Sport

Жауынгер-интернационалист жарысы

Елорданың «Тарлан Арена» стадионында жауынгер-интернационалист Қазбек Абдрахманов есімін еске түсіруге арналған турнир өтті.

Биыл 18-ші рет ұйымдас­тырылған жарыс Астана күні мерекесі аясында өтіп, онда балалар үйі мен аулалық клубтар командалары күш сынасып, 100-ге жуық жасөспірім жасыл алаңда көңіл көтерді.
Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Берік Маржықпаев пен спорт ардагері Николай Дрютов жасөспірім футболшыларды елорда мерекесімен құттықтап, Ауғанстан соғысының ардагері Қазбек Абдрахмановтың жауынгерлік ерлігі мен жастар мен балалар арасында жүргізген әскери-
патриоттық жұмысын еске тү­сіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Тартысқа толы өткен жарыста «Астана жастары» КММ-не қарасты «Эверест» аула клубы командасы чемпион атанды. Екінші орынды – «Әлім» аула клубы футболшылары, ал үшінші орынды Ақмола облысының Қорғалжын ауданынан келген «Қараегін» командасы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, медальдар және сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қоса, Нұр-Сұлтан қаласының «Балалар үйі» командасына демеушілер атынан сыйлық берілді.
«Мен өте қуаныштымын. Ауылдан келіп футбол жарысына қатыстық. Енді оқушыларымды қаладағы мерекелік шараларға апарып қыдыртамыз. Еліміздің жүрегіне айналған астанамыздың мерекесі бәрімізге құтты болсын деймін. Осындай жарысты ұйымдастырушыларға рахмет айтамыз» дейді Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарасты «Қараегін» орта мектебінің бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәні мұғалімі Сағат Әбдікәрімов.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button