Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

Алашшыл Қожамбердиндер неге қудаланды?

Саяси қуғын-сүргін құрбаны ветфельдшер Хұсайын Қожамбердин (1888-1956) мен Хасен Қожамбердин (1909-1972) туралы алғашқы деректер «Қазақ» газеті мен С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романында кездеседі. Бұл мәліметтер ағайынды Қожамбердиндердің бүгінгі ұрпақтары мен Астана қаласы мемлекеттік архивінде сақталған маңызды құжаттармен толықтырылады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссия жұмысының аясында іске асырылған ізденіс жұмыстарының бір бағыты Ақмола өңірінен шыққан азаттық жолындағы күрескерлер, соның ішінде топтық тұлғаларды анықтау болды. Зерттеу нәтижесінде патшалық, алаштық және кеңестік жүйеде де ұлт мүддесіне қызмет еткен ағайындылар анықталды. Айталық, ағайынды Әділевтер (Байсейіт, Дінмұхамед, Әбубәкір, Әбуәли, Асқар, Жолдасбай), ағайын­ды Нұралиндер (Барлыбай, Олжабай, Төлебай (Барлыбайұлы) және ағайынды Қожамбердиндер (Хұсайын, Хасен). Осы уақытқа дейін алдыңғы екі ағайындылар туралы біршама жазылды. Олардың Алаш қозғалысынан бастау алатын белсенді қызметі кәмпескелеу кезінде Ақтөбе, Атырау өңіріне жер аударылуымен, одан кейін ашаршылыққа ұшырауымен, ақырында қудалауда жүріп оққа ұшқаны бар, қайтыс болғаны бар, түрмеге қамалғаны бар, бірігіп, бас қосқан бір рудың бас көтерер азаматтарының барлығы дерлік саяси қуғын-сүргін құрбандарына айналды.

Солардың қатарында болған ағайынды Қожамбердиндер де Алаш қозғалысына қатысқан. Мысалы, «Қазақ» газетінің 1917 жылғы №228 санында «Жаңа хүкіметтің жиылыстар һәм союз­дар туралы қаулысы» жарияланады. Осы қаулының соңында Жалпы мұсылман съезіне кеткен бір топ қазақ өкілдерінің аты-жөндері берілген. Барлығы 20 адам, солардың ішінде Ақмоладан – Әбубәкір Даулыбаев пен Хасен Қожамбердин, Байсейіт Әділов, Олжабай Нұралин, Әділхайыров, Құрманғали Қосшығұлов, соңғы кісі өз қаржысымен, қалған алтауы Ақмолаға қараған 47 болыстан, болыс басы 100 сомнан, 4700 сом қаржымен кеткен. Мұнда Хасен Қожамбердин Ақмола облысы бойынша жасалған тізімнің бас жағында тұр. Бұдан олар да ағайынды Әділевтер, ағайынды Нұралиндер сияқты Ақмола өңіріне белгілі азаматтар болғанын, Алаш қозғалысына қатысқанын және оның белсенді мүшелері болғаны айқын. Ал Хасеннің ағасы Хұсайын туралы қызықты мәліметтерді С.Сейфуллин береді. Оның айтуынша, Ақмолада Совдеп құрылғанға дейін Хұсайын Ақмола уездік Қазақ комитетінің мүшесі болған. Одан кейінгі шым-шытырық оқиғаларды Хұсайынның 1932 жылы түрмеде отырып жазған өтініш хаты мен оған қоса тіркелген өмірбаянын білуге болады. Ал соңғы деректер «Ortalyq Qazaqstan» сайтында жарияланған ағайынды Қожамбердиндер ұрпағының естеліктерінен алынды. Журналист Тілеуқабыл Байтұрсынның мәліметінше, Қарағанды қаласында тұратын ағайынды Қожамбердиндердің бүгінгі ұрпақтары Мұрат Хасенұлы мен Райхан Хасенқызы, әкелерінен мұра болып қалған шаруашылық істерімен айналысып, қасиетті түліктің қадіріне жеткен.

Тәуелсіздік кезеңінде жарияланған Қарағанды облысы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің мәліметтері бойынша ветфельдшер Хұсайын Қожамбердин туралы мынадай анықтамалар бар.

Біріншісі Хұсайын Қожамбердин (1887 ж. т.), қазақ, бастауыш білімі бар, Жаңаарқа ветеринарлық пунктінде қызмет еткен, екіншісі Хасен Қожамбердин (1909 ж. т.), қазақ, сауатсыз делінген және екеуінің де Қарағанды облысына қарасты Жаңаарқа ауданы, №4 ауылдың тумасы екені, екеуінің де бір жылда бір күнде 1931 ж. 10 маусымда Қарағандыдағы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) қызметкерлері тұтқындағаны, бастысы, 1931 ж. 23 қарашада Қазақстандағы ОГПУ Өкілетті өкілдігі РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11-бабымен айыпталғаны жазылған. Сот үкімімен Хасен 3 жылға, Хұсайын 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберілген. Екеуі де 1963 ж. 13 сәуірінде Қарағанды облыстық сотының шешімімен құрамында қылмыс­тары болмауынан ақталған. Осы ретте айта кетерлігі, Хұсайын Қожамбердиннің жеке ісі бойынша архивтік анықтамада оның мерзімінен 9 ай 8 күн бұрын, 1933 ж. 13 сәуірінде Ақмола халық сотының шешімімен босатылғаны көрсетілген.

Ақмола өңірінен шыққан ветфельдшер Хұсайын Қожамбердин мен Хасен Қожамбердин ағайынды адамдар болған. Оған бүгінгі ұрпақтарының естеліктері дәлел. Ағайынды Қожамбердиндер ес білгелі мал шаруашылығын кәсіп еткен, ауқаттылар санатына кіреді. Бұл отбасынан мал басын сақтап қалудың білгірі, ветфельдшер Хұсайын шыққан. Ол саяси науқан кезінде бір отбасының ғана емес, тұтас рулы елдің малын түрлі қауіптерден сақтап қалған, жұқпалы мал ауруының алдын алған

Тағы бір жарияланған анықтамада Хұсайын Қожамбердин (1888 ж. т.) Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы №4 ауылдың тумасы, қазақ білімі орташа, ветфельдшер, Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасы қызметкерлері 1949 ж. 15 желтоқсанда тұтқындаған. РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10-бабымен айыпталып, 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне кесілгені жазылған. 1962 ж. 14 шілдеде ҚазССР Жоғарғы сотының шешімімен құрамында қылмысы болмауынан ақталған. Сонда Хұсайын Қожамбердин екі рет (1931, 1949) сотталған болып шығады. Бірде тоғысып, бірде тоғыспай жататын осындай әртүрлі ақпараттардың аражігін ажырату үшін, әзірге қолда бар материалдармен ғана шектелеміз.

С.Сейфуллин нақты көрсеткендей, аласапыран жылдарында Ақмолада бірнеше «үкімет» болған. Олар: 1) Уақытша комиссар. 2) Ояздық қазақ комитеті. 3) Уақытша Совдеп. 4) Казак-орыс басқармасы. 5) Земство шақырушы комитет.

1917 жылдың наурыз айынан бастап өлкемізде Уақытша өкіметтің жергілікті басқару мекемелері және қоғамдық саяси ұйым ретінде құрылған Қазақ комитеттері пайда болады. Соның бір тармағы Ақмоладағы уездік Қазақ комитеті еді. Азаттық жолындағы өңірлік күрескерлердің көбі соның құрамында әрекет жасады. Бір қызығы, осы кезеңде Ақмоладағы зиялы қауым өкілдерінің көбі аталған «үкіметтерде» қатар қызмет еткен немесе бірінен екіншісіне ауысып отырған. Мұны, ең алдымен, елдегі тұрақсыз саяси жағдаймен түсіндіруге болады. Сәйкесінше, олардың саяси ұстанымы да өзгеріске ұшырап отырған.

С.Сейфуллин Ақмола уезіндегі большевиктерге қарсы құрылған комиссияның (бастығы Сербов) бақылауындағы Ақмола түрмесіндегі адамдар мен шытыр­ман оқиғалардың ішінде осы түрмеден өзінен бұрын босап шыққан Құсайын (Хұсайын) Қожамбердин туралы да жазады. Бұл мәліметтер Х.Қожамбердиннің 1932 жылғы өтініш хатында көрсетілген оқиғалармен сәйкес келеді. Расында, 1918 жылдың мамыр айында колчакшылдар Ақмоладағы Совдепті құлатқан кезде, құрамындағы мүшелердің барлығы дерлік соққыға жығылып, түрмеге жабылып, солардың ішінде Хұсайын да болған.

С.Сейфуллиннің романы бойынша Хұсайын тұтқынға түскеннен кейін Ақмола түрмесінің бақшасындағы қызметке бөлінген, ол осы жұмысын пайдаланып, бір күні большевиктерге қарсы құрылған комиссияның бастығы Сербов, гарнизон бастығы мен түрме бастығын қонақ етеді. Қазақтың ұлттық тағамдарын (қой еті, қымыз) алдырады, дастарқан басындағы әңгіме кезінде «мені «большевик» демесеңіздер екен, олай десеңіздер, маған ауыр тиеді. Онда мені жәбірлеген боласыздар, мен большевик емес едім, мен босқа күйіп отырмын» дейді. Сонда комиссия бастығы Сербов пен гарнизон бастығы мұны тексеру керектігін айтқан. Хұсайын оңаша қалғанда қонақтарына өзінің «құмалақшы», балгер екенін айтып, олармен қарым-қатынасын жақсартып алған екен. Ақырында Хұсайынның балгерлігіне тәнті болған гарнизон бастығы «мынау бір ақылды қазақ екен. Мен енді мұны тез босаттырам» деп уәдесін беріпті. Тексеру амалдарын жүргізіп, 2-3 күннің ішінде Хұсайынды түрмеден босатып жіберген.

Осы мәліметтер Астана қаласы мемлекеттік архивінен табылған құжаттармен толыға түседі. Алғашқы құжат Хұсайын Қожамбердиннің Ақмоладағы еңбекпен түзеу лагерінің бастығы Гриценкоға 1932 ж. 2 шілдеде жазған өтініш хаты. Онда Х.Қожамбердин 1931 ж. 10 маусымда Қарағанды оперсекторының өкілеттілігімен Жаңаарқа ауданында тұтқындалғанын, Қазақстан бойынша ОГПУ Өкілетті өкілдігі Қылмыстық кодекстің 58-бабы 10-тармағы бойынша бір іспен 15 адамды, Ташкент қаласында концлагерде айыпталғаны, соның ішінде аудандық атқару комитеті президиумының мүшесі болған өзін және жауапты хатшы қызметін атқарған Смағұл Мусинге 10 жыл берілгені, жолдас Сольцтің көмегімен босатылған 10 адамның қатарында С.Мусиннің болғаны да айтылады.

Олай болса, өзінің лагерьдегі әкімшілік бақылауында болған 13 айлық мерзімде түзелгенін жазады. Қазіргі кезде жанына қатты батып жүргені, қалайда өзінің таза да әділ еңбегімен үш кішкентай балалары мен науқас әйелін аштықтан қорғап, солардың тірі қалуына көмектесу екенін, өзінің 44 жасқа келгенін, туберкулез, миокардит, созылмалы асқазан ауруымен ауырып, екінші санатты мүгедектігін алға тартады да, жоғарыда айтылғандардың негізінде, өзінің бақытсыз отбасының көз жасы үшін және ауыл шаруашылық саласындағы 20 жылдық еңбек өтілін ескере отырып, өзін қалған жазалау шараларынан босату жөнінде арнайы комиссияға ұсыныс беруін өтінген, болмаса тікелей әкімшілік бақылаушы ретінде әрбір тұтқынның мінез-құлқы мен сипаттамасын беру өз қолыңызда дей келіп, арызға 11 жасынан 44 жасына дейінгі өмірбаянын қосып жіберген.

Хұсайын Қожамбердиннің «Менің өмірбаяным» деп аталатын екінші құжатта Ақмола қаласынан 400 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңаарқа ауданында (Ақмола округіне қарасты бұрынғы Асан қайғы ауданы) дүниеге келгенін, қазақ екенін, әкесі Қожамберді Сәрсеновтің мал шаруашылығымен айналысқанын, 11 жасында Ақмола қаласына келіп, 1899 ж. 3 кластық Ақмола қалалық училищесіне түскенін, оны бітірген соң 1907 ж. қазына есебінен Омбы қаласындағы ветеринарлық-фельдшерлік мектебіне түскенін, оқуды өз қаржысы есебінен жалғастыруға шамалары келмегенін, Омбы ветеринарлық-фельдшерлік мектебін 1911 ж. 7 мамырында бітіріп, 9 мамырда Ақмола губернаторының бұйрығымен 4 жылдық стипендияның 1/2 қайтару үшін Петропавл уезіндегі Полтава селосына тағайындалғаны, өзінің қазынадан оқуға алынған қарызын өтегеннен кейін, 1916 ж. ортасында Ақмола қаласынан 180 шақырым қашықтықтағы Өлеңті ауданына (қазіргі Ерейментау ауданы Ақмола облысы) мал айдайтын жолға ауыстырылады да, бұл жерде 1917 ж. 1 маусымына дейін болғаны, төңкеріске байланысты арнайы жұмысының далада қалып, Ақмола уездік қазақ комитетіне сайланғаны, 1918 ж. басында Совдептің пайда болуымен оның атқару комитетінің мүшелігіне де сайланғаны, онда уездік ветеринарлық бөлім жетекшісі және трибунал мүшесі болғаны, осы жылдың мамыр айында Совдептің билігін құлату кезінде, басқалармен бірге көшеде соққыға жығылып, колчаковшылдардың тұтқынына түскені, бұл туралы С.Сейфуллиннің шығармасында егжей-тегжейлі жазылғаны, сол тұтқындалғандардың ішінде екі адамның Ақмолада екенін, біреуі – Ақмола ЕТЛ бастығының орынбасары Есжанов, екіншісі – сүт фермасының малшаруашылығы секциясының жетекшісі Марк Семенов. Кездейсоқ өзінің шамамен екі айдан кейін босатылып, бірден жасырынып үлгергенін, бір күннен кейін қайтадан қамауға алмақ болғанын, бірақ өзінің ұстатпай кеткенін жазған.

Осылайша, 1920 жылға дейін қашып жүрген. 1920 ж. кеңестік биліктің орнауымен Спасскіде учаскелік ветеринар-дәрігер болып тағайындалған. 1922 ж. 22 тамызда Ақмола уезі бойынша ветеринар штатының қысқаруына байланысты басқа қызметкерлермен бірге жұмыстан босатылады. Бір мезгілде Халық комиссарлар кеңесінің декретіне сәйкес Ақмола уездік атқару комитеті қазақ қызметкері ретінде шақырып, бірден халық тергеушісі қызметіне тағайындалады, мұнда 1925 жылға дейін жұмыс істеген. 1927 ж. аяғынан бастап Округтік ветеринарлық бөлімге өтініш хазып, бірден шақыру алған. Сөйтіп қайтадан өзінің арнайы қызметіне кіріскен. Содан бері мамандығы бойынша үзіліссіз жұмыс жасаған. Жыл сайын жылжымалы жасақтың жетекшісі болған, әрдайым жұқпалы ауруларды дер кезінде жойып отырған. Бір жазда 40-50 мың бас малды сақтап қалып, мақтау қағазын алған, алайда ОГПУ тұтқындалған кезде басқа құжаттармен бірге алып қойған. Міне, көрініп тұрғандай, өзімнің туған жерімде бес жылдай ғана тұрғанмын, оның өзінде үлкен үзілістер болған. Оның үстіне менің осындай азапты өміріме себепші болған жеке жауларым, мені контрреволюционер ретінде көрсетіп, тұтқындалғаннан кейін менен жергілікті ауқатты адам мен байдың баласын шығарды. Осы айтқандарымның барлығы шындық. Мәліметтер дұрыс болмаса, заң алдында жауап беретінін жеткізген.

Сөз соңында айтарымыз, Ақмола өңірінен шыққан ветфельдшер Хұсайын Қожамбердин мен Хасен Қожамбердин ағайынды адамдар болған. Оған бүгінгі ұрпақтарының естеліктері дәлел. Ағайынды Қожамбердиндер ес білгелі мал шаруашылығын кәсіп еткен, ауқаттылар санатына кіреді. Бұл отбасынан мал басын сақтап қалудың білгірі, ветфельдшер Хұсайын шыққан. Ол саяси науқан кезінде бір отбасының ғана емес, тұтас рулы елдің малын түрлі қауіптерден сақтап қалған, жұқпалы мал ауруының алдын алған.

Қарағандылық Мұрат Хасенұлы мен Райхан Хасенқызының айтуынша, Қожамбердин Хұсайын қазақтың арасында ең алғаш жоғары дәрежелі ветеринарлық білім алған азаматтардың бірі болған. Туған халқының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткен. Төңкеріске дейін Ақмола земствосында еңбек еткен. Ақмола совдепінің мүшесі ретінде белгілі қоғам қайраткері, Алаштың аяулы азаматы Сәкен Сейфуллинмен үзеңгілес жолдас болған. Ақмолада Совет өкіметі құлағанда Сәкенмен бірге Анненковтың азап вагонында қорлық көрген. Өкініштісі сол, асыл азаматты өз қолымен орнатқан өкіметі «халық жауы» деп айыптап, отыз жылға жуық ғұмырын айдауда өткізуге мәжбүр қылды. Кейін елге оралған соң ақталып, 1956 жылы дүниеден озады.

Қазіргі Қарағанды облысына қарасты Шет ауданының Бетбақдаламен шектесетін тұсында «Қызылтау» кеңшары болған. Оған атақты ғалым Кәрім Мыңбаевтың есімі беріліп, мұнда асыл тұқымды Мұғалжар жылқысын өсіретін тәжірибе станциясы жұмыс жасаған. Әкелері Хасен 1953 жылы осы шаруашылықтың жылқысын қабылдап алып, өзі өмірден өткенше, 1972 жылға дейін жемісті еңбек еткен.

Алаш қозғалысына қатысқан ағайынды Хұсайын мен Хасен Қожамбердиннің өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтер әзірге осылар. Олар туралы өмірбаяндық ізденістер әлі де зерттеуді қажет етеді. Өйткені Алаш қозғалысындағы ағайындылардың күш біріктіруі де азаттық күреске серпін берді. Басқаша айтқанда, большевиктердің партиялық-кеңестік жүйесіне қарсы саяси күштердің ұлттық негіздерінің бір тармағы қазақ руларына біріккен ауылдар мен сол өңірлерден шыққан бас көтерер ағайындылардың күресімен өзара сабақтасады.

Күлпаш ИЛЬЯСОВА, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссияның мүшесі, зерттеуші-ғалым

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button