Мәдениет

Жүректері бірлікпен үндескен

Астанада ЮНЕСКО аясында бірқатар министрлік пен Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «The planet of art-2023» халықаралық жастар фестивалі музыкалық циклінің гала-концерті өтті. Оған ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле ­арнайы қатысты.

Қазақстанның ұлттық ­ЮНЕСКО клубтары федерация­сы ұйымдастырған шараның басты мақсаты – балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау, мемлекеттер арасында достық байланысты нығайту, заманауи өнерді дәріптеу. Бұл концертке Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей елдерінің 12-18 жасар түрлі конкурсының 42 лауреаты қатысып, өнер көрсетті. Олар 5 мың үміткер арасында іріктелді.

– ЮНЕСКО-ның негізгі идеяларын қолдауымыз керек. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің бойына бейбітшілікті сақтау, толеранттық, тату көршілік сияқты қасиеттердің дәнін себуіміз қажет. Мұның бәрі білім, ғылым және мәдениет арқылы іске асады. Соңғысы, бәлкім, өскелең ұрпақты тәрбиелеудің ең басты элементінің бірі болар. Егер балаларға дұрыс тәрбие берілсе, олар өз халқы мен өзге елдердің мәдениетін білсе, бізді жарқын болашақ күтіп тұр, – деді Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қазақстанның ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының президенті Болат Ақшолақов.

«The planet of art» халық­аралық жастар фестивалінің биылғы ұраны – «Жүрегіміз бірлікпен үндессін». Концерт бүгінгі әлемдік музыкалық мәдениеттің бағытын бағамдауға мүмкіндік берді. Соның ішінде қазақстандық композиторлардың туындылары да орындалды. Жалпы осы фестивальдің бір пайдасы – отандық авторлардың әлемге танылуына жол ашады. Бұл қатарға композиторларды ғана емес, хореографтарды да қосуға болады. Себебі гала-концертте әндер ғана айтылмай, театрландырылған қойылымдар да көрсетілді.

Еркеназ ЗЕЙКЕН,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button