Басты ақпарат

ЖАРҚЫН БАЙЛАНЫСТАР ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Испания Корольдігі Үкіметінің төрағасы Мариано Рахоймен кездесті.

Кездесу барысында екі ел арасын­дағы экономика, инвестиция, көлік, өнеркәсіп, энергетика, мәдениет төңірегіндегі ынтымақтастық мәселесі кеңінен талқыланып, стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту жайы сөз болды.
Испания – Қазақстанмен стра­тегиялық серіктестік туралы құжатқа қол қойған екінші еуропалық ел. Мемлекетіміз тәуелсіздігін алғалы бері екі ел арасындағы жарасымды байланыс үзілген емес.
– Біз Испания Корольдігінің қол­дауы мен ықыласын ұдайы сезініп келеміз. Қазақстанға сапармен келген Испанияның бұрынғы премьер-министр­лерімен әрдайым достық қарым-қатынаста болдық. ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесін өткізуге арналған конкурста да Испания бізге тілеулес болды, – деді Мемлекет басшысы.
Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы туралы маңызды шешім Испания астанасы – Мадридте қабылданғаны белгілі. Оның республикамыз үшін символдық мәні ерекше екендігін атап өткен Елбасы екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім әрі қарай дами беретініне сенім білдірді.
Қазақстанда Испанияның ірі компаниялары және 70-тен астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Біз Үкіметтің қызметі арқасында Испанияның экономикалық дамуы қалпына келе бастағанын және ор­нықты деңгейге шыққанын көріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің жылы лебізіне алғысын білдірген Мариано Рахой мырза екі ел арасында қалып­тасқан жарқын байланыс жалғаса беретінін айта келе, мұндағы табысты жұмыс істеп жатқан бірлескен компаниялар екіжақты түсіністіктің айқын көрінісі екендігін атап өтті.
– Испания мен Қазақстан арасында бұрыннан жақсы қарым-қатынас орныққан. Сәл кейінірек мен сізге Аса Мәртебелі Испания Королінің өз қолымен жазған хатын тапсыратын боламын. Біздің компанияларымыз мұнда шын мәнінде өте та­бысты жұмыс істеуде. Бірлескен қыз­метке атсалысу ниетімен Испания кә­сіпорындары өкілдерінің қалың тобын өзіммен бірге ерте келдім. Біздің елде қазіргі күні оң нәтижелер көріне бастады. Осы тоқсанда экономика саласында сәл өсім бар. Жұмыссыздық мәселесі де оңтайлы шешіліп келеді. Келесі жылы ахуал тіптен жақсарады деген үміттеміз. Біз ауқымды реформалар жүргізуді жалғастыра береміз, – деді Испания Үкіметінің төрағасы.
Келіссөздер барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Испан тарапына екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде болған испандық азаматтарға қатысты Мемлекеттік мұрағаттан алынған материалдар көшірмесін тапсырды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button