Қоғам

Жігері жасымайтын Рамазан

Елордада тағдыры ауыр болса да, жігері жасымаған, өмірге ғашық адамдар аз емес. Сондай биікке ұмтылған мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі – Рамазан Есмағамбетов.

18 жастағы Рамазан туғаннан тағдырдың сынағына тап болған. Оның туабітті дерті өсе келе арбаға таңған. Алайда жігерлі жігіт бала күнінен білімге құштар болып өсті. Ғ.Орманов атындағы №7 мектепте білім алған ол – бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің журналистика факультетінің 1 курс студенті. Қазіргі таңда «Астана ақшамы» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүр.
– Мен Қостанай облысы Әулиекөл ауылында 2000 жылдың 16 желтоқсанында, тура Тәуелсіздік күні дүниеге келдім. Рамазан айында туғандықтан, атымды Рамазан деп әкемнің нағашы атасы Қали атам қойыпты. Үйдегі үш баланың үлкенімін. Өзімнен кейін Жансая есімді 9 жастағы қарындасым мен Алдияр атты 6 жасар інім бар. Олар Құдайға шүкір, шауып жүр, денсаулықтары дін-аман, – дейді Рамазан. – Әкем Еламан Төлегенұлы – жеке кәсіпкер. Ұялы телефон жөндеумен айналысады. Ал анам Алтын Серікқызы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайда жұмыс істейді.
Рамазан 1 жасқа толған кезінде ата-анасы 2001 жылы елордаға көшіп келіпті. Бас қаладағы «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы мен барлық кітапхана – сүйікті орны екенін, әсіресе, университеттің кітапханасында көп уақытын өткізетінін айтады.
– Қазіргі уақытта «Астана ақшамы» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жатырмын. Журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен ағаларымыздан осы саланың қыр-сырын үйреніп, күнделікті жұмыс барысын көзбен көріп, көргенімізді көңілге түйіп жатқан жайымыз бар. Жалпы, тарихи тұлғаларды пір тұтамын. Оларды бөліп-жарып қарауға болмайтын сияқты. Ұлылардың ұлағатты сөздерінен қуат аламын. Ал журналистикада «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы, өзімнің өндірістік тәжірибеде кезіндегі жетекшім, ұстазым Төлен Тілеубайдан үлгі аламын, – дейді ол. – Уақытымды бос өткізгім келмейді. Мүлде қол қусырып отыра алмаймын. Қолым қалт етсе, өлең шығарамын, кітап оқимын. Тарихи әфсаналар мен аңыз әңгімелерді, романдарды оқығанды жақсы көремін. Әсіресе, романдарға көбірек ден қоямын. Ең әуелі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан бастадым. Соңғы оқыған кітабым – Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романы. Оны жақында ғана оқып бітірдім.
Махамбет Өтемісұлы, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау, Ақан сері туралы жырлармен сусындап өскен кейіпкеріміз жырау болуға деген құлшынысы артып жүргенін айтады.
– Болашақта өз дәуірімнің жырауы болғым келеді. Сол үшін әлсін-әлсін домбыра шертуді де үйреніп жүрмін. Бірақ қолым гипсте болғандықтан, домбыра шертуді уақытша тоқтаттым. 8 жыл бұрын құлап, қолымды сындырып алғанмын. Сол кезде сынған жерім дұрыс бітпеген екен. Жақында ота жасалды. Қазір аздап тәуір болып қалды, – дейді Рамазан тағы бір сөзінде.
Жасынан тағдырдың сынағына төтеп беріп, төзімділікті ту еткен жігерлі жігіттің арман-мұраты орындала берсін деп тіледік.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button