Мәселе

Ұрпақ тәрбиесінде ұсақ-түйек болмайды

Бас қаладағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебінде «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жаһандық қайта құрулар дәуіріндегі ұрпақ тәрбиесі» тақырыбында жиын өтті.

Шараға ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері, жетекші қазақстандық сарапшылар, жоғары оқу орындарының профессорлары, мектеп директорлары, ғылыми қоғамдастық және даму институттарының өкілдері қатысты.

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі ұлттық бірегейлік идеясын терең пайымдауға, қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен мәдени мұрасын жандандыруға, оларды қоғамдық және халықаралық деңгейге ілгерілетуге, мемлекеттік тілдің рөлін күшейтуге бағытталған шараларды жүзеге асыруды көздейді.

Жиынды жүргізген «Қара шаңырақ» ҚБ кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай мемлекеттік тілдің маңызы, отандық тарих және ұрпақ тәрбиесіне тоқталды.

– Үкімет бекітіп, қолға алынып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына еліміз үлкен үміт артып отыр. Өйткені аталған жоба орта білім орындарының жетіспеушілігі мәселесін жүйелі түрде шешуге, апатты және үш ауысымды мектептер проблемасын жоюға бағытталған. Ол 2025 жылға дейін 842 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептерді пайдалануға беруді көздейді. Алайда осындай жобаның мемлекеттік тілдегі атауының сәтсіз екені бірден көзге түседі. Сонда қалған мектептердің баршасы жайсыз мектеп болғаны ма? «Ел мектебі», «Заманауи мектеп», «Жаңа мектеп», «Кемелденген мектеп» деп аталса, атына заты сай болып шығар еді. Әйтпесе өзге тілден көшірме нұсқасы – калька аудармасы түп мағынасынан алшақтап, тіл табиғатын дұрыс бере алмағанынан бұрын, жасандылыққа байланып тұрғандай көрінеді, – деді Дархан Мыңбай.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ғалиябану Кертаева, жас ғалым Алма Сайлауқызы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебінің директоры Марс Аблезов, «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы ұсынылған тақырып бойынша ойымен бөлісті. Пікірталаста «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұзақ мерзімді жоспары талқыланып, ұсыныстар айтылды.

Жібек РАХИМОВА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button