#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Жастарды ел ісіне баулу – маңызды мәселе

«Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар» екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында атап өткен еді. Жастар саясатын жаңғырту – елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформаның негізгі бағытының бірі. Бұл бастама көпшілік қолдауына ие болып отыр. Өйткені болашаққа алаңдайтын әрбір саналы адам жастар саясатына бейжай қарамауы керек. Осы орайда 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтардың әлеуметтенуі және рухани, мәдени, білім беру, кәсіби және физикалық тұрғыдан толыққанды дамуы үшін барлық қажетті жағдайды жасау маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде белсенді жастардың мемлекеттік қызметке келуін ерекше атаған еді.

«Еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда екені баршаға мәлім. Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет» деді Президент.

Жұмыссыз жастар азайып келеді

Республика бойынша жастар қаласына айналған қаланың бірі – Астана. Бүгінде елордада 440 мыңнан астам жас тұрады. Қолға алынған әр бастамада олардың табыс деңгейін көтеру, несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен білім алу мүмкіндігін кеңейту – маңызды міндеттің бірі. Бас қала жастары үшін бұл міндеттерді қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен бірлесіп орындап, мемлекеттік жастар саясатын тікелей жүзеге асырады. Басқарма 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтардың жұмысқа тұруына, цифрлық са­уатын арттыруға, инновациялық және кәсіпкерлік қызметін жандандыруға жәрдемдеседі. Бұған қоса, жастардың мүдделері мен қажеттіліктері негізінде түрлі жоба мен бағдарлама қолға алынды. Қоғамның көкейкесті мәселесіне айналған жастардың жұмыссыздығы әртүрлі жоба аясында жүйеленіп келеді.

Астана қаласы Статистика департаментінің дерегінше, еңбекке қабілетті жастар саны – 298 мың, оның ішінде жұмыс істейтіндер – 286 мың, жұмыссыздар – 12 мың. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров мәлім етті. Басқарма басшысының айтуынша, жастардың жұмыссыздық деңгейі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 0,6 пайызға төмендеген. Жастарды жұмыспен қамту бойынша әкімдікпен бірнеше бағдарлама жүзеге асып жатыр. Оның ішінде «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және т. б. бар.

Астана қаласы Статистика департаментінің дерегінше, еңбекке қабілетті жастар саны – 298 мың, оның ішінде жұмыс істейтіндер – 286 мың, жұмыссыздар – 12 мың

Университет не колледж бітіргеннен кейін жұмыс орны қандай да бір тәжірибе сұрайды. Мәселен, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасып, қолға 100 мың теңге көлемінде жалақы алуға болады. Тәжірибеңіз жүреді, сондай-ақ, белсенді болып, өзіңізді көрсетсеңіз, сол жерде қалу мүмкіндігі де бар. «Жастар практикасы» 6 айдан 12 айға дейін және «Алғашқы жұмыс орны» 12-ден 18 айға дейін ұзартылды. Кәсіп ашып, ісін өрге домалатамын дейтіндер үшін еңбек мобильділігі орталығымен бірлесіп басқарма тарапынан жас кәсіпкерлерді қолдау және оқыту жұмысы жүргізіледі. Мысалы, қазіргі таңда жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға грант бөлініп, шағын несие беріледі.

Жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі тоқсан сайын өтіп келеді. Осы уақытқа дейін олар Жастар сарайында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да және Есіл университетінде өтті. Кезекті жәрмеңке қазанның 24-іне жоспарланған. Жастардың жұмыссыздығын төмендетуде әсіресе еңбек етуге не оқуға құлқы жоқ NEET санатындағы жастармен жүйелі жұмыс қажет. Олардың санын мейлінше азайту мақсатында бірқатар іс-шара қабылданды. NEET жастарының үлесі ІІ тоқсан қорытындысы бойынша 6,1 пайыз немесе 25 мың адамды құрады. Бұл санаттағы жастарды әлеуметтендіру мақсатында «Жас жігер» жобасы ұйымдас­тырылады.

Тегін көмек береді

Астананың 4 ауданында жастарға қызмет көрсету орталықтары қызмет көрсетеді. Орталыққа елордалық жастар өзін толғандырған түрлі мәселе, сұрақ бойынша жүгіне алады. Мұнда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары, жұмысқа орналастыру, жастар бастамаларын қолдау, волонтерлік қызмет мәселелері бойынша тегін заңгерлік және психология­лық кеңес беріледі. Жастарға қызмет көрсету орталықтары 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Іс-шаралардың негізгі бөлігі Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жоспар шеңберінде өтеді. Орталыққа келіп түскен өтініштердің 90 пайызы тұрғын үй және жұмысқа орналасу мәселелерімен байланысты болды. 2022 жылы мұнда 10 мыңға жуық жас кеңес алған.

Орталықтарда елорда әкімдігінің «Астана жастары» КММ-нің қызметкерлері жастардың бос уақытын тиімді өткізу бойынша, Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналастыру бойынша және «Отбасы банк» АҚ тұрғын үйге қатысты консультация береді. Орталықтағы қызметкерлер кәсіптік бағдар беру қызметін көрсетумен шектелмейді, келушілер тігін тігу, ағылшын тілін үйрену, музыкалық аспаптарда ойнау секілді курстардан өте алады.

Астанадағы жастарға қызмет көрсету орталықтарының мекенжайы:

– Есіл ауданы: Қабанбай батыр даңғылы, 58Б, 1-қабат;

– Байқоңыр ауданы: Алаш тасжолы, 34/5, 1-қабат;

– Сарыарқа ауданы: Бейбітшілік көшесі, 9, 2-қабат;

– Алматы ауданы: Абылай хан даңғылы, 31, 2-қабат.

Одан басқа, Астанада «Жетім балалар мен ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балаларға арналған мекеме түлектерін интернаттан кейінгі сүйемелдеу және бейімдеу» жобасы аясында консультативтік орталық жұмыс істейді. Орталық Абай даңғылы, 92/3 мекенжайында орналасқан.

Жастар түрлі бастама арқылы жұмысқа орналасып қана қоймай, заман талабына сай сұранысы бар маман иесі атана алады. Бұл бағытта елордада «Joltap» жобасы биылдан бастап қолға алынды. Жоба аясында «Баршаға мүмкіндік» атты 10 модульдік пункт ашылып, мұнда елорда тұрғындары мемлекеттік қолдау іс-шаралары және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес алады. Оқыту тегін. Қатысушыларға оқу аяқталғаннан кейін сертификат беріледі. Түлектердің түйіндемесі «Jumys tap» Telegram ботында жарияланады.

Бүгінде жоба арқылы 177 қатысушы «жол тауып», таргетолог, SMM, видеограф, маркетплейс, мобилограф, графика дизайнері, веб-дизайнер (сайттарды әзірлеу) мамандықтары бойынша білімін жетілдірді. Сан түрлі саланың ішінен жаңа мүмкіндіктер әлеміне жол ашатын және еңбек нарығында артықшылыққа ие 7 цифрлық дағдыны жастарға үйрету – негізгі мақсат.

Кәсіп бастауға – 1 миллион теңге

Әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы халықтың осал топтарын, NEET санатындағы жас қазақстандықтарды қол­дауға бағытталған «Zhas Project» жобасы республика бойынша басталды. Жоба жастарды қоғамдастықтың әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға және нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етуге көмектеседі.

«Zhas Project» Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕ АҚ тапсырысы бойынша іске асуда. 2022 жылы бұл жоба Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау, Түркістан облыстарында қанатқақты режимде іске асты. Биыл жоба республикалық маңызы бар барлық өңір мен қалада іске асуда. Астана қаласындағы жобаның орындаушысы – «Қазақстандық даму қауымдастығы» ЗТБ ұйымының әртүрлі бағыттағы 30-дан астам жобаны іске асыруда тәжірибесі бар. Бұл туралы елорданың коммуникациялар қызметі алаңында аталмыш қоғамдық ұйымның атқарушы директоры Анар Битебаева мәлімдеді.

– Еліміз бойынша «Zhas Project» жобасы аясында жастардан өтінім 9 қазаннан бастап 22 қазан сағат 23:59-ға дейін қабылданады. Конкурс шеңберінде Астана қаласына 20 шағын грант бөлінеді. Өтініш беруші конкурсқа қатысу үшін тек бір әлеуметтік жобаны ұсына алады, – дейді А.Битебаева.

Жоба арқылы биыл 280 жас кәсіпкер мемлекеттен грант алу мүмкіндігіне ие болды. Басымдық әлеуметтік осал топтағы және 18-35 жас аралығындағы азаматтарға беріледі. 1 миллион теңге қаржы бірінші кезекте бизнес-жоспар құруға және кәсіпті сапалы таныстыруға жұмсалады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button