Басты ақпарат

Қоғамның қозғаушы күші

ЖУРНАЛИСКЕ МӘРТЕБЕ БЕРЕТІН КЕЗ КЕЛДІ

Бүгінгі таңда сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндігіне жол ашылған. Сол себептен, еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары тез дамуда. Алайда өмірдегі әртүрлі құбылыстарға ашық баға беріп, ақты – ақ, қараны – қара деп жазатын қауымның түйткілді мәселелері аз емес. Мәселен, қоғамдағы ащы шындықты бетке айтатын, ашық жазатын әріптестерімізді қудалау, заңды қызметіне бөгет жасау, ақпаратқа қолжетімділігін шектеу әрекеттері әлі тыйылмай отыр.

Бұл – журналистің қауіпті мамандық екенін дәлелдейді. Мұндайда мемлекет ел алдындағы кәсіби міндетін адал атқаратын журналистердің еңбегін үнемі назарда ұстап, өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда заңды жолмен қорғауы тиіс. Ол үшін журналистерге мәртебе беру керек.
Шыны керек, «Журналистің мәртебесі туралы заң қабылдауымыз керек! Өркениеттің өркешіндегі елдердің бәрінде сондай заң бар» деп мәселе көтеріп, ой-пікірлерімізді жоғарыдағы құзырлы мекемелерге (ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Парламенті) жібергенімізге 15 жылдан асты. Бірақ, Шерхан Мұртаза айтқандай, «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» қауымның өкілдеріне айрықша мәртебе беру мәселесі үнемі биліктің тарапынан қолдау таппай келгені рас. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты бар. Ел басшылығы қоғамды жаңа деңгейге көтерудегі «төртінші билік» иелерінің құқықтық, әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешу үшін ұлттық заңнамамызды жетілдіріп, журналистің мәртебесі туралы заң қабылдау қажеттігін терең түсінетін күнге де жеттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудан кейінгі Ақордада өткен алғашқы баспасөз мәслихатында: «Қазақстанда журналистердің мәртебесі туралы заң қабылдаймыз!» деп мәлімдеді.

Заң қабылдау дегеніміз – міндеттеу

Әрине, міндеттеу үшін себеп керек. Біздің ойымызша, мұндай жаңа заңды қабылдауға үш түрлі себеп бар. Біріншісі – еліміздегі «БАҚ туралы» заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, «БАҚ туралы» заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана тайға таңба басқандай етіп жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Екіншісі – бүгінгі таңда Қазақстанда журналистердің конституциялық құқықтары жиі бұзылады. Мысалы, бірнеше жыл оппозициялық БАҚ-та (газет, телеарна, ғаламтордағы сайт) жұмыс істеген әріптестерімізді мемлекеттік БАҚ-тар жұмысқа қабылдамайды. Бір өкініштісі, сол жұмыссыз жүрген журналистер газет редакциясына берген өтінішінің екінші данасын сотқа апаруды білмейді. Ал Еңбек кодексінде «Журналистердің еңбек ету құқықтары» деген бөлім жоқ. Үшіншісі – шетелдердегі сияқты қазақстандық журналистердің де жеке және жақын-жуықтарының өміріне қауіп төнеді. Ондай кезде журналистерді қорғайтын заңдық негіз жоқ.
Ал біз үнемі үлгі тұтатын көршіміз – Ресейдегі жағдай мүлдем басқаша. Екі елдің заңнамасын салыстырып көрейік. 2010 жылы Ресей президенті жанындағы азаматтық қоғам мен адам құқықтары институттарын дамыту жөніндегі кеңес РФ Қылмыстық кодексінің 144-бабына («Журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру») жаңа бөлім қосуды ұсынды. Соның нәтижесінде, 2011 жылы заңнамаға өзгеріс (№420 Ф-3 07.12.2011. РФ федералдық заңының 3-шы тармағы) енгізіліп, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын болды.
Оған қоса, Борис Резник бастаған бір топ Мемлекеттік Думаның депутаттары журналистерді соққыға жыққаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қатайтатын заң жобасын ұсынды. Олар журналистерге қатаң шабуыл жасаған, ұрып-соғуға тапсырыс бергендерді 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ ресейлік депутаттар Қылмыстық кодекстің 277-бабына түзетулер енгізіп, журналистерді мемлекет және қоғам қайраткерлеріне теңестіру жөнінде бастама көтерді. Қош делік.

Журналистің ерекше мәртебесі туралы заң керек

Ал біздегі жағдай қалай? Отандық сарапшы-мамандар журналистердің мемлекеттің қорғауына аса зәру екенін айтады. Ақмола облыстық адвокаттар алқасының төрайымы, танымал заңгер Ғалия Ибраева «БАҚ туралы» заңда БАҚ қызметі реттелгенімен, журналистердің құқықтары толық қорғалмаған деп санайды. «Біз бұған Еңбек кодексін талдағанда көз жеткіздік. Менің ойымша, журналист – элиталық мамандыққа жатады. Сондықтан, алдағы уақытта қабылданатын заңда журналистің этикалық-құқықтық нормаларымен қатар оның жеке басын, отбасы мүшелерін қорғайтын арнайы бап болуы тиіс. Егер заң жобасын әзірлеу кезінде заңгерлердің көмегі керек болса, біз әрқашан дайынбыз» дейді ол.
Ақмола облыстық адвокаттар алқасының тағы бір мүшесі Әлкен Досболов «Журналистің ерекше мәртебесі мен кепілдіктері туралы» толық, жеке заң қабылдау қажет» деген пікірде. Оның айтуынша, журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез баяғыда-ақ келген. «Ең алдымен, журналистің жеке мәртебесі туралы қағидаттарды анықтап алып, жаңа заңда нақтылап белгілеу керек. Мысалы, журналист деген кім? Заң бойынша, мемлекет оны қалай қорғайды? Оны қорғауға кім кепілдік береді? Яғни, жаңа заңның ішінде осындай кепілдіктер туралы мәселе ап-анық жазылуы қажет. Енді кепілдік дегенді түсіндіріп берейін. Мысалы, журналист бір жоғары лауазымды тұлғаға сауал жолдаса, оның толық жауабы қашан, қалай берілуі керек? Егер жауап берілмесе, құзырлы мекеме мен лауазымды тұлға қандай жауапкершілікке тартылуы тиіс? Сондай-ақ, құзырлы мекеме журналистің жолдаған сұрағына жауап беруі керек пе, әлде керек емес пе? Осылардың бәрі заңда нақты кепілдік ретінде жазылғаны жөн. Ондай кепілдік болмаса, журналистің құқықтары бұзылады» деп түсіндіреді ол.
– Бір өкініштісі, біздің журналис­тер өзінің құқықтарын қорғайтын өзге де заңдар барын білмейді, – дейді Әлкен Досболов сөзін әрі қарай жалғап. – Мысалы, Қылмыстық іс жүргізу кодексінде куә, куәгерлерді қорғау туралы бөлім бар. Егер журналист өзінің қызметіне қатысты белгілі бір оқиғаларға куә не куәгер болса, онда ол мемлекеттің қорғауында болады. Сондай-ақ Қылмыс­тық кодексте және Әкімшілік құқық бұзушылық кодексте «балағаттау», «ғайбаттау», «қорқыту» деген баптар бар. Сол баптар бойынша, журналистің мәртебесіне нұқсан келіп, құқықтары бұзылатын болса, олар «Азаматтардың арыз-шағымдары туралы» заң бойынша Президентке және өзге де жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға шағымданып, қатардағы азамат ретінде құқықтық көмек сұрай алады.

Заң жобасын кім дайындайды?

Журналистердің мәртебесін заңдастыратын заң жобасын кім дайындайды? Әлбетте, бұл заң жобасын журналистер қауымы заңгерлермен біріге отырып, дайындағаны абзал. Жұмыс топтарына мемлекеттік және мемлекеттік емес БАҚ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, халықаралық журналистердің құқықтарын қорғайтын мекемелер өкілдері, Парламент депутаттары кіруі керек. Әділет министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жаңа заң жобасының Ата заңымызбен және басқа да конституциялық заңдармен сәйкестігін тексеріп, Парламентке жолдағаны дұрыс. Сонымен қатар, жаңа заң жобасын Мәжіліс не Сенат депутаттары да дайындап, ұсынуға құқылы. Сол кезде жаңа заң жан-жақты жетілген, әділ және өміршең құжат болып шығады.

Елімізде тағы бір ресми мереке пайда болды

Шыны керек, маусым айы отандық журналистер қауымы үшін ақжолтай жаңалықтарға толы ай болды. 10 маусымда Ақордада қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде журналистердің мәртебесі туралы жаңа заң қабылданатынын, ол туралы Үкіметке тиісті тапсырмалар беретінін, я болмаса Президент ретінде жарлық шығаратынын мәлімдеді. Бұл жаңалықты біз сүйіншілеп жалпақ жұртқа жеткіздік. Қараңыз: («Алдағы қадамдарын айқындады», №68, 13 маусым, 2019 жыл, «ASTANA AQSHAMY» газеті).
Ал 25 маусым күні Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, елімізде «28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні» деген жаңа мереке пайда болды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН:

Сөзіміздің тоқ етері, бізге журналис­тердің мәртебесі туралы заңды қабылдау керек. Онымен қоса, сол заңда қаламақы туралы бөлім болуы шарт. Әділетті қаламақы саясаты жоқ жерде, даму да жоқ. Сапалы және салалық журналистиканы дамытамыз десек, әр журналиске лайықты қаламақы төлейік. Бұл жерде өркениетті елдердегі тамаша тәжірибені қолдануға болады. Батыс елдеріндегі әріптестеріміз бізден 10 есе көп қаламақы алады. Екіншіден, дұрыс қаламақы саясаты ұлттық журналистиканы биікке көтереді. Журналистердің бақ-беделін өсіреді. Яғни, журналистикаға кездейсоқ адамдар емес, нағыз өз ісінің хас шеберлері келеді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button