Мәдениет

«Жастар» театрында «Асауға тұсау» қойылымының сахналанғанына 10 жыл

Өнер кеңістігінде дара жолымен танылып, халықаралық, республикалық  театр фестивальдерінде үздіктер қатарынан көрінген Жастар театрындағы У.Шекспирдің  «Асауға тұсау»  комедиясының қойылғанына 10 жыл толып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz  театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Спектакльдің режиссерлері – ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрқанат Жақыпбай, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері  Бекболат Құрманғожаев және Дәурен Серғазин. Шығарманы қазақ тіліне аударған – Мұхтар Әуезов. Спектакльдің алғашқы премьерасы 2013 жылдың желтоқсан айында өткен.

«Асауға тұсау» – асау қызды ауыздықтау емес, кіршіксіз махаббатты шынайы түсінуден тұратын ерлі-зайыптылар арасындағы адал достықты жыр етеді. Сөзі өткір, өр мінезді Петруччио мен тапқыр әрі ақылды тентек Катарина екеуінің әзілді қақтығыстары қыз бен жігіттің айтысындай өте тартымды. Әзілқой Грумио, жылпос Транио, жұмсақ мінезді Баптиста тағы басқа Кейіпкерлер мен орындаушылар: дің мінез-құлқы жалынды жастардың актерлік шеберлігіне ұласқанда, сахна көңілді көріністерге тола түседі.

Жарасымды қалжыңымен баурап, көркемдік құдіретімен еліктіре түсер шығарма режиссердің ұтымды шешімімен сахнаға шықты. Оқиға көңілді музыка мен орындаушылардың пластикалық шеберліктерінің арқасында көркемдік тұрғыдан жаңа белеске көтерілді.

«Асауға тұсау»10 жылдық тарихында бірқатар белестерді бағындырды. Атап айтқанда, С.Майқанованың 100 жылдығына арналған XXII Республикалық драма театрлар фестивалінде «Ең үздік спектакль» – Гран-при, Түркі халықтарының ХІІ «Наурыз» Халықаралық драма театрлар фестивалінде Арнайы диплом (Татарстан, Казань, 2015), ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақстан –Еуразия жүрегі» атты Орта Азия елдерінің VI Халықаралық фестивалінде (Талдықорған, 2016) І орын, Қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі – 2017» халықаралық фестивалінде (Түркістан, Шымкент, 2017) «Ең үздік спектакль» – Гран-при жүлдесі, «Үздік әйел бейнесі»(актриса Айнұр Рахипова), «Қойылымдағы ұтымды бейне»(актер Әділ Ахметов) жүлделері берілді. Сонымен қатар VI Халықаралық «ART-ORDО» театр фестивалінде (Бішкек, 2017) «Үздік режиссер», ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «ТеатрАLL-2021» Халықаралық театрлар фестивалі (Астана, 2021) «Үздік қойылым» – Гран-при жүлдесі, «Үздік эпизодтық ер адам бейнесі»(актер Жандәулет Батай) марапаттарын алды.   «Жастар» театрында қойылымның 10 жылдығына орай «Асауға тұсау» 28 ақпанда сахналанады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button