен қаймықпастан жақында ғана түрмеден шыққан адамды іздеп тауып, онымен бетпе-бет жолығу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Сондағы мақсаты – жасалған ауыр қылмыстың бетін ашу еді. Табандылықпен қолға алған ісі оң нәтиже беріп, жіптің бір ұшы қолына іліккендей болды. Әрі оны аяғына дейін алып шықты. Тергеу үдерісінің барлық қағидалары сақталып жүргізілген іс Тоқаң үшін өте маңызды да тағылымды болды.

Кейін ол облыстық прокуратураның тергеу бөліміне ауысты. Одан кейін Шортанды ауданында он жыл прокурор қызметін атқарды.

 Тоқтарбай Қапанұлы елорда Алматыдан Арқа төсіне қоныс аударған кезде Астананың алғашқы прокуроры болды. Әркім де астанасына қарап бой түзейді. Ол кезде асқан жауапкершілік жүктелетін осындай лауазымға тек уақыт сынынан мүдірмей өткен, тәжірибесі шыңдалған салиқалы басшыны ғана қоятын. Осы талаптарға ол кісі толық сай келіп, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін де, адамдармен тіл табыса алатын кішіпейілдігін де көрсете білді. Сөйтіп ол бұл қызметті 2001 жылға дейін атқарды.

Оның өмірде өз ұстанымы, өз көзқарасы бар. Құқық саласында жүрген адамның денсаулығымен бірге моральдық-психологиялық тіні мықты, отбасылық жағдайы алаңсыз жұмыс істеуге болатындай қалыпты болу керек деп ойлайды. Өзі де қарауындағы адамдарға барынша жағдай жасауға тырысады. Әсіресе, жастардан ағалық ақылы мен қамқорлығын аямайды. Тоқаңның қамқорлық қанатының астында өмір көшін түзеген талай жандар жылы лебізін білдіріп жатады.

Жақсы дәстүр, тәлімді тәрбие – ұрпаққа үлгі. Тоқаңның перзенттері де шетінен жоғары білім алып, еліне елеулі халқына қалаулы азаматтар қатарында әке жолын  жалғап келеді. Ұлы Дәурен Тоқтарбайұлы еліміздің Бас прокуратурасында жауапты қызмет атқарса, қызы Әсем нотариус қызметінде жемісті еңбек етуде.

Ал Тоқтарбай Қапанұлы қазір ұлын ұяға, қызын қияға қондырып,  мәуелі бәйтеректей немерелерінің ортасында зайыбы Тұрсынай екеуі бақытты ғұмыр кешуде.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button