Мәселе

Сыйдың сиқы осы ма?

Қазақ дәстүрінде шапан жауып, тон кигізу үлкен құрмет саналады. Ол – көлденең көк аттыға емес, еліне сыйлы, халқына қалаулы жандарға ғана көрсетілетін сый. Қазақ оны қалай болса солай бермеген, иығына шапан жабатын адамның тілегіне, пейіліне де зер салған. Қазіргідей алдыға шығып екі ауыз сөз айтқанның бәріне шапан жаба бермеген. Бұрындары хандар батыр, билерге дәреже бергенде соның белгісі ретінде арнайы тіктірген шапанды жапқан, бай-шонжарлар ақын, серілердің өнері үшін де астына ат мінгізіп, шапан кигізген. Бұл дәстүр бүгінде сақталғанымен, әуелгі мәнінен алыстап барады. Тіпті той-томалақ, астарда аспаннан шапан жауғандай, анаған да, мынаған да шапан киігізіп жатады. Осыдан барып, шапанда қадір қалған жоқ. Керісінше қазір шапаннан қадірсіз нәрсе жоқ десек, оған жақында әлеуметтік желіде тараған қоқыс жәшігіне ілулі тұрған оюлы шапандар айғақ. 

[smartslider3 slider=3931]

 

Шапан бұрын сырттан киетін ең сәнді киімнің бірі болғанымен, қазір біздің киім кию мәдениетіміз өзгерді. Наурыз сынды мереке-мейрамдарда болмаса, ешкім бұрынғыдай етегін салақтатып шапан кимейді. Міне, осыдан барып шапан тек иыққа көрініс үшін жабатын киімге айналды. Ешкім кимегеннен кейін, көп шапан үйде илектеніп біраз уақыт жатады да, тағы да біреудің иығына жабылады немесе өртеледі, қоқысқа тасталады.

Екінші тұрғыдан алғанда, қазіргі шапандар нарыққа бейімделгенімен, киім ретінде пайдалану жағы ескерілмеген. Көбінің матасы нашар, жағасы да, етегі де ою, киіп алсаң, сырмаққа оранғандай күй кешесің. Иығы қолпиған, етек жағы салпиған. Соған қарамастан бағасы да қымбат.

Демек, шапанға да, шапан жабу салтымызға да заманға сай өзгеріс жасаған дұрыс. Біреу сыйлап шапан жапса, екіншісі оны қоқысқа лақтырса, сыйдың не сәні, шапанның не қасиеті қалды?! Сондықтан той-томалақ, түрлі жиын-басқосуда анаған да, мынаған да жалпылдатып шапан жабуды доғару керек. Шапан жабу керек болса, заманға сай, киіп жүруге қолайлы киімдер болғаны дұрыс. Шапанның өлшемі ою емес, сәні мен сапасы арқылы өлшенеді. Баттасқан оюы болғанымен, ешкім кимесе, ол киім ғарып. Сондықтан біздің киім жобалаушыларымыз да, шапанды заман талабына лайықтап, жобасын жаңғыртып, денеге шақтап, көрер көзге әдемі етіп жобаласа, шапан қоқыста қалмас еді.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button