Сараптама

Шындықты өзек етті

(қаламгер Табыл Құлыястың рухына)

 Өмір қас-қағым сәт екен… Тәкең екеуміз 55 жыл отасқан жылдарымды ойласам, көзді ашып-жұмғандай өте шығыпты.

[smartslider3 slider=2497]

Адам баласы өмірдің бұралаңдаған қиын жолдарынан аман-есен өтіп шығу үшін күресіп жүргенде өлшеулі уақыттың бітіп қалғанын сезбей қалады екенсің. Табылдың сәбилік, балалық шағы күрделі, қиын кезеңдерде өткен. Екі жасында әкесі «халық жауы» атанып, жазықсыз атылып кетсе, жеті жасында асырап алған әкесі қайтыс болады. Одан кейінгі өмірі қорғансыздың көрген күні болған. Жанашыр жан таба алмай қиналғанын, аштықтың азабын қалай тартқанын, түнейтін бұрыш таба алмай, жасырынып келіп түнде мектепке қонып жүргенін, оқу ісінің меңгерушісі байқап қалып, интернатқа орналастырғанын қинала еске алушы еді. Балалықтың бал дәуренін көрмей, 6-7 жастан өмірдің басқа түскен ауыртпалығын сезініп өскен бала сол сынақты көтере алмай, теріс жолға түсіп кетуі де әбден мүмкін еді. Бірақ пенде Алланың жіберген сынағынан қаншалықты сүрінбей өтсе, соншалықты сый-сияпат алатын сияқты. Олай дейтінім, өмірінің басында сондай алапат қиындықтардан сүрінбей, жығылмай өтіп, өмірге деген құштарлық, сергектік, жігер, қажымас қайрат сияқты ізгі қасиеттер Табылдың бойынан табылатын.

86 жыл ғұмырының 70 жылдан астам уақытын қазақ журналистикасына арнаған кезінде оның осы қасиеттеріне таңғалатынмын. Ізденімпаздығы ғаламат еді. 1984 жылы отбасымызбен Одесса қаласына бардық. «Жылына бір рет алатын кезекті демалысыңда дұрыстап демалсайшы» дегеніме қарамастан, Одессаның мұражайына кіруге рұқсат алып, ізденді. Нәтижесінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, Талғат Бигелдиновтің досы, ұшқыш Алексеенконы тауып алып, сұхбат алды. Елге келгеннен кейін «Жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір» деген көлемді мақаласын сол кездегі «Социалистік Қазақстан» – қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде жариялады. Жарияланған сұхбатын Алексеенко ақсақалға жіберіп, ризашылығын алғаны есімде. «Бұл саяси жағынан да мәні зор» деп тауып алғанына қуанып еді. Шындыққа қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін салатын. Күн-түн демей ел аралап ізденуші еді.

1970 жылы Торғай облысы ашылғанда, Тәкең Қазақ радиосы мен телевидениесінің Торғай облысындағы меншікті тілшісі боп бекітілді. Сол жылдары ол Торғай даласының әр түкпірін жаяу жүріп аралады десем артық болмас. Әсіресе, бұрынғы облыс орталығы – Қостанай шаһарынан шалғай жатқан – таза қазақтар мекендеген Жангелді, Амангелді аудандарының еңбеккерлерін республика деңгейінде насихаттау үшін аянбай еңбек етті. Ауыл шаруашылығы, механизаторлар, өнер саласының мамандарын дәріптеп, бірнеше деректі фильмдер, концерттік бағдарламаларды таспаға түсірді. Сол кездегі ауа райының қаталдығына, көліктің аздығына қарамастан, қаншама рет иен далада боранда қалып, өлім аузынан қалса да тез ұмытып қайтадан кірісіп кететін.

Табылдың мәнді-мағыналы очерктерінің кейіпкерлері, әр салада еңбек ететін адамдар туралы республикалық радио-телевидение, баспасөз беттерінде үзбей жарияланып тұрды. Сонымен қатар өмірдің көлеңкелі жақтарын да қалт жібермеуші еді. Әсіресе, жемқорлықпен жаны қас болды. Сол кездегі жемқорлық қазіргі кездегімен салыстыруға келмесе де, халыққа қиянат жасағысы келгендерді аямай сынайтын. Оған өткір фельетондары мысал. Талай шектен шыққандарды орнына қоя білді және олар сол кездің талабы бойынша жазаланып отырды. Тіпті жеке басына қиындық туатынын біле тұрса да, алған бетінен та­йынбай, ашық жазатын. Сол жылдары «Кесілген бұрым», «Сауда сақал сипағанша», «Қоңыраулы күлкіграмма» сатиралық кітаптары жарық көрді. Қоғамдағы келеңсіз жағдайларды сатираның өткір тілімен сынап жазды.

1980-1982 жылдары «Жебе» атты сатиралық журналын шығарды. Ол республиканың көлемін қамтитын үлкен сатиралық киножурнал еді. Ресейдің «Фитиль» журналының баламасы ретінде болатын. Көп еңбекті, тіпті жанқиярлықты талап ететін дүние болды. Бірақ Тәкең батыл кірісіп, 1980 жылдардағы ірі өндіріс орындарына жіберілген қателіктерді сынға алды. Ол керемет, ерекше жылдар болды.

Қасиетті Торғай жерінің жаңарып, гүлденуі барша қазақ баласына құлшыныс, жігер берді. Торғай даласында ол дер шағында келіп, шығармашылығының өрлеу жолында көп жетістіктерге жетті деп ойлаймын. Көне Торғай топырағы қасиетті де, киелі ғой. Ол елді толғанбай жазу мүмкін емес. Халқымыздың сүйікті ұлдарының бірі Өзбекәлі Жәнібеков сол жылдары идеология хатшысы болып келді. Сол кісімен бірге жүрген кезеңдер Тәкең үшін бір мектеп болды. Сол кісінің халқына деген сү­йіспеншілігін, адалдығын көріп ризашылықпен: «Алаш арыстарының тұяғын көргендей болдым» деуші еді. Иә, ол керемет жылдар еді.

Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы нәубет Тәкеңді өмір бақи толғандырып келді. Сол аштық – қазақ халқын жер бетінен жойып жібере жаздаған зұлмат. Сол бір зобалаң кезеңнің ұрпағы болғандықтан ба, жазықсыз атылып кеткен әке тағдыры ма, әйтеуір жазған еңбектері оқтын-оқтын баспасөз беттерінде жарияланып тұратын. Еліміз егемендік алғаннан бастап Тәкең осы тақырыпқа терең бойлап, нақтылы фактілермен жазып, келер ұрпаққа тапсырсам деген мақсатпен Ресей мұражайларын айлап отырып ақтарып, молынан дерек жинады. Мемлекеттен қаржылық көмек болмаған соң, өзінің қаржысына 5-6 жыл бойы еңбектеніп, «Қан кешу», «Қырғын», «Қанжоса ғасыр» романдары дүниеге келді.

Қай жанрда жазса да, әділдік пен шындықты шығарманың өзегі етіп алып, сол жолдан таймай, өрліктің туын жоғары ұстап өтті.

Сөзімді Табылдың немересі Жиембетке арнаған «Өмірге ода» өлеңімен аяқтаймын.

Бүріп алып кеудені,

Тіліп жатса басынған.

Жамандықты көп көрдім,

Қатыгездеу ғасырдан.

Қара жерде қан жұтып,

Қасіретпен жасыған.

Ойлыларды кісендеп,

Елден, жерден қашырған!

Аяғыңды аңдап бас,

Келе жатқан жас ұлан!

Өткен күнге салауат,

Үлгіні алғын асылдан!

Ұрпаққа жазып қалдырам,

Өткеннің бәрін басымнан.

Тіл безеген адаммын,

Ой кезеген жасымнан,

Жамандыққа төзбеймін,

Жақсылықты көздеймін.

Қаламды алсам қолыма,

Кереметтей ашынам!

 Күләш МАХАНОВА, қаламгердің зайыбы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button