Басты ақпаратҚала мен Сала

Жасыл желектің жағдайы қалай?

4 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында қоршаған ортаны қорғауға және табиғатты пайдалануды реттеуге қатыс­ты қоғамдық тыңдаулар өтеді. Соның қарсаңында депутаттар осы салаларда қалада атқарылып отырған жұмыстармен танысу мақсатында «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ пен «Астана орманы» ЖШС нысандарына барды.

Алғашқы кәсіпорын иелігінде Қарағанды тас жолы бойындағы №1 тәлімбақ, жылыжайлар және дендросаябақ жұмыс істеп жатыр. Депутаттар осындағы жылыжайларды аралады. Мұнда бөлме өсімдіктері мен қаланы көгалдандыруға таратылатын гүлдер өсіріледі. Күн суытқанда бұл өсімдіктер жылыжайға қайтарылады. Жалпы алғанда өсімдіктердің 50 түрі отырғызылып, бапталады.

«Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ басқарма төрағасы Руслан Ораловтың айтуынша, шаһарда кәсіп­орынға тиесілі әртүрлі 390 мың ағаш бар. Штатта 750 адам жұмыс істейді. Осы жазда ұйым Президенттік сая­бақты күтіп ұстау жұмыстарын қолға алды. Алайда күтімі мәселе туындатып жатқан «Ататүрік» саябағына қатысы жоқ екен. Оның себебі саябақ қарайтын Байқоңыр ауданы әкімдігімен келісімшарт жасалмаған.

Жалпы, кәсіпорын жұмысына қатысты бірқатар түйткілдер бар екен. Өткен жылы шаһарды көгалдандыру жұмысы ұсақ лоттарға бөлінді. Соған сәйкес тендерді шағын компаниялар ұтып алған. Ал осы ұйымның еншісіне бұл жұмыстардың 30 пайызы ғана қалған. Сол себептен жұмысшылар да қысқарып, көптеген техника қазір қаңтарулы тұр. Осыдан да шығар, депутаттар бүгінгі күндері қаладағы жасыл желекті күтіп ұстау тиісті деңгейде емес екенін айтты. Мәселен, Мәжит Шайдаров жаз бойы ағаштар мен гүлдер екі рет қана суарылғанын көргенін жеткізді. Рамзия ­Өмірбаева саябақтардың сұрықсыз жағдайына назар аударды.

Кәсіпорынды қазір басқарып отырған «Астана» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорация ұйымның бастапқы жұмыстарына 150 млн теңге бөлген. Келесі жылы техниканы жаңартуға да қаржы бөлінбек. «Астана-Көгалдандыру құрылысын» акционерлік қоғамнан жауапкершілігі шектеулі серіктестікке аудару ісі де басталған. Корпорация басшылығының сөзінше, осыдан кейін ұйымды басқару мен оның жұмысын үйлестіру жеңілдейді. Алдағы бір ай көлемінде соған сәйкес штаттық кесте бекітіледі.

«Астана-Көгалдандыру құрылысы», «Астана орманы», «Астана-Тазалық» және «Астана-Арнайы қызмет көрсету бюросы» сынды төрт кәсіпорын жекешелендірудің кешенді жоспарына енгізілген болатын. Қала әкімдігі тарапынан бұл кәсіпорындардың коммуналдық меншікке қажеттілігі жайлы жоғары жаққа бірнеше мәрте хат жазылғаннан кейін бұл тоқтатылды. Тиісті шешім Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында қабылданып, аталмыш кәсіпорындар жекешелендіруге жататын ұйымдар тізімінен шығарылды. Бірақ бір шарт қойылды. Бұл үш кәсіпорын бірігу керек еді. Бірақ біз өз тарапымыздан бұл күндері оларды жеке-жеке қалдыру жайлы мәселені қарап жатыр­мыз. Себебі біріктіру тиімсіз бола ма деп ойлаймыз» деді Нұр-Сұлтан қаласы Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерсін Өтебаев.

Елорданың жасыл белдеуін қалыптастыру жұмыстарымен «Астана орманы» ЖШС айналысып отыр. Мәслихат депутаттары осы ұйымның қарауындағы қала сыртындағы жасыл желекке оранған аумаққа барды. Кәсіпорын тек қана ағаштарды егіп, оларды өсірумен айналыспай, бұл жұмыстарды ғылыммен ұштас­тырып отыр. Кейінгі кезде қылқанжапырақты ағаштар отырғызылып жатыр. Жер бедеріне қарай жапырақты талдарды да егеді.

«Қазақстан орманды өсірумен айналысатын әлемдегі жалғыз ел деп айтуға болады. Еуропадағы Ресей, ­Түркия, басқа да елдер орманды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Ал біз жоқ жерден орман өсіреміз. Бұл жұмыста ғылымсыз болмайды. Себебі алдымен жер бедерін зерттеу керек. Мәселен, алғашқы жылдары елорданың көп жерінде егілген ағаштар жерсінбеді. Зерттеу жұмыстарынан кейін бұл іс алға басты» деді мәслихат депутаты ­Ақылбек Күрішбаев маман ретінде.

«Астана орманы» ЖШС басқарма төрағасы Мәулен Самамбетовтің айтуынша, жасыл белдеуді қалыптастыру жұмысының алғашқы кезеңі 1998 жылы басталып, 2004 жылы аяқталды. Осылайша тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Жалпы алғанда алты кезең жоспарланған. Қазіргі кезде төртінші кезең жұмыс­тары атқарылып отыр. Былтырға дейін кәсіпорын қырғауыл өсірумен де айналысқан. Енді бұл істі қайта қолға алмақ. Веложолдар бойынша да біраз жоспар бар екен. Кәсіп­орынды аралау кезінде депутаттарға осындай жұмыс­тар таныстырылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button