Басты ақпаратСұхбат

Ата заңмен бекітілген тілді тұғырына қондыру керек

Бүгінгі келелі әңгімеміздің қонағы – Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қуанышбай Әлжіков.

– Ата Заң деп жатамыз. Жалпы Конституция ұғымын қалай түсінуге болады?

– Конституция деген термин латын сөзінен алынған құрылыс деген мағынаны білдіреді екен. Біздің заманымызда Конституция- ең жоғарғы негізгі заң болып табылады әрі заң актілерінің қайнар көзі. Нақты қолданыстағы қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жүйесі. Қарапайым сөзбен айтқанда, Ата Заңымыздың қоғамдағы рөлі- ­Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың конс­титуциялық негізін қалайды. Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, референдум арқылы, парламенттік дауыс беру арқылы шешу Конституциямызда бекітілген. Ата Заң егеменді мемлекетіміздің дамуының негізі болуымен қатар оның тұжырымдамаларында ақылға қонымды мәміле элементтері көрініс табады. Қоғамдағы елеулі қайшылықтарды бейбіт жолмен, қоғамдық келісім негізінде шешуге қызмет етеді. Елі­міздің қауіпсіз және тұрақты даму идеясы осы Конституцияда жалғасын тауып отыр.

– Қазақстан Конституцияны екі рет қабылдады. (1993,1995 жылдары) Содан бері сан мәрте толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Бұған қандай себептер болды деп ойлайсыз?

– Қазақстан Республикасы Конс­титуциясын қабылдау қажет­тілі­гінің өзіндік тарихы бар. Еліміз егемендік алғаннан кейін, 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Жоғарғы кеңе­сінің 9 сессиясында жаңа Конституция қабылданды. Алайда заңгерлердің, саясаттанушылардың пайымдауы бойынша олқылылықтары көп болды. Бұл кезде елімізде экономикалық дағдарыс жүріп жатты. Сол кездегі Конституция осы дағдарысты ­жоятын, әлеуметтік қайшылықтарды жеңе алатын атқарушылық билікті көздемеді. Бұл жөнінде, Қазақстан Респуб­ликасының тұңғыш президенті Н.Назарбаев 1995 жылы өткізілген Қазақстан халқы ассамблеясының 1-ші сессиясында айта келіп, нақты Конституциялық реформаны іске асыру қажеттігінің туындағанын атап өтті.

Бір сөзбен айтқанда, 1993 жылы қабылданған Конституция мәтіні қайта құруларды қажет етті. Бұл нормалар жүзеге асырыла бастады. Сонымен парламенттік дағдарыс болып, 1995 жылдың көктемінде Үкіметтің орнынан түсуі жаңа Конс­титуцияны қабылдауға әкелді. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын Қазақстан Респуб­ликасының Президентi ұсынып, оны халық 1995 жылғы 30 тамыз­дағы республикалық референдумда қабылдады.

Жаңа Конституция бойынша президенттік билік күшейіп, Қазақстан Республикасында президенттік басқару жүйесі құрылды. Прокуратура, құқықтық қорғау органдары қайта құрылды. Конституциялық Кеңес құрылды, қос палаталы Парламент қалыптасып, парламент заң шығару қызметін жүзеге асыратын республикадағы ең жоғарғы өкілді орган болды. Аталған қайта құрылулар – конституциялық нормалардың бір жолғы әрекеті емес, олар тұрақты жүргізілетін және жетілдірілетін болды.

– Тіл туралы заңға 30 жыл толмақ. Алайда бұл заң қауқарлыы ма? Мемлекеттік тіл қолданыста басым емес десе де болады. Мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Неге? Бұл Конституцияға қайшы емес пе?

– Кешегі келмеске кеткен Кеңес дәуірінде өз Отанында екінші қатарға ығыстырылған қазақ тілі өткен ғасырдың 80-жылдары мем­лекеттік тілге айналған еді. Бұл мәртебе еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін конституциялық шешімін тапқан-ды. 1997 жылғы «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңда ана тіліміздің негізгі құқықтық қағидалары одан әрі дамытылды. Осы заңды жүзеге асыру мақсатында бірнеше маңыз­ды құжаттар қабылданып, алдағы басым бағыттар мен міндеттер айқындалған болатын.

Қоғамдық өмірдің барлық салаларында елеулі-елеулі оң өзгерістер дүниеге келді.Оған үлкен дәлел рес­публикада қазақ тілінде оқитын балалар саны екі есеге өсті. Қаншама қазақ мектептері, балабақшалар ашылды. Алайда қазіргі кезде ауыз толтырып айтатын жетістіктерге жете қойған жоқпыз. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қарапайым қағида да орындалмауда. Тіпті, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұлағатты сөз билік басындағыларға онша әсерін тигізбей отыр. Ресми шаралар, алқа мәжілістері мен түрлі жиындар орыс тілінде өтеді. Жиындар өткізетін залдар ілеспе аударма жасауға қажетті техникалық құрал-жабдықтармен, мамандармен қамтамасыз етілмеген. Сондықтан кейбір жерлерде орыс тілінде сөйлеуге мәжбүр болып жүрген жайлар да бар.

Конституцияда «Қазақстан Рес­пуб­ликасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай айқын жазылған. Ал «Қазақстан ­Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4-бабының екінші бөлігінде «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі» деп атап көрсетілген.

Бүгінгі үлкен кемшілік әрбір жеке азаматтарға да байланысты. Соңғы кезде ата-аналар ұл-қыздарына қазақ тілінен гөрі ағылшын тіліне үйретуді жөн көреді. Себебі қазіргі заманның талабына сай жаста­ры­мыз­ды шетел тілін, оның ішінде ағылшын тілін білуге бағыттау орынды. Бүгінгі әлемдік өркениет деңгейі осыны талап етеді. Бұл Қазақстанның дүние­жүзілік қауымдастықтың субъектісі ретіндегі қажеттіліктен де туындайды. Алайда мемлекеттік тілді қолданбау, білмеу үлкен адасушылық. Қалайда ұлттық, яғни Ата Заңмен бекітілген мемлекеттік тілді тұғырына қондыруымыз қажет.

Қазақ тілінің күйі сот саласында аянышты хал кешуде. Үлкен қала­ларда және еліміздің солтүстік, шығыс өңірлерінде сот процесстері орыс тілінде жүргізіледі. Тіпті, кейбір кісілер орыс тілін білмесе де, сотқа орыс тілінде талап береді. Себебі қоғам сондай және қазақ тілінде жетік білетін заңгер мамандарының жоқтығы. Мемлекеттік органдардың талап арыздары да сотқа орыс тілінде келіп түсіп жатады. Бұл жағдай бірінші басшылардың жауапкершілігін көтеруді қажет етеді. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметтің басты ұстанымының бірі. Сол себепті бұл бағыттағы маңызды қадам қатарында мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде білу керек деген талапты жедел түрде күшейтпесе болмайды.

– Бүгінгі сот жүйесі қандай болуы керек. Әлемдік соттармен иық теңестіретін халдеміз бе?

– Қазіргі таңда сот жүйесінде болып жатқан реформалар ең алдымен сот жүйесіне деген халықтың сенімін нығайтуға бағытталған. Қазір біздің сот жүйеміз үш сатылы. Жасалып жатқан реформаларға сәйкес сот жүйесінің сатылары аз болған сайын, әр істің соңына жету уақыты да тез болады. Сот жүйе­сінің реформалары, дамыған 30 елдің қатарына қосылу бағдарламасына сәйкес, алдыңғы қатарлы әлемдік соттардың тәжірибесін ескере отырып реформалар жасалып жатыр. Мысалы, Америкада 95 пайыз, Ұлыбританияда 87 пайыз, Словенияда 35 пайыз даулар сот талқылауына жетпей шешіледі екен.

Осындай бағытта, яғни медиацияны қолдану салаларын одан әрі кеңейту мақсатында жеке санаттағы дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейін реттеу міндеттілігі бойынша Жоғарғы Сот қанатқақты жобаны іске қосып біршама жұмыстар атқарылып отыр. Яғни дамыған елдердің халыққа қолайлы тәжірибелері біздің елімізде де қолдануда.

– Соттың ашықтығы, халыққа қолжетімділігі үшін қандай шаралар жасалып жатыр?

– Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелердің бірі – сот төрелігінің әділдігі, ашықтығы, қолжетімділігі. Соттың ашықтығы мен жария­лылығын қамтамасыз ететін сот жүйесіндегі жаңа өзгерістер қоғамның сот қызметіне деген сенімін арттырып келеді. Қазіргі таңда соттың жұмысы баршаға мәлім. «100 нақты қадам» бағдарламасында қазақстандық жүйеге электронды өндірісті енгізу туралы айтылған. Осы бағдарлама бойынша қазіргі кезде сот барысын аудио-видео үлгіге түсіру арқылы жүзеге асырылады. Сотта инновациялық технологияларды қолдану бірінші кезекте сот жұмысына оң әсер етті. Екіншіден, инновациялық технологиялар сот жұмысын жеңілдетті. Сонымен қатар адамдарға қолжетімділігі арттырылды.

Заманауи технологиялардың көмегімен әр азамат электронды түрде сотқа арызын ұсынып, ол арыз­дың қозғалысын кедергісіз бақылай алады. Яғни арыздың сот өндірісіне қабылдануы, істің тағайындалуы, ол бойынша шығарылған шешімдер жөнінде толық мәлімет алып отыруға мүмкіндігі бар. Ол үшін «Сот кабинетіне» кіруге мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландырушы орталығынан алынған электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Азаматтар мен заңды тұлғалардың кез келген, өзіне ыңғайлы уақытта, үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, онлайн режимінде «Сот кабинеті» интернет-сервисі (www.sud.kz) арқылы электронды түрде талап-­арыздарды беруге, шағымдар мен өтінішхаттарды жолдауға, сондай-ақ істің қаралу барысын бақылауға мүмкіндіктері бар.

Сонымен қатар Жоғарғы Сотта Ахуалдық орталық жұмысы іске қосылды. Ахуалдық орталық- сот төрелігін жүзеге асыру барысындағы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың жаңа деңгейі. Соттың жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы әрі қандай да болмасын дауды тез арада шешуге септігін тигізеді. Егер халық сот әділдігіне сенім артса, онда заң үстемдігі жоғары деңгейде болғанын көрсетеді.

Сұхбатты жүргізген
Бейбіт ОСПАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button