Басты ақпаратМәселе

Өсімсіз қарызбен үй алу мүмкін бе?

Қазақстанда халық тұрмысына қатысты оңтайлы шешім таппай келе жатқан мәселелер аз емес. Әрине, барлық істе «алма піс, аузыма түс» деп халықтың Үкіметке алақан жайып отыра бергені де дұрыс емес. Алайда Үкімет өзі араласып, тіке бақылауына алып шешпесе болмайтын мәселелер де көп. Соның бірі – баспана мәселесі.

Халықтың тең жартысы баспанаға зәру

БАҚ беттеріндегі деректерге қарағанда елімізде баспанаға мұқтаж азаматтардың саны 4,5 миллионға жеткен. Алдағы 7-8 жылда олардың саны 10 млн-ға дейін артуы мүмкін. Демек, қазақстандықтардың тең жартысына жуығы баспанаға зәру. Мұны сала мамандары әлемде болып жатқан геосаяси жағдаймен және құрылыс материалдарының қымбаттауымен байланыстырады.

Қазақстан тұрғын үйді сатып алу қолжетімділігі бойынша әлемде 33-орында тұр. Алдыңғы 50 елдің ішінде бармыз дегенмен, халықтың күнкөріс жағдайымен салыстыра есептегенде, біздің елдегі үй бағасы да арзан емес. Оның үстіне, елімізде құрылыс материалдары өндірілмейді, импортқа тәуелді еліміз. Ипотекалық бағдарламалардың дені жалпы халыққа емес, тек белгілі бір әлеу­меттік осал топтарға қолжетімді екені де жасырын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеген кезде тұрғын үй мәселесіне арнаулы тоқталып, «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап көрсеткені – соның айғағы.

Баспана мәселесі ауыл, кенттерден гөрі ірі қалаларда аса көрнекті болып тұр. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда жыл сайын қаншама ғимараттар салынғанымен, іргетасы қалана салып сатылып кетіп жатады. Бірақ оның барлығын баспанаға мұқтаж жандар алып жатыр деп айта алмаймыз, бір жолда қолма-қол ақша төлеп үй сатып алуға жағдайы келмейтін олар жан-жағына қарап болғанша, қалталылар қағып әкетеді. Себебі бізде үй саудасы – ең қызып тұрған сала. Құрылыс салушы компания­лар да, банктер де үй салу, үй сатудан опырып пайда табатынын былай қойғанда, үй алыпсатарлары мен 20-30 үйге дейін жалға беріп пайда тауып отырғандар да  өзі жетіспей жатқан үйге болған сұранысты арттырып, бағаның күн санап өсуіне мұрындық болуда. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде бір басында екіден артық үйі бар азаматтарға жеңілдетілген несие бермеу, үй салығын молайту жағын қарастырған дұрыс. Сондай-ақ пәтер жалға беріп табыс тауып отырғандардың көлеңкелі саудасына да тосқауыл қоймай, үй саудасындағы келеңсіздіктердің жолы кесілмейді.

Ал баспанаға мұқтаж жандар неге үй ала алмай отыр десек, бастысы, банктердің өсімі өте жоғары. Үй алуға арналған тиімді бағдарламалардың өзі тұрақты табысы бар, орташа деңгейде жалақы алатын азаматтардың өзін тұралатып жіберді. Ең тиімді деген «Отбасы банк» те «алатын үйдің бағасының жарты қаржысын жинау керек, қаржы жинаған уақытың 3 жылға, балдық көрсеткішің 16 нөмірге толуы тиіс» деген шарттарды қояды. Егер аталған банктен есеп ашып, ақша жинаған уақытың 3 жылға толмаса, сол 3 жыл толғанша, қарыз алған ақшаңа ғана емес, өзің құйған ақшаңның үстінен өсім қосып төлейсің. Содан барып, «Отбасы банктің» өсімі 5 пайыз, 8 пайыз дегенмен, екі сомаға бірдей өсім төлегенде оның пайыздық мөлшерлемесі 17 пайыздан асып түседі. Алда-жалда ол үйдің қарызын төлей алмай қалса, үйді тартып алғанның сыртында алғашқы салған жарнасы мен ай сайын төлеген ақшасын да қайтармайды.

Елімізде баспанаға мұқтаж азаматтардың саны 4,5 миллионға жеткен. Алдағы 7-8 жылда олардың саны 10 млн-ға дейін артуы мүмкін. Демек, қазақстандықтардың тең жартысына жуығы баспанаға зәру

Банктер бәрін өзіне қолайлы етіп жасап, халықтың желкесіне мініп алған. Осыған дейін олар банкрот болуға айналса, мемлекеттен ақша бөліп, сүйемелдеп келдік. Ал ұлттық қордағы ақша – халықтың қан-терімен жиналған қаржы. Бірақ соған қарамастан банктер айналып келіп халықтың қанын сүліктей сорады.

Демек үй алғысы келетін азаматтар банк пен үй алу бағдарламаларындағы осындай қитұрқылықтардан әбден шаршады. Міне, осы жағдайға байланысты халыққа өсімсіз несие беріп, баспана мәселесін шешудің жолдарын қарастырып жатқан азаматтар да бар екен. Соның бірі «Amanat drive» жобасының жетекшісі – Көңілбай Қалдыбекұлы.

«Банктердің халықты қанауына кім рұқсат берді?»

Менің Көңілбаймен кездесіп сұхбат алғаныма 3-4 айдан асты. Бастап­қыда оны «Қазақстандықтарға өсімсіз үй алып берудің жолын қарастырып жүрген азамат» деп таныстырғанда, өз басым сенген жоқпын. Себебі қия басса тиын сұрайтын біздің елде ондай жеңілдік жасау ертегі сияқты естіледі.

Өзін «Асыл адам» қорының негізін қалаушы, «Бақытты отбасы» жобасының авторымын деп таныстырған ол «Amanat drive» жобасын таныстырудан бұрын, еліміздің тұрғын үй саясатындағы кейбір келеңсіздіктер мен банктердің былығы жайлы да біраз толғады.

«Біріншіден, біздің елдің халқында үй алуға келгенде мүлде таңдау еркі жоқ. Арқасына аяздай батып тұрса да, жоғары өсімді несиемен үй алуға мәжбүр. Екіншіден, халықтың үй сатып алған кездегі заңдық құқықтары аяққа тапталып жатыр. Оны ескеріп отырған заңды орган жоқ. Биліктің де онымен жұмысы жоқ. Мәселен, банктегі несие алудың басы өзің туралы толық мәлімет беруден басталады да, сол жеке ақпаратыңды үшінші жақпен бөлісуге банкке келісім бересіз. Сонда біздің жеке тұлғалардың құпиялығы қайда қалды?!

Несие беру үшін кіріс-шығысын да есептейді. Кірісі төмен болса, несие бермейді. Былай қарасаңыз, дұрыс сияқты. Бірақ мұғалімнің кірісі төмен болса, оған мұғалім кінәлі емес қой, сол мамандыққа сондай жалақы тағайындап отыр­ған мемлекет кінәлі. Үшіншіден, банктердің өз білгенінше өсім алуына кім рұқсат берді? Өзің құйған ақшаға өзің өсім төлеу деген қайдан шыққан қитұрқылық? Банктердің барлығына халықты тонауға кім жол берді?» деп бір тынып алған ол, «Мемлекеттің негізгі құндылығы адам және оның құқтары болса, біз соны қорғауымыз тиіс. Азаматтарымызды үйдің құлы етпей, банктің алдында оның жеке құпиялықтарының сақталуына кепілдік етуіміз керек!» деп қадап айтты.

«AMANAT DRIVE»-тың амалы қандай?

Табысты растамай-ақ баспаналы болып, ол үшін алған несиеңізді өсімсіз бөліп төлеуге болатын «Amanat drive» бұл күнде жұртқа бейтаныс емес. Көңілбай Шукеновтің осы жобасына қатысып, үй, машина алып жатқандар да бар. Бірақ оған әлі сенбейтіндер де аз емес. «Халық та ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айыра алмай қалды. Халыққа себі тисін деп бір бағдарлама жасасаң, оған аузы күйген жұрт оңайлықпен сенбейді. Керісінше, бізге қарсы жасалып жатқан шабуыл да аз емес. Сосын да «Amanat drive» жөнінде жұрт арасында екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Бірақ біз біреуді алдап, ақшасын алып, үйін бермей кеткен жеріміз жоқ. «Amanat drive»-қа ақша құйып, кейін елдің өсегіне сеніп, ақшамды қайтар дегендер де болды. Қайтардық. Соның әсерінен бір сүрініп тұрдық» дейді Көңілбай.

Көңілбайдың айтуынша, «Amanat drive» бағдарламасы бойынша, үй алу үшін сіздің жеке ақпаратыңыз керек емес, жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне қарамайды. Үйдің ай сайынғы өсімсіз қарызын қайтара алатынына сенімді болса болды, табыс көзін нақтылау талабы да қойылмайды. Үйдің құжаты несие алған адамның атына жазылып, қолына беріледі. Бірақ «Amanat drive» ол үйге бұлтартпау шарасын қолданады, яғни үйді алған азамат оны сата алмайды, біреуге сыйлыққа бере алмайды.

– Біздің бұл арада басты мақсатымыз – халықтың мүддесі мен құқығын басты орынға қою. Біздің кооперативке мүше болып үй алғандардан үйдің жалпы құнының 5 пайызын алып отырмыз. Мысалы, 10 миллионға үй алсаңыз, бізге бір-ақ рет 500 мың теңге ақша төлейсіз. Біз осы ақшамен сізге 10 жыл бойы қызмет көрсетеміз. Сосын 10 миллион теңгенің 30 пайызын алғашқы жарна ретінде құясыз. Ол ақшаны мен де, ақша салған адам да жасырын жолмен шығарып ала алмайды, қатаң бақылауда тұрады. Қалған 70 пайызын біз сізге он жылға өсімсіз береміз. Бұл арада кезек бар екенін ескерген жөн, яғни сіз үй алам деп бізге тіркеліп, ақша тапсырғаннан кейін 6 ай күтесіз. 6 айдан кейін алатын үйіңізді өзіңіз таңдап аласыз. Ауылдан да, қаладан да сатып алуыңызға болады. Егер төлемді бір-екі ай кешіктірсеңіз, бізге себебін көрсетіп өтініш жазуыңыз керек, 1-2 ай кешіктіргені үшін оған ешқандай жаза қолданылмайды. Егер төлей алмай қалса, үйін қайтарып аламыз да, бастапқы салған 30 пайыз жарнасы мен ай сайын төлеген сомасын түгел қайтарып береміз. 5 пайыздық кіру жарнасы қайтарылмайды. «Amanat drive»-тың банкке ұқсамайтын жері – осы. Бұл біздің уставта анық жазылған, – дейді Көңілбай.

Сөз соңында біз Көңілбайдан «Сіздер жұмыс бастаған 2019 жылдан бері осы жұмыстарыңызға байланысы дау туып, сотқа түскен жағдай болды ма?» деп сұрадым. «Жоқ, керісінше 2000-ға жуық отбасы біз арқылы пайызсыз үй алды» деп жауап берді ол.

Содан бері «Amanat drive»-тың жұмыс жүргізу қағидасына үңілдім. Осы жолмен үй алғандармен де сөйлестім. Бір байқағаным, оған сенім артып, тіркелген адам көбейген сайын, оның баспана беру жылдамдығы барынша тездейді екен. Халықты жоғары өсімді несиеге тығып, мойнына қарыздың қамытын ілгенше, өсімі жоқ осы жолды Үкімет те зерделеп көрсе дейміз. Өйткені халық жоғары өсімді қарыздан шаршады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button