Қала мен Сала

«Жастар практикасы» – тиімді бағдарлама

«Жастар практикасы» бағдарламасы – арнаулы және жоғары оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамту мәселелерін шешудегі бірден-бір жол. Оны әкімдік қалалық Жұмыспен қамту орталығы арқылы ұйымдастырады. Бұл бағдарлама жастардың өз мамандығы бойынша практикалық тәжірибе жинақтауына жол ашып, келешекте тұрақты жұмыс орындарына орналасуына мүмкіндік береді.

[smartslider3 slider=3512]

Елордада жастарды қолдау бағытында көптеген шара жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, соңғы уақытта оқу бітіріп, диплом алған жастардың мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына көп көңіл бөлініп келеді. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Жұмыспен қамту орталығы жастарды жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Айжан Усаева баяндап берді.

– «Жастар практикасы» өткен үш жыл ішінде оқуын аяқтаған және 29 жастан аспаған, алған кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арнайы арналған. Бұл бағдарлама бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие. «Жастар практикасының» ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жұмыссыздардың жалақысын қаржыландыру еңбек шартына сәйкес 12 айдан аспайтын мерзімде жүзеге асырылады, – деді А.Усаева.

«Жастар практикасына» қатысушылардың бірі – Айбек Ахметов.

– «Жастар практикасы» жобасына қатысу арқылы жұмысқа орналастым. Жұмыс беруші кәсіби білімі мен жұмыс тәжірибесін үйрету үшін тәжірибелі қызметкерлер қатарынан тәлімгерді бекітті. Бүгінде мамандығым бойынша жұмыс істеп жатыр­мын, – деді Айбек Ахметов.

Айжан Усаеваның айтуынша, өткен жылы «Жастар практикасы» аясында бас қалада 914 түлек жұмысқа орналасты, оның ішінде 284 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

– Биыл «Жастар практикасына» 998 адам қатысады деп жоспарланып отыр. Бүгінде 2022 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша, елордадағы білім беру ұйымдарының 259 түлегі «Жастар практикасына» қатысуда, оның ішінде ЖОО түлектері – 200 адам, колледж түлектері – 59 адам.

Жұмыс берушілердің өздері жобаға үлкен қызығушылық танытуда. Осылайша «Жастар практикасын» ұйымдастыруға 1996 жұмыс орнын ашқан 436 жұмыс беруші қатысуда, – деді  Жұмыспен қамту орталығының жастарды жұмыспен қамту бөлімінің басшысы.

Бөлім басшысының айтуынша, «Жастар практикасынан» өту кезеңі жұмыссыздың еңбек өтіліне сәйкес есептеледі. Бұл ретте «Жастар практикасына» қатысушыға, экология­лық үстеме­ақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып, кемінде 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айлық жалақы төленеді.

Түлектердің көпшілігі практика өткен ұйымда жұмыс істеуге қалады. Көп нәрсе үміткердің өзіне байланысты. Егер ол жастар тәжірибесі барысында өзін танытып, жұмысқа тез кірісіп кете алған болса, оған тұрақты қызметкер ретінде қалуды ұсынады.

Жалпы, Жұмыспен қамту орталығы қаладағы бірқатар ұйыммен келісімшарт жасасады. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелер, түрлі компаниялар бар. Алдымен оқу бітірген жастардан қай ұйымға тағылымдамаға барғысы келетіндері сұралады және тілектерін ескере отырып, олар белгілі бір ұйымға тәжірибеден өтуге жіберіледі.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button