#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Аманатқа адал болу – қасиетті парыз

Биыл 20 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел билігін қолына алғанына төрт жыл ­толды. Тарихтың таспасына қашалып қалған осы жылдарда елдегі саясатқа сеніммен қарағандар да, күдікке көмілгендер де болғаны анық. Алайда Мемлекет басшысы өзінің таңдаған тура жолынан таймады, елдің еңсесін тіктеп қана қоймай, кемел келешектің кеңістігіне алып шықты. Бұл жүйелі де маңызды реформалардың кеңістігі еді. Әділетті Қазақстанды құру жолындағы осы реформаларға талдау жасайық.

Қаңтар қасіреті ­м­ен ­сабағы: ­Саяси тұрақтылыққа негіз қандай?

Қаңтар қасіреті Президент Қ-Ж.Тоқаев билік құрған кезеңдегі ең үлкен сынақ болды. Елдің бірнеше қаласындағы жаппай бұзақылықтар, мемлекеттік нысандарды басып алу, ондаған адамның өмірмен қоштасуы мен жүздеген адамның жаралануы, қоғамдағы бейберекетсіздік – осының бәрі ел басшысынан жедел, қатаң және жаңылмайтын шешім қабылдауын талап етті. Сайып келгенде, Қасым-Жомарт Тоқаев жеке басына төнген қауіпке қарамастан, өз Отанын да, сенім білдірген ел-жұртын да қорғап, сын сағатта сыбайласып жоғары билікті күшпен басып алмақ болған арам ниеттілерге ешқандай да мүмкіндік бермей, жеңіп шықты.

Кейінірек Парламентте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қаңтар қасіретінің себеп-салдары терең зерттеуді қажет ететінін, бұған дейін ел саясатында жіберілген қателіктерге талдау жасалатынын мәлімдеді. «Қаңтардағы Алматының және еліміздің басқа қалаларының қасіреті көрсеткендей, заңсыздықтың белең алуы, жүгенсіздік, анархия адам құқықтарының бұзылуына әкеледі. Алдағы уақытта мұндайға жол бермейміз» деп қадап айтты. Президент мемлекет терактілердің болатынын «жіберіп» алғанының негізгі себебі басынан аяғына дейін қаруланған бандиттердің іс-қимылының, басшылығының, әскери дайындығының және асқан қатыгездігінің нақты іс-жоспары алдын ала жасалғанын айтты. Ал Қаңтар ­қасіретінен 1 ай уақыт өткенде, ­Қ-Ж.Тоқаев Ресейге екі күндік ресми сапарға аттанды. Бұл жолы еліміздегі билік транзиті толық аяқталып, билік Президенттің қолына өткен еді.

Жаңаруға бет алған қоғам

Қаңтардағы қателіктер біздің қоғамда шынайы әділеттіліктің орнамағанын ашық көрсетті. Қоғамдағы әлеуметтік шиеленістердің негізгі себебі қарапайым халықтың күнделікті тұрмысының нашарлауы, табысының жұмырына жұқ болмауы екенін тамыршыдай тап басып, анықтады.

Қ-Ж.Тоқаев аз ғана элиталық, олигархиялық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы ұлттық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіргенін, бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін дәлме-дәл болжады. «Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықара­лық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Жағдайды дереу өзгерту керек» деп мәлімдеді Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-қауымдастықты осыдан сабақ алып, Жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетуге, капитал, тәжірибе, басқарушылар тобы мен нарықты дәл пайымдау сияқ­ты ресурстарды экономиканы қайта құруға жұмсауға шақырды. «Бүгінгі сөз болып отырған реформа «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін тағы да қайталап айтамын. Бұл ақымақтық және жауапсыздық болар еді. Міндет – сіздерді, ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тарту. Өндіріске инвестиция салу, сапалы жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы игі істерге жауап ретінде мемлекет жеке меншікті қорғау бойынша ке­пілдікті арттыруға, тұрақтылық пен мемлекеттік реттеудің болжамдылығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті әкімшілік ресурстардың араласуынан, жемқорлық пен фаворитизмнен қорғауға дайын» деді сол жиында Президент.

Сайып келгенде, Қ-Ж.Тоқаев мемлекетті жаңарту қарқынын бәсеңдеткен жоқ, керісінше, реформалардың жалғасатынын жариялады. Өткен жылы 16 наурызда Қазақстан халқына Жолдауын арнап, суперпрезиденттік басқару моделінен бас тартатынын ашық айтты. «Біз қасіретті қаңтардан мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. Қай елде болса да, тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныс­тық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді. Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс» деді Президент. Ол өкілетті билік тармағы қайта құрылатынын, партияларды тіркеу ресімі жеңілдейтінін, еліміз аралас сайлау жүйесіне көшетінін жеткізді. Осы Жолдауында Президент жаңа облыстардың құрылатынын да жария етті.

Референдум мен сайлау: Үміт пен сенім жеңіске жетеледі

5 маусымда елімізде рес­публикалық референдум өтті. Соның нәтижесінде Ата заңымыздағы өлім жазасы түпкілікті шегерілді. Президент бірқатар өкілетін Парламентке берді. ­Конституциялық сот құрылып, іске кірісті. Президенттің туыс­тарына мемлекеттік қызметте жоғары лауазымдарды иеленуге тыйым салынды. Конституцияға «жер мен табиғат байлығының қожайыны – халық» деген норма енгізілді. Ата заңға енгізілген осындай түзетулерді ­қазақстандықтардың 70 па­йыздан астамы жақтап, дауыс берді. Іле-шала халыққа үндеу жолдаған ­Қ-Ж.Тоқаев Конституцияға енгізілген түзетулер ауқымды реформалардың басы екенін атап айтты. Ал қыркүйек­тегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қаңтар қасіретіне қатысушыларға рақымшылық жариялады. Сондай-ақ, алдағы уақытта Президент және Парламент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты Әділетті Қазақстанды құру екенін тағы қайталап айтты.

Ауқымды реформаларды жүзеге асыру үшін Қ-Ж.Тоқаев халықтың өзіне деген сенімін сынап, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізді. 2022 жылдың 20 қарашасы еліміздің саяси өмірінің тарихына айтулы оқиға болып жазылды. Сайлау додасына «Әділетті Қазақстан: әркім үшін және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрқашан» деген өз қолымен жазған бағдарламасымен түсті.

«Әділеттілік идеясы біздің мемлекеттік саясатымыздағы негізгі тұғырымыз болады. Сондықтан біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген формуламен өмір сүреміз. Жаңа әділетті Қазақстанды құру үшін біз жаңа мемлекеттік саясатқа көшеміз» деді Президент. 20 қарашадағы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың 81,31 пайыз дауысын иеленіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сайлауға қатысушылардың келуі 69,44 пайызды құрады. «Осы сайлауда жұртымыз маған зор сенім білдірді. Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын» деп ант берді Президент ұлықтау рәсімінде.

Биыл 19 наурызда аралас жүйеде өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы Қ-Ж.Тоқаев реформаларының нақты жүзеге асырылып жатқанын әлемге паш етті. Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліске сайлауға қатысуға ұсынылған барлық 7 саяси партияның үміткерлерін тіркеді. Алты партия Мәжілістен орын алды.

Расында да, референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сәйкес билік тармақтарын түгелдей жаңарту басталды. «Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес, Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда, бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет ­жолды қысқа мерзім ішінде жүріп ­өттік. Қазақстанның жаңарып, жаң­ғыра бастағанына жұрттың көзі жетті» деп мәлімдеді Қ-Ж.Тоқаев VIII сайланған ­Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде.

Ұлы өзгерістер жылы: Саяси реформалар жалғасы

Өткен жыл Мемлекет басшысы үшін де, қазақ халқы үшін де ұлы өзгерістердің жылы болғаны рас. Қаңтар қасіретінен бастау алған жыл мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігімізге қауіп төндіргенін дүние жүзі түгел көрді. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың байыпты, салиқалы және прагматикалық саясатының арқасында еліміздің тұтас­тығы мен қауіпсіздігі сақталып қалды. Көшбасшылық қабілеті өз алдына, Президент, ең бас­тысы, өзінің туған ұлтын, елін шексіз сүйетінін ісімен дәлелдеп берді. Ел басына қатер төнген алмағайып кезеңде ішкі ресурс пен сыртқы күштерді өзара үйлесімділікпен біріктіріп, жан-жақты ойластырылған қадам жасау аса маңызды еді. Мұндайда тұлғалық қабілеті толысқан, дипломаттық және мәмілегерлік қасиеті бар басшы ғана дұрыс шешім қабылдайтынын көзімізбен көрдік. Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңаша ойлайтын саясаткер екенін, кез келген саяси дағ­дарыстан шығатын жолды дәл таба білетін кризис-менеджер екенін көрсетті.

2022 жылы басталған мемлекеттік-саяси қайта құру жоспары биыл Мәжіліс және мәслихаттар сайлауымен аяқталды. Бұл қадамдар саяси жүйедегі ойындардың жаңа ережелермен жүргізілетінін меңзеді. Реформатор Президент Қазақстанның жаңа саяси моделінің авторы және жүзеге асырушысы ретінде танылды. Билік пен бұқараны жақындастырып, арасына сенім мен жауапкершілік көпірін орнатқан ел басшысы, әлбетте, халықтың қолдауына сүйеніп отыр. Соңғы жылдардағы сайлау науқандарында халықтың ықыласына бөленіп қана қоймай, әділетті және маңызды реформалар жүргізуге сенімін алғанының өзі – зор жетістік. Бұл бағыттағы Қ-Ж.Тоқаевтың ұстанымы – тұрақтылық пен байыптылық.

Шындығын айтар болсақ, Қ-Ж.Тоқаев тиімді де табысты саясаткерге айналған тұлға десек қателеспейміз. Ішкі және сыртқы саясатта әділдік пен ұстамдылық тізгінін тең ұстайды. Бір жағынан, ұлттық мүддемізді қорғауды, ұлттық құндылығымызды ұлықтауды үнемі алға тартады, екінші жағынан, алпауыт көршілермен ғана емес, өзге елдермен де достық, ынтымақтастық қатынастарды барынша кеңейтуге ұмтылады. Заманауи технологияларды игергені мен бірнеше шетел тілін меңгергені – бұл істегі басты жетістігі. Кәнігі дипломаттығы мен білім-білігі Президентке халықаралық саясатта орнықты, салиқалы стратегия, әдіс-айла ұстануға көмектеседі. Өн бойындағы жаңа заманның, жаңа буынның өкіліне тән қасиеттері еліміз үшін табысты жолды жаңылмай таңдауға, мың құбылатын саяси әлемде көршілермен де, басқалармен де дұрыс, оң қарым-қатынас жасауға, сол арқылы өркениетті елдердің көшіне қосылуға мүмкіндік берері сөзсіз. Лайым солай болғай! 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button