Мәселе

Санымыз өспей, өркендеу жоқ.

Өркениет көшіне ілесемін дейтін мемлекет сандық және сапалық деңгейі өсуіне маңыз беріп, біз қаншамыз, қанша өндіреміз, қанша тұтынамыз, қайтіп тұтынамыз деген сұрақтарға жауап іздеп, соған сай жұмыс істейді.

САННАН САПА ШЫҒАДЫ

Рас елдің дамуына халықтың саны ықпал етеді. Әсіресе еңбек ресурсында шешуші мән ие. Қытайдың экономикалық тұрғыда қарқынды дамуында арзан еңбек ресурсының әсері мол. Еңбек құнының арзан болуы, тауарды арзандатып, соның салдарынан сұранысты арттырады. Бұл өз кезегінде кіріс көзіне әсер етеді.

Саннан сапа шығады, ал, сапалы ұлт бәсекеге қабілетті болады. Түркияның Конья қалысында өткен Ислам ойынында Өзбекстан құрама командасы Иран, Әзербайжан және Қазақстаннан жоғары көтеріліп, жалпы командалық есепте 2-ші орыннан көрінді. Бұл елдің спортшылары 158 медаль жинаса, соның 51-і алтын, 42-і күміс, 65-і қола медаль. Қазір көрші ел халқының саны – 35 миллионнан асты. Яғни спорттың қай саласында болмасын бәсеке жоғары. Бәсеке болған жерде сапа артатыны белгілі жайт.

Санымыз аз, жеріміз кең. Құдай сақтасын, басқыншылар шекараға көз салмасын. Салса, 13 394 шақырымға созылып жатқан шекарамызға бүкіл әскерді жұмылдыру аздық етеді. Бүгінде Украина Ресей әскеріне тойтарыс беруде. Әрине, оған жан-жақты фактор әсер етеді. Оған бір себеп, украин халқының саны аз емес, 43 миллионнан асады.

Міне, сан мен сапаға байланысты үш дәлел-дәйек келтірдік. Демек, демографиялық көрсеткішке мән беру стратегиялық маңызды міндеттің бірі. Бұл мәселе баспасөзде сан мәрте көтерілмеді.

Халықтың өсіміне алаңдаған қаламгер Камал Смайылов қаламдас досы Шерағаңа хат жазып:

– 1959 жылы 18-49 жас аралығындағы қазақ әйелдері мың бала шаққанда 220 нәресте туған болса, 1995 жылы осынша әйел-анадан 90 сәби ғана дүниеге келді. Яғни 2,5 есеге кеміді. Осы қалпымен бара берсе онда Мақаш Тәтімов айтқандай ХХІ ғасырда қазақ халқы табиғи өсімі таза тоқтайды, – деп алаңдаушылық білдіреді.

Қазақ журналистикасының қара нары Шерағаң табиғи өсімнің шектелу себебін: «Бұрындары «Алтын алқалы», «Күміс алқалы» аналар тізімі газет бетіне сыймай жататын. Қайда солар қазір? Үкімте тарапынан оларға қолдау сарқылған. Өз балаларын тумай жатып жұтып қоятын, туған соң да жеп қоятын ұлтта болашақ жоқ!» дейді.

Статистикалық мәліметтерге көз жүгітсек, 1999 жылғы санақ нәтижесі бойынша Ақмола облысының халқының саны 318 мың адамды құрады. 2000 жылы – 381 мың, 2005 жылы – 529 мың, 2010 жылы – 719 мың, 2015 жылы – 872 мың, 2020 жылы – 1 миллион 149 мың адамға жетті.

Жазушының «жұтып қоятын», «жеп қоятын» деген сөзінің астарында жасанды түсік, бедеулік пен белсіздіктің көбейгенін меңзеп, ұлтқа қауіп төндіретін кесел екенін жазады…

Демограф-ғалым Мақаш Тәтімов: «1690-1990 жылдары болған халықты ыдырата, қырып-тозудың салдарынан қазақтар жалпы саны 5 миллион 950 мың адамнан айырылды. Оның орнын жуық арада толтыру мүмкін емес» – деп тұжырымдайды.

Озық елдер әлеуметтік-экономикалық көрсеткішпен бірге халықтың табиғи өсіміне мемлекеттік деңгейде мән береді. Өйткені табиғи өсім болмаса, бүгінгі жетістік ертең жоқ болатынын жақсы біледі.

ӘЛЕМДЕГІ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛ

2021 жылғы статистика бойынша әлемнің 224 елінде 7 миллирд 895 миллион адам тұрады. Жер бетіндегі адамдардың жалпы санының 18,3 пайызы Қытайдың халқы құрайды. Онда 1 миллард 447 миллион адамға жетті. Әрі 1 шаршы шақырымға 150 адамнан келеді. Екінші орында Үндістан тұр. Бұл елде жаһанның 17,7 пайыз тұрғыны тұрады. Халық саны – 1 миллиард 398 миллион адам.

Үздік ондыққа АҚШ, Индонезия, Пәкістан, Бразилия, Нигерия, Бангладеш, Ресей, Мексика кіреді. Бұл елдерде жер бетіндегі халықтың 21 пайызы өмір сүреді.

Мемлекеттердегі халықтың орналасу тығыздығы азиялық елдерде жоғары екенін көруге болады. Мәселен, Сингапурде 1 шаршы шақырымға 8479 адамнан келсе, Гонконгте – 6844 адамнан келеді.

Жер жүзіндегі халықтың 61 пайызы Азия құрлығында тұрса, 17 пайызы Африка елдеріне тиесілі. Еуропаның үлесіне 10 пайыз, Латын Америка мен Кариб бассейні 8 пайыз, Солтүстік Америкаға 5 пайыз келеді.

Еуроодақ пен АҚШ-тың сарапшылары Азия экономикалық дамудың драйверіне аналады, өйткені Қытай, Үндістан, Иран, Оңтүстік Корея, Малайзия және т.б азиялық елдердің әлемдік қаржы секторында үлес салмағы артып келетінін айтуда. Халық көп болған жерде сұраныс болады, сұраныстың артуы экономикаға тікелей әсер ететіні түсінікті-ақ.

Кезінде шекесінен қарап, менсінбей жүрген өзбектердің саны 90 жылдармен салыстырғанда 2 есеге артты. Олар әлемде халық саны жөнінде 41 орында тұр. Бұл елде 1 шаршы шақырым жерде 75,9 тұрғын қоныстанады.

Енді Қазақстан мен Өзбекстанның демографиялық көрсеткішін салыстыра сараласақ, 1989 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша Қазақстанда 16 миллион 536 мың адам болса, Өзбекстанның халық саны – 19 миллион 810 мың адамды құрады.

Өзбекстанда әр 5 жыл сайын 2 миллион адамнан қосылды. Мәселен, 2000 жылы – 24 миллион 591 мың, 2005 жылы – 26 миллион 254 мың, 2010 жылы – 28 миллион 292 мың, 2015 жылы – 30 миллион 680 мың, 2020 жылы – 33 миллион 226 мың адамға жетті.

Қазақстанда 2000 жылы – 14 миллион 900 мың, 2005 жылы – 15 миллион 75 мың, 2010 жылы – 16 миллион 204 мың, 2015 жылы – 17 миллион 417 мың, 2020 жылы – 18 миллион 632 мың адамға жетті.

Статистикалық мәліметтерден 30 жылда Өзбекстан халқына 14 млн адам қосылса, Қазақстанда 2 млн адамға ғана көбейгеніне көз жеткізуге болады. Неге? Бұл сұраққа жауапты академик Мәлім-Айдар Асылбековтің «Казахи (демографические тенденции 80-90 годов)» атты еңбегінен табуға болады. «Қазақстан халқы 1989-1999 жылдар аралығында 1,5 миллионнан астам адамға, яғни 8,2 пайызға азайды. Халық саны азаюы 2002 жылға дейін созылып, 2003 жылдан бастап аз да болса өсе бастады. 2005 жылдың басында 15 миллионнан асты. Бұл жағдайдың негізгі себебі тек 1991-1999 жылдарда сыртқа кеткен көші-қон нәтижесінде республика халқы 1 миллион 54 мың адамға кеміді».

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

Жалпы Қазақстанда 2000 жылдардан бері табиғи өсім қарқынды. Мәселен, табиғи өсім: 2000 жылы – 72276, 2005 жылы – 121680, 2010 жылы – 221680, 2015 жылы – 267647, 2020 жылы – 265491 адамға жетті.

Алайда өңірлердегі халықтың өсімі біркелкі емес. Нақты деректерді келтіретін болсақ, 2021 жылы Түркістан облысында 36734-ке, Шымкент қаласында 27973-ке, Нұр-Сұлтан қаласында 24734 адамға көбейді. Павлодар облысында бір жылда небәрі 1345 адам қосылды. Керісінше, Қостанай облысында – 984, Солтүстік Қазақстан облысында – 1345 адамға кеміді.

Есілдің бойында елорданың еңсе тіктеуімен ішкі миграцияға қан жүгіріп, Нұр-Сұлтан қаласы миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды.

Статистикалық мәліметтерге көз жүгітсек, 1999 жылғы санақ нәтижесі бойынша Ақмола облысының халқының саны 318 мың адамды құрады. 2000 жылы – 381 мың, 2005 жылы – 529 мың, 2010 жылы – 719 мың, 2015 жылы – 872 мың, 2020 жылы – 1 миллион 149 мың адамға жетті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бала туу көрсеткіші төмендеді. 2021 жылғы қаңтар-сәуір айында 137,4 мың бала туса, 2022 жылы қаңтар-сәуір айында 127 мың сәби туды. Тағы бір мәселе, биыл туған сәбиге қарағанда, шетінегеннің саны 0,4 пайызға артты. Шет елдегідей бір-екі баламен шектелу жағдайы бізде де көбейді. Егер мұндай қорқынышты жағдай көбейе берсе, ертеңгі күні халық санының азаюына ықпалын тигізері сөзсіз.

Бұл ойды демограф Шынар Пазылбекқызының мәліметтері жұбатады. 2019 жылы елдегі бір әйелге орташа есеппен алғанда 2,9 баладан келсе, 2020 жылы – 3,1 баладан, 2021 жылы – 3,3 баладан келді.

Алайда, әлеуметтанушылар мен демографтардың пікірінше, қазіргі бала туу көрсеткіші жоғары болуда 2000 жылға дейінгі қыз-келіншектердің үлесі басым. Жаңа көзқараспен қалыптасқан кейінгі буынның бала тууға көзқарасы қандай? Мұны да терең зерттеу керек. Ал, мұндай жауапты іспен шұғылданатын институт елде жоқ. Тек демографиялық ахуалды зерттеп, зерделейтін Президенттің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ғана.

Бір жағынан, бүгінгі демографиялық дүмпуді әлеуметтік тұрғыда толық қамтамасыз етуде ресми және жергілікті билік қауқарсыздық танытуда. Мәселен, бастауыш сыныпқа оқушылардың көптеп барып, сыныптардың жетіспеушілігі қалыптасуда. Елдегі әйелдер мен еркектердің арақатынасы да алшақтап, әйелдердің саны ерлерден жарты миллионға артты. Мұның бәрі бала туу көрсеткішіне кері әсер ететіні белгілі.

Бала туу көрсеткішісі төмен облыстар: Солтүстік Қазастан (100 адамға –27,7), Қостанай (100 адамға – 22,2), Шығыс Қазақстан (100 адамға – 14,5), Павлодар (100 адамға – 13,4). Аталған облыстарда бала туу көрсеткіші және т.б фокторлардың әсерінен халық саны кеміді. Оны 2020 жылды 2022 жылмен салыстырып, көз жеткізуге болады. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда соңғы екі жылда 11707, Қостанай облысында 10691, Шығыс Қазақстанда 13198, Павлодар облысында 5112 адамға кеміді.

ӨСУГЕ НЕ КЕДЕРГІ?

Әрине, елдің саны мен сапасы артуында тек табиғи өсімнен бөлек өзге факторлар бар. Оған ассимиляция және миграциялық процестің де ықпалы зор.

Бір кездері ұлыстарды ассимиляциялап отырған қазақ ұлтының қазір ондай рухани қауқары жоқ. Өзге ұлтты қазақтандырмақ түгілі, үйіргелік ауласындағы өзінің баласына ұлттық тәлім-тәрбие сіңіре алмай отыр. Ал, Өзбекстан құрамындағы ұлттарды ассимиляциялап, азшылық ұлттарды өзіне сіңіріп алуда. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Аққорған ауылдық округіне Өзбекстаннан бір отбасы «ағайынның ортасында болайын» деп, көшіп келді. Ағайын деп келгенімен, әлгі отбасы қатты қиналды. Сөйтсе, туу туралы куәлігінде «қазақ», жеке куәлігінде «өзбек» деп жазылыпты. Соның салдарынан «қандас» статусын ала алмай, жергілікті жерге тіркеле алмай, әбден әуреге түсті. Мұндай отбасы көрші елде мыңдап саналатыны айдан анық.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері миграциялық үрдіспен 1 миллион 90 мың этникалық қазақ елге оралды. Миграцияның экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және этникалық процестерге елеулі әсер ететіні анық. Олардың арасында ғалымдар, өнер және мәдениет саласының майталман мамандары бар. Яғни елдің рухани-мәдени өмірі түрленіп, жаңғыруына елеулі үлес қосып келеді.

Туу коэффицентінің төмендеуіне қазақ қоғамының көпбалалы отбасының шағын отбасыға көшуі, яғни бұрынғыдай 8-12 балалы отбасылар, 3-5 балаға ауысты. Мәселен, елде жәрдемақы алып отырған 15 баласы бар 1 ғана отбасы және 10 баласы бар 168 отбасы тұрады. Ал, 30-40 жыл бұрын бір облыстың өзінде 12-15 баласы бар отбасылар мыңдап саналатын еді. 2021 жылдың 1 қаңтарына 23 жасқа дейінгі 4 және одан да көп баласы бар  отбасылар саны – 457 499 құрады.

Урбанизацияның әсерін жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, 1897 жылы қаладағы қазақтың саны 1 пайыз болса, 1926 жылы 8,4 пайыз, 1939 жылы 27 пайыз, 2022 жылы бұл көрсеткіш 61,2 пайызды құрады. Бір ғана Қарағанды облысының 80 пайызы қалада қоныстанды. Қалада көпбалалы отбасылар үшін өмір сүру қолайлы дей алмаймыз. Ең бірінші пәтер мәселесі алдымыздан шығады. Ел бойынша 457499 көпбалалы отбасы болса, соның 207168-де ғана жылжымайтын мүлік тіркелді. Бұл дегеніңіз, елде көпбалалы отбасылардың әлеуметтік мәселесі толық шешілді дей алмаймыз.

 ҚАНДАЙ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ БАР?

Тууды ынталандыру, өлім-жітімді төмендету, миграциялық тасқынды реттеу, оның ішінде қандастарға арналған жыл сайынғы квота санын арттыру секілді бірқатар маңызды шараларды қамтып, елдің демографиялық ахуалын жақсартуға жұмыстар жасалуда.

«Батыр ана» атағын алған, «Алтын алқа» немесе «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар көлік салығын төлеуден босатылады (салық салынатын бір көлік үшін), жеке тұлғалардың меншігіне (тұрғын үй) жатады.

2005 жылы «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заң қабылданып, балалы отбасыларды қолдаудың тұтас моделі қалыптасты. Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар үшін жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2020 жылдан бастап айтарлықтай өсіп: төрт балаға – 16,03, бес балаға – 20,04, алты балаға – 24,05, жеті балаға – 28,06 айлық есептік көрсеткіш, сондай-ақ сегіз және одан да көп балаға-әрбір балаға 4 айлық есептік көрсеткіш.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 2024 жылдан бастап 18 жасқа толмаған барлық баланың атына арнаулы шот ашылып, бұл қаржы баланың оқуына немесе пәтер алуына жұмсайтынын айтты. Бұл да отбасыларды әлеуметтік тұрғыда қолдаудың айқын тетігі емес пе?!

Әлем елдері демографиялық өсімге алаңдаушылық білдіріп, бала туу көрсеткішін көтеруге мән беруде. Қазір Еуропалық Одақ елдерінде бала туу бір әйелге 1,55 баланы құрайды.

Англияда көпбалалы отбасыларды қолдаудың әлеуметтік пакетіне: балаға арналған жәрдемақы; бала күтімі бойынша жәрдемақы; бала күтімі бойынша грант; оқыту бойынша жәрдемақы; ресми декреттік демалыс; тұңғышының тууы бойынша грант; тегін тамақтану; «Салауатты бастау» бағдарламасы бойынша қолдау; қамқоршының жәрдемақысы; ата-аналарды оқытуға арналған жәрдемақы және т.б кіреді.

Польшада отбасыларды қолдау және бала тууды ынталандыруға арналған алты арнайы бағдарламасы бар. Соның бірнешесіне тоқталатын болсақ, «Отбасы 500+» бағдарламасы. Бала тәрбиесіне арналған жәрдемақы отбасының табысына қарамастан, әрбір балаға 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға төленеді. Жәрдемақы мөлшері – 500 злоты және мүмкіндігі шектеулі балаға – 1 200 злоты құрайды. Айына қосымша 500 злоты асырап алушы отбасыларға төленеді. «Жақсы бастама» жәрдемақысы әрбір бала үшін бірінші оқу жылынан бастап, отбасы табысына қарамастан, ол 20 жасқа (немесе мүгедек балалар үшін 24 жасқа) толғанға дейін жыл сайын төленеді. Бір реттік жәрдемақы мөлшері әр жылға 300 злоты құрайды.

Швецияда жәрдемақы 16 жасқа дейінгі балалары және медициналық сақтандыруы бар отбасыға төленеді. Балаға арналған кеңейтілген жәрдемақы бала мектепте оқыған жағдайда беріледі. Оның ай сайынғы жәрдемақы мөлшері – 1 250 швед крон құрайды. Көп балалы отбасыларға қосымша ақы 1050 швед кроны төленеді.

Ресейде көпбалалы отбасыларды қолдау келесі түрде жүзеге асырылады: біржолғы төлемдерді, ай сайынғы төлемдерді, жер учаскесін беру, орденмен марапаттау.

P.S. Түрік әлемінің қарашаңырағы саналатын қазақтардың кемелді келешегі саны мен сапасына тікелей байланысты. Ол үшін бізге көбею керек.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button