Құқық

КОНСТИТУЦИЯ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ

Конституция – азаматтардың бостандығы мен құқықтары сақталуының, еліміздің тұрақты дамуының кепілі ретінде заман сұранысына жауап беріп келеді. Бүгінгі электронды, яғни цифрлық өркениет дәуірінде мемлекеттік қызмет жүйесіне қойылатын талап та күшеюде. Қоғам цифрлық өркениеттің жетістігіне сай трансформацияланғанымен, Конституция азаматтар мен мемлекет дамуы үшін негізгі құжат, бағдар болып қалатыны сөзсіз.

Ойшыл Шәкәрім Құдайбер­діұлының «құбылған әлем жарысы, ақылды жанның табысы» деген сөзі бар. Демек, бүгінгі әлемдік өркениеттің жемісі цифрлық технологияны пайдалану ел дамуы үшін қажет.

Цифрлық өркениет мемлекеттік органдардың алдына жаңа міндеттер қойып отырғанын атап айтуға болады. Бұл ең әуелі Конституцияның мызғымас негізгі қағидаларына орай азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, әр азаматтың жеке басына қатысты құпиялықтың сақталуы және ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесімен тікелей байланысты.

Конституцияның 33-бабының 4-тармағында азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бары айтылған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру туралы үнемі айтып келеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айқындалған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру бойынша Агенттік жұмысын жалғастыруда. Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, қоғамға ашықтық пен сапалы қызмет көрсету, мемлекеттік қызметшілердің құқықбұзушылыққа жол бермеу мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

Жоғарыда атап өткенімдей, мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеті қоғамның қатаң бақылауына өтіп келеді. Азаматтардың интернет ресурстарын еркін пайдалануы қоғамдық бақылауға жаңа серпін беруде. Бұл орайда Агенттік қоғамдағы өзгерістерге сай тиісті іс-шараларды атқаруда. Атап айтқанда, 2015 жылдан бері мемлекеттік қызметшілердің құқықбұзушылық фактілері 80 пайызға төмендеді. Мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзу фактілерінің төмендеуі бір жағынан заңмен белгіленген мемлекеттік органдарда Әдеп жөніндегі уәкіл институтының енгізілуімен байланыс­ты болса, екінші жағынан цифрлық дәуірдегі азаматтық белсенділіктің артуымен, сондай-ақ Агенттіктің профилактикалық мақсаттағы жүргізген жұмыстарының нәтижесі деп айту орынды.

Мемлекеттік қызметте лауазым­дық ілгерілеуде меритократия қағидасы ерекше мазмұнға ие. Меритократия қағидасымен жүргізілген кадрларды таңдау мен оларды өсіру қабылданатын шешімдердің жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Бұл дегеніміз, Конституцияның әлеуетін жүзеге асыруға бағытталған басты қадам болып табылады. Себебі мемлекеттік қызметтегі білікті кадрлар – сапалы заңдар мен билік тармағындағы қабылданатын сапалы шешімдердің кепілі.

Меритократияны әлеуметтік модернизацияның құрамдас бөлігі ретінде қарастыру керек. Меритократия – адамдардың әлеуетін жүзеге асыру құралы. Меритократия қағидатын енгізу мемлекеттік қызметкердің өз еңбегінің обьективті түрде бағаланатынына сенімін қалыптас­тырады. Яғни мемлекеттік аппаратқа деген сенім жоғарылайды.

Бүгінгі Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 38 жасты құрап отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің орташа еңбек өтілі 10 жыл. Бұл өз кезегінде цифрлық өркениеттің жетістіктерін игеруге толық мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі жаңа технологияларды өз жұмыстарында еркін пайдалана алады деп нық сеніммен айтуға болады.

Осы тұста айта кететін бір мәселе, ол мемлекеттік қызметшілердің қоғамға ашықтығы туралы. Бүгінде цифрлық өркениеттің жетістігі ретінде интернет желісінің кең таралуын айту орынды. Осы орайда, қоғаммен кері байланыс үшін смартфондардың қызметі айтарлықтай қажет. Мәселен, мемлекеттік қызмет туралы заңның 4-бабының 15 тармағында мемлекеттік қызмет қоғамдық пікір мен жариялылықты ескеру қағидаларына негізделеді деп көрсетілген.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз үшін қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын білу және дер кезінде әрекет ету өте маңызды. Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс» деп, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңыздылығын атап өтті.

Мемлекеттік қызметшілердің әлеу­меттік желілерді белсенді пайдалануы бүгінгі заманның сұранысына айналып отыр. Демек, мемлекеттік қызметшілерге өз қызметінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде жауапкершілікті жеке мойынына ала отырып, смартфондарды пайдалану мүмкіндігін беру цифрлық дәуірдің талабы деп ойлаймын.

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын бұдан ары арттыру бағыты бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Конституция қабылданған шағынан бастап мемлекет пен азамат қатынастарын құруға, сервистік мемлекеттің ұлттық моделін жасақтауға бағытталған.

Осыған байланысты, адам мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде конституциялық жариялануы ­Қазақстанда сервистік мемлекеттік басқаруды жетілдірудің негізін қалады. Бұл қызмет алу кезіндегі «клиентке бағдарлық», ашықтық және қолжетімділік принциптері негізіндегі мемлекеттік аппараттың азаматтармен қатынасын қалыптастырды.

Мемлекеттік басқаруды жаңғырту басымдылықтары ретінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласын реформалаудың ең маңызды кезеңі деп 2007 жылды айтуға болады. Бұл жылы алғаш рет ұлттық заңнамаға -«Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңына «мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» түсінігі енгізілді. Сол жылы Үкімет 132 қызметтен тұратын Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекітті. Бүгін қызметтер саны 5,5 есеге (740 қызмет) артты.

Аталған саланы конституциялық принциптер негізінде дамытудың өзекті шешімі ретінде 2013 жылы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» жаңа заңының қабылдануы болды. Бұл заң мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталды. Мысалы, 2018 жылы Агенттік қызмет алушылардың бұзылған құқықтарының 86% жағдайында қалпына келтірді.

Елбасы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қабылдаған сәттен бастап елде мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанға көшіру бойынша үдемелі жұмыс атқарылып жатыр. Бүгін Тізілімдегі мемлекеттік қызметтердің жалпы санының 72,7%-ы электрондық нұсқаға көшірілген. Бүгінгі таңда барлық көрсетілген қызметтер санының 76%-ы – онлайн режимде, ал «бір терезе» қағидаты бойынша 13%. Бұл ретте, барлық лицензиялар және рұқсат беру құжаттары кәсіпкерлерге тек қана электрондық нұсқа беріледі.

Қабылданып жатқан шаралар Қазақстанға электрондық үкіметті дамыту индексінде Азия елдері арасында алдынғы орындарды иемденуге мүмкіндік берді. Ал БҰҰ-ның осындай индексінде 193 ел арасынан 39 орынды иелендік.

Тұңғыш Президентіміздің тапсыр­масына сәйкес 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электрондық форматқа көшірілетін болады, ал 2020 жылы ол 90%-ға жетеді деп күтілуде.

Шетелдік озық тәжірибені ала отырып, әлемдік көшбасшылар деңгейіне жетуді мақсат тұту мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі жаңа құралдарды, технологияларды және механизмдерді енгізу бұл саланың тұрақты түрде жетілуіне мүмкіндік береді. Бұл ретте, Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтары және заңды мүдделерін қорғаудың кепілі болады.
Цифрлық өркениеттің қарқынды дамуына қарамастан, Қазақстанның әрбір азаматы өз іс-әрекетінде ­конституцияның қағидаларына, заң талаптарына бағынуы маңызды. Бұл өз кезегінде тұрақтылық пен қарқынды дамуға ықпал етері айқын.

Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының
орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button