Қала мен Сала

Аула клубы – тәрбие мекені

Қаламыздағы Күмісбеков көшесі 6-үй орналасқан мекенжайда аулалық футбол клубы ашылды. Жобаның бастамашысы, елордалық мәслихат депутаты, қалалық футбол федерациясының президенті, атақты қақпашы – Давид Лория.

Игі бастаманы Астана қаласының әкімдігі мен «Жеңіс» футбол клубы қолдады. Аулалық футбол клубының салтанатты ашылу рәсіміне қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимов, Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев  қатысты.

Бүгінгі таңда клубтың мүшесі болу үшін 50-ден астам адам ниет білдіріп отыр. Олардың барлығы жас топтарына сай бөлініп, жазғы демалыс уақытының соңына дейін футболмен тегін айналысады.

Жоба бастамашысының айтуынша, бұл аулада аптасына 2 рет кәсіби жаттықтырушы келіп, жергілікті балалар үшін тегін жаттығулар өткізеді.

– Футболмен айналысқысы келетін жандардың саны көбейген сайын, сабақ кес­тесіне сәйкес жаттығулардың саны ұлғаятын болады. Енді ауладағы балалар бос жүрмейді. Біз балаларға барлық қажетті дағдыларды дамытуға мүмкіндік бергіміз келеді. Округімізде турнирлер өткізіп, жаңа клубтар ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Давид Лория.

Қыс мезгіліне қарай сабақтарды өткізу үшін арнайы манеж іздеу мәселесі қарастырылады. Бұл ретте жастар мен жасөспірімдерді бұқаралық спортқа, шығармашылық үйірмелерге тарта отырып, өмірлік дағдыларды үйрету арқылы олардың өмір сапасын жақсартуға басымдық беріледі.

Жалпы, аула клубтарының қызметі жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтуға, балалардың денсаулығын жақсартуға және олардың уақытын пайдалы өткізуге, сондай-ақ  патриотизмнің дамуына ықпал етеді. Себебі олардың басым бөлігі жан-жақты дамып қана қоймай, қоғамдық шараларға да өз үлесін қосып келеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button