Басты ақпаратЕл тынысы

Отбасы күні отау құрды

Бақытты әрі берік шаңырақ – еліміздің игілігі мен өркендеуінің кепілі. «Отан отбасынан басталады» дегендей, отбасы құру – Отан үшін де, отбасы үшін де аса жауапты жұмыс. 2022 жылы Қазақстан бойынша 128,5 мың жұп некесін қиған. Ал Астанада жыл сайын 11400 жұп некеге тіркеледі. Халықаралық отбасы күніне орай Астанада бір топ жас жұбайлардың некесі қиылды.

Халықаралық отбасы күні аясында Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының бастамасымен және Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен жас жұбайларға неке қию куәлігі салтанатты түрде тапсырылды.

6 жұптың қуанышымен бөлісіп, олардың өміріндегі маңызды сәттің куәсі болуға келген туған-туысымен бірге Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан да келіп құттықтады.

Салтанатты іс-шара барысында фойеде қонақтарға арнайы №2 өнер мектебінің «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

– Бәйтерек – біздің ұлттық тұғырымыз. Осынау киелі жерде сіздердің жастық шағыңыз тоғысып, арман-­тілегіңіз ұштасып тұр. Осы жақсы ырым жалғасын тапса екен. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отыра, құрып жатқан шаңырағыңыз биік болсын, керегеңіз кең болсын дегім келеді, – деді құттықтау сөзінде Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаев.

Жас жұбайлар өзінің отбасылық өмірінің алғашқы қадамын Есілдің сол жағалауындағы «Бәйтеректің» басында жасауын жақсылыққа балап, маңызды сәт екенін айтты. Қазақы ұғымымыз­да жайқалған бәйтеректей жапырақ жайып, орманға айналсын деген ұғым жұбайлардың бүгінгі арман-тілегімен ұштасып жатты.

«Үйлену – оңай, үй болу – қиын. Оған ерлі-зайыптының екеуі бірдей атсалысуы керек. Отбасының беріктігі сыйластық пен өзара түсінушіліктің, бір-бірімізді толықтырып отырумен тікелей байланысты деп ойлаймын. Жастарға да осы қасиеттерді көбірек бойына сіңіріп, сезімін аялауға, кешірімді болуға, ата-анасын сыйлап, бір-бірін тыңдауға шақырамын» деді өз сөзінде Светлана Айтбаева.

Жастармен әңгімелесу барысында өмірге маңызды қадам басқалы тұрған жұбайлардың отбасы құндылығы, алдағы өмірі туралы ойы тоқтаған, қазақы дәстүрдің алға апарушы міндетін түсінетіні қуантты.

Жас жұбайлар Айбол Нарманов пен Салтанат Абдрахманова мерекелі күнде неке қиюын жақсылыққа балады.

«Шыны керек, мұндай салтанатты рәсімді күткен жоқпыз. Біз осы 15 мамыр күніне өтініш тастап едік, кейін «Бәйтерекке» шақырту алдық. Оның да өз мәнісі бар деп білеміз. Шаңырағымыздың биік әрі берік боларының бір белгісі» деді олар.

Есіл аудандық АХАЖ бөлі­мінің басшысы Раушан Зарированың сөзінше, ауданда ай сайын орташа есеппен 300 жұп неке қияды.

– Әлеуметтік орта жас жұбайларға берекелі отбасы болуына мүдделі. Біз қоғамымызда ажырасудың аз бол­ғанын қалаймыз, сондықтан отбасы институтын кеңінен насихаттауға тырысамыз, – деді Р.Зарирова.

Бұл салтанатты рәсім Отбасы күніне орай елордада өтетін іс-шаралардың шымылдығын түрді. Мұндай мағыналы шаралар отбасы мәртебесін көтеріп, ортақ құндылықтарды дәріптеуде орны ерекше болмақ.

Мереке күні заңды некеге тұрған жұптардың жүзі бал-бұл жанып, ­бір-біріне ерекше жылумен қиыла көз тастады. Арадағы іңкәр сезім оларды алға жетелеп, сеніміне қанат бітіргендей. Біз де шаңырағы шайқалмай, отбасы құндылықтарын берік сақтаса екен дегіміз келеді.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button