Қала мен Сала

Жылыту маусымына дайындық пысықталды

Үкімет отырысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов шаһардың жылыту маусымына дайындығы және газдандыру барысы туралы баяндады.

[smartslider3 slider=3930]

– Жылыту маусымына дайындық жоспарлы түрде жүруде. Энергия көздерінің жалпы дайындығы 90 пайызды құрайды. Білім беру нысандары – 96, денсаулық сақтау – 97, тұрғын үй қорының 80 пайызы, яғни 2998 нысанның 2442-сі бүгінге дайын. Жұмыс жалғасуда, жылыту маусымына дейін толық үлгереміз, – деді Алтай Көлгінов.

Қала басшысы алдағы жылыту маусымына дайындық барысында қолға алынған шараларға тоқталды. Оның айтуынша, 1-ЖЭО-да №4 және №9 су жылыту қазандықтары, 2-ЖЭО-да №6 энергетикалық қазандығы жөнделді. №6 жылу желісін іске қосу үдерісі жүруде. Ұзындығы 17 шақырым электрмен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау аяқталды. Бұл электр желілеріне технология­лық бұзушылықтарды азайтуға мүмкіндік берді және алдағы уақытта құрылыс аудандарын электр қуатымен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

Қаланы газдандыру барысына тоқталған Алтай Көлгінов тиісті жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.

– 700 шақырымнан астам газ тарату желілері салынды. Алматы және Сарыарқа аудандарында желілерді салу толығымен аяқталды. Бұл – 10 тұрғын алабы. Нәтижесінде елорданың 14 мыңнан астам абоненті газбен жабдықтау жүйесіне қол жеткізді. Соның ішінде 5 мыңнан астам абонент қазіргі уақытта толық газға қосылды. Биыл Байқоңыр және Есіл аудандарында газдандыру жұмыстары басталды. 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-да барлық 13 су жылыту қазандықтары газға ауыстырылды, – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Елорда тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ететін 8 компания көмірді 14 жерде сататынын айтқан Алтай Көлгінов олармен көмір бағасын көтермеу жөнінде келісімшарт жасалғанын жеткізді.

– Жыл сайынғы жоспарға сәйкес қыркүйек-қараша айларына ай сайын 70 мың тоннадан астам көмір жеткізу жоспарланған. Вагондарды уақытылы жеткізу өте маңызды. Сондықтан «Қазақстан темір жолы» мекемесімен жұмыс жүруде, – деді қала әкімі.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, коммуналдық кәсіпорындар мен энергия кешенін жылу беру маусымына дайындығы штаттық режимде өтуде және ерекше бақылауда.

– Алдағы жылдары жылу энергиясын тұтыну көлемінің тапшылығы болуы мүмкін. Осыған байланысты біз бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып жатырмыз. Бұл газбен қамтамасыз ететін жылу қазандықтары және 3-ЖЭО құрылысы қайта жанданды. Сол арқылы қуаттылығы сағатына 440 гигокалорий жылу энергиясын беруге мүмкіндік береді. Бірақ қазір мердігер бекітілген мерзімнен кешігіп жатыр. Осыған байланысты тиісті шараларды қабылдаудамыз. Бұл нысанды келесі жылы іске қосуды көздеп отырмыз, – деді Алтай Көлгінов.

Елорданың жылу маусымына дайындығы қалалық мәслихаттың отырысында да қаралды. «Астана-Энергия» АҚ-тың негізгі және қосалқы жабдықтарын жөндеу жұмысы бекітілген кестелермен, жоспарға сай жүріп жатыр. Желілердің жалпы дайындығы 83,7 пайызды құрайды. Жылу желілері бойынша «Астана-Теплотранзит» АҚ-ның жылу беру маусымына жалпы дайындығы 86 пайызды құрайды. Барлық жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін аяқталады.

Көмір қоры 4080 тоннаны құрайды. Елорданың 16 әлеуметтік нысаны жыл басынан бері газға қосылды. Газға көшуден қала бюджетіне 3,5 есе үнемдеу түседі. Егер бұрын жылу беру маусымында бұл нысандар 1 миллиард 420 миллионға дизельдік отынды тұтынса, енді шығын 440 миллионнан аспайды. Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасына аудандардағы газ бармайтын аумақтар бойынша есепті және қатты отынға мұқтаж әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтардың тізімін әзірлеуді тапсырды.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button