Басты ақпаратЕлорда тынысы

Елорданың келбеті қалай өзгереді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айында елорданы дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізіп, бас шаһардың даму стратегиясын қайта қарап, жаңадан бас жоспар дайындауды тапсырғаны мәлім. Президент елордамыз дамудың жаңа үлгісіне көшуге, Астана инновациялық шаһар болуға тиіс екенін атап өтті. Әлемде қаланы басқарудың жаңа цифрлы тәсілдері қарқынды түрде еніп жатқанын, біз де оған баса назар аударуымыз керегін қадап айтты. Президент қалалық әкімдікке Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, бұл жұмысты дереу қолға алуды тапсырды. Бас жоспардың жобасына қатысты өткізілген қоғамдық тыңдау­да осы және бұдан басқа да өзекті мәселелер ашық талқыланды.

Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың жаңа бас жоспарын жасауды тапсырған болатын. Осыған орай, елордадағы Жастар сарайында «Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспары­ның» жаңа жобасы бойынша қоғамдық талқылау өтті. Іс-шараға «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС өкілдерімен бірге қаланың белсенді тұрғындары қатысып, бас шаһардағы маңызды мәселелерді ортаға салды.

Баршаға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 31 қаңтарында елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өткізіп, Астананың жаңа бас жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Президент елорданы жасампаз, жайлы және таза қала қағидасына сәйкес дамыту, әлемдегі барлық озық тәжірибені тиімді пайдалану қажеттігіне де назар аударғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Сондай-ақ кеңес­те Қасым-Жомарт Тоқаев бас шаһарды тез арада жаңғыртып, қаланың даму стратегиясын қайта қарау керектігін ерекше атап өтті.

Қолданыстағы бас жоспар 2016 жылы құрылған еді. Ол 2030 жылға дейінгі мерзімге және 1 млн 220 мың адамға есептелген болатын. Дегенмен 2022 жылдың басында қала халқы 1 млн 240 мың адамға жетті. Осыған орай, Президент тұрғындар санының артуын ескере отырып, жаңа бас жоспар әзірлеуді тапсырды.

«Құжатта қаланы кешенді түрде дамытудың негізгі бағыт-бағдары айқын көрсетілуге тиіс. Әкімдікке арнайы қоғамдық тыңдау өткізіп, қаланың жаңа бас жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Сосын Үкімет оны жыл соңына дейін мақұлдауы керек. Президент Әкімшілігі жұмыстың уақытылы әрі сапалы орындалуын бақылауға алады» деген Мемлекет басшысының сөздерінен кейін «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС аталған құжатты дайындауға кірісті. Сөйтіп, елорданың дамуына жауапты мекеме өкілдерімен бірге қала белсенділері жаңа жобаны қоғамдық талқылауға салып, жаңа құжатқа қатысты өз сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.

Бүгінгі таңда елордада орта білім беретін 133 мектеп бар. Ал 2035 жылға қарай 164 жаңа мектеп салынады. Оның ішінде 2022 жылы 15 мектеп пайдалануға берілді. 2025 жылға де­йін – 74, 2025 жылға қарай 75 мектеп салынады

«Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС директорының орынбасары Серік Әбдірахмановтың айтуынша, бас жоспарға сәйкес, қала халықты қызмет көрсету және тіршілікті қамтамасыз ету үшін 148 жоспарлы секторға бөлінген.

– Жоспарлы сектор – бұл бір­неше тұрғын үй орамынан тұратын ірі қалалық аумақ. Жоспарлы сектор қағидаты – жалпы білім беру мектептерінің, балабақша­лардың жаяу баратын жерде болуы, балалардың көлік қозғалысы қарқынды жалпы қалалық магистралдарды кесіп өтуіне жол бермеу, қала тұрғындарын, оның ішінде балалар мен қарттарды, тұрғындардың қозғалысы шектеулі топтарды қауіпсіз жаяу баратындай радиуста қызмет көрсету мекемелерімен қамтамасыз ету. Жалпы бұл – бәріне таныс шағын аудандар. Бірақ олар іріленіп, өмірдің қазіргі заманауи жағдайына бейімделеді. Бұл іс-шаралар қаланы барлық жоспарлы секторда тұруын қолайлы етеді, – деді Серік Әбдірахманов.

Астаналықтардың саны артты

2023 жылдың 1 маусымында елорда тұрғындарының саны 1 млн 376 мың адамға жеткенін айта келе, серіктестік директорының орынбасары халықтың жыл сайынғы өсімі 50 мыңнан астам адамды құрайтынын жеткізді.

Қазіргі қолданыстағы 2016 жылғы бас жоспарға сәйкес, елорда аумағы 71 мың гектар болатын. Бірақ 2017 жылдың 6 ақпанында Президент Жарлығымен Астанаға Ақмола облысы Целиноград ауданының 8719 гектар жері қосылды. Осылайша, қала ауданы 79,7 мың гектарға жетіп отыр.

Астанадан 30 шақырым ра­диуста 39 елді мекен бар. Ондағы тұрғындар саны жыл санап өсіп келеді. Жалпы бүгінгі таңда бас қалада халық саны 1 млн 376 мыңға жеткен.

– Елордадан 30 шақырым радиуста болжамды халық саны 283 мың адамды құрайтын 39 елді мекен орналасқан және маятниктік көші-қон деңгейі – 85 мың адам. Демек, қалаға күн сайын 85 мың адам келіп-кетеді. Астанадан 60 шақырым аймақта 83 мың адам тұратын 50 елді мекен бар. Маятниктік көші-қон деңгейі жылына 11 мың адамды құрайды, – деді Серік Әбдірахманов.

Астанадан 60 шақырым аймақтан күн сайынғы жалпы көші-қон 96 мың адамға жетеді. Айтуынша, маятниктік көші-қон жағдайын жақсарту үшін, жобалық шешімдерге сәйкес, Астана агломерациясы аймағын қатар дамыту, қосымша жұмыс орындарын құру, өмір сапасын жақсарту қажет.

Мектеп салу – өзекті мәселе

Мемлекет басшысы елорда балабақшаларындағы және мектептеріндегі орын тапшылығына да назар аударды. Бұл ретте Президент Астанада білім беру ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатқанын, былтыр небәрі 3 мектеп салынғанын, 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмегенін, соның салдарынан бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейгенін атап өткен еді.

Қазіргі қолданыс­тағы 2016 жылғы бас жоспарға сәйкес, елорда аумағы 71 мың гектар болатын. Бірақ 2017 жылдың 6 ақпанында Президент Жарлығымен Астанаға Ақмола облысы Целиноград ауданының 8719 гектар жері қосылды. Осылайша, қала ауданы 79,7 мың гектарға жетіп отыр

«Кей сыныптарда 30-дан астам бала оқиды. Бұл, әрине, білім сапасына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын жетіспейді. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мұның бәрін шешуге баса мән беруі керек. Жалпы мектеп салу мәселесі – бұл стратегиялық міндет. Оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керек. Мен бұл мәселені осыған де­йін де талай рет айттым. Бірақ ниеті бар азаматтарды және нақты іс-әрекетті әзірге көріп отырған жоқпыз. Жалпы жеке қаржыға мектеп салудың жолдарын ойластырған жөн» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС директоры орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда елордада орта білім беретін 133 мектеп бар. Ал 2035 жылға қарай 164 жаңа мектеп салынады. Оның ішінде 2022 жылы 15 мектеп пайдалануға берілді. 2025 жылға дейін – 74, 2025 жылға қарай 75 мектеп салынады.

– Бүгінде қала аумағында мектепке дейінгі балаларға арналған 429 ұйым жұмыс істеп тұр. Бас жоспарда 2035 жылға қарай қосымша 175 балабақша салу көзделген. Қазіргі уақытта қалада 39 денсаулық сақтау нысаны бар. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай тағы 93 нысан салынады. Бұдан бөлек, қазір қалада 11 өрт сөндіру ДЕПО-сы болса, 2035 жылға дейін тағы 17 ДЕПО салу жоспарланған, – деді Серік Әбдірахманов.

Үшінші айналма жол салынады

Елордада екінші айналма жол құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар үшінші айналма жол салу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС қалалық көлік тобының бас маманы Ақмарал Темірова мәлім етті.

– Астана, өзінің жоспарлы шешіміне сәйкес, тиімді-айналма құрылымға ие. Яғни бірнеше айналма бар. Біріншісі – К-1 үлкен сыртқы айналма жолы. Өткен бас жоспарда біз ішкі – кіші айналма жолды ұсындық. Ал бұл жоспарда үлкен және кіші айналма жолдардың арасында үшінші айналма жол салуды ұсынып отырмыз, – деді бас маман.

Оның айтуынша, бүгінде К-1 деп аталатын үлкен айналма жол толық жұмыс істеп тұр. Ал кіші айналма жолдың 70 пайызы пайдалануға берілген. Енді үшінші айналма жол салу көзделіп отыр.

– Үлкен айналма жол бар. Кіші айналма жолдың 70 пайызы салынды. Енді, міне, жаңа бас жоспарда үшінші айналма жолды ұсынып отырмыз. Ол кенттенген аумақ шекарасы арқылы өтеді. Бұл қалаішілік транзиттік қозғалысты қамтамасыз ету үшін жасалады. Қалаға кірмей, бір шеттен екінші шетке бару үшін адамдар қазіргі уақытта, негізінен, К-1 үлкен айналма жолға шығады. Бірақ айналма жолға шыққанға дейін көп уақыт жоғалтады. Сондықтан кенттенген аумақ шекарасында үшінші айналма жол салуды ұсынамыз. Бұл айналма жол өндірістік аймақ арқылы өтіп, қаланың шығыс, оңтүстік бөліктерін қамтып, «Тельман» елді мекенінен Талдыкөл арқылы «Ильинка», одан кейін «Көкталға» дейін болады, – деді Ақмарал Темірова.

Жол жүктемесі азаяды

Жаңа бас жоспарға сәйкес, келешекте елордада іскерлік аудандар жобасы іске аспақ.

– Біз көлік-ауыстырып отыр­ғызу тораптарын құруды ұсынамыз. Оларды радиалды-айналма бағыттағы жолдар қиылысында ұсынып отырмыз. Мәселен, мұндай көлік-ауыстырып отырғызу торабын жаңа мешіт ауданында құруға болар еді. Оларды «іскерлік аудандар жобасы» деп те атауға болады. Мұндай тораптар тек көлік инфрақұрылымын, яғни паркингті, терминалдарды, ЛРТ, БРТ стансаларын ғана емес, сонымен бірге, сауда-­ойын-сауық кешендерін, бизнес орталықтарды, сауда залдарын қамтиды, – деді А.Темірова.

Бас маманның мәлімдеуінше, мұндай көлік тораптары қалаға үлкен кіреберістердің бәрінде құрылады. Мәселен, егер адам Қосшыдан келе жатса, аталған торапқа көлігін қалдырып, қоғамдық көлікке ауысып мініп, қалаға барады. Мұндай тораптар қаланың радиалды кіреберістеріндегі барлық қиылыста салынады. Яғни Қосшы, Қорғалжын тасжолы, Қостанай, Көкшетау, Қарағанды бағыттарында болады. Осылайша, аталған көлік-ауыстырып отырғызу тораптары қала маңы аймағының барлық көлік жүктемесін өзіне жинайды.

– Жоспардың есепті кезеңі – 2035 жыл. Дегенмен біз 2050 жылға дейін қамтып отырмыз. Өйткені 2050 жылға қарай айтарлықтай жүктеме болады және халық саны артады. Көше-жол желісіне жүктемені азайту, қаладағы автомобильдер санын төмендету үшін сырттан келетін жеке көліктерді барынша қысқартуымыз қажет, – деді бас маман.

Сондай-ақ, Ақмарал Темірова келешекте елордада қанша жол айырығы салынатынын жеткізді.

– Қазіргі уақытта магистралды көшелер мен жолдардың қиылысында 21 жол айырығы бар. Ұзақ мерзімді келешекте, яғни 2035, 2050 жылдарға қарай тағы 64 жаңа құрылыс салу жоспарланып отыр. Таяу уақытта шағын айналма жолдарда бірнеше жол айырығын салу көзделген. Олар – қазіргі уақытта құрылысы жүріп жатқан жолдар, – деді А.Темірова.

Айтуынша, қаладағы шағын айналма жол бірнеше көшеден тұрады.

Шағын айналма жол Ш.Бейсекова көшесінен басталып, Ұлы дала көшесіне ұласады. Одан кейін қаланың оңтүстік-шығыс бөлігі арқылы Р.Қошқарбаев көшесіне ұласып, өндірістік аймақ пен әл-Фараби даңғылын қамтиды. Таяу уақытта теміржол өткелі ауданында, Мақтұмқұлы көшесі мен Бөгенбай батыр даңғылында екі жол айырығын салу жоспарланып отыр. 2035 жылға қарай Кенесары көшесі бойында үш көпір салынады.

Қоғамдық талқылау барысын­да жобалау институтының жетекші сәулетшісі Азамат Ошахметов мұндай іскерлік аудандар қаланың 6 жерінде салынатынын атап өтті. Мәселен, қазіргі уақытта Павлодар мен Қостанайдан күніне шамамен 100 мың адам жүріп өтеді. Қала орталығына осы жүктемені болдырмау үшін аталған жоба ұсынылды. Ол жерде бизнес-­орталық, паркинг, қонақ үй, супермаркет, сауда-ойын-сауық орталығы, тіпті келушілерге ыңғайлы болуы үшін Халыққа қызмет көрсету орталығы мен салық органдары да болады. Бұл жоба әлі келісу сатысында қаралып жатыр.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button