Мәдениет

Теңіз тербелткен Ақ маржан

Толассыз толқындардың тебіренісі мен теңіз бетіне бір сәтке ғана қалқып шығып, оның қойнауына қайта оралған Малика ақ маржан тәрізді еді. Әлемді өзінің таусылмастай қайратымен таңдандырып, өнерімен мойындатқан биші қыз жақында дүние салды. Еліміздің мақтанышына айналған Маликаның арбада отырып билеу өнері мен әлем чемпионына айналып, сан додада талай бәйге алғаны баршаға белгілі. Параспортшы қыздың әншілік, бишілік өнерін жұрт біледі. Осындай жауқазындай нәзік, жасындай жалынды қыздың ажалы талайлардың қабырғасын қайыстырды. Себебі Малика Мұхтарова секілді теңіз тұңғиығында да сирек кездесетін ақ маржандар ғасырда бір рет туады десек, асылық болмас.

Малика Мұхтарова «Қанаттылар» инклюзивті театрының бетке ұстар актрисасы болатын. Ол аталмыш театрдың ашылған сәтінен, 2021 жылдан бастап екі жыл көлемінде қызмет атқарды. Осылайша ол шымылдығы түрілген ерекше өнер ордасымен бірге дамып, жаңа қырын аша бастады. Көрермен көкжиегіне құлашын енді ғана жайып жатқан «Қанаттылар» театрының ұжымы мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған болатын. Бұл мекеме қазіргі таңда елорда төрінде «Жастар» театрының құрамында жұмыс істеп, Малика сынды талай дарынның жұлдызын жандырып отыр. Осылайша әлем чемпионының бала кезгі арманының бірі орындалды.

Малика «Қанаттылар» театрының бірнеше қойылымында басты рөлді сомдады. Белгілі жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы желісімен қойылған «Қызжылаған» спектаклінде, танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Гүлнәр Салықбайдың «Қанаттылар» қойылымында бас кейіпкер болып өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Осы екі қойылымда да мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір жолы, тарамыс тағдыры мен күресі баяндалады. Әріптестері әсіресе оны «Қызжылаған» қойылымындағы кейіпкері арқылы тебірене еске алады. Бұл спектакльде арбада отыр­ған жанның махаббаты он екі мүшесі сау адамнан ерекше болатыны, сонымен қатар, Семей полигонының кесірінен зардап шеккен адамның азабы көркем кестеленген.

Осы спектакльге дайындық барысында Маликамен тікелей жұмыс істеген Бекзат Шахзада ол тума талант иесі болғанын, кез келген кейіпкерді кемеліне келтіре сомдайтынын айтқан еді. Бекзаттың айтуынша, Малика шексіз сабыр иесі, үнемі жүзінен күлкі арылмайтын кішіпейіл, жетістіктеріне қарамастан, өте қарапайым жан болған екен. Малика ешқашан кешікпейтін, биге де, спортқа да, театрдағы жұмысқа да үлгеретін.

«Былтыр ғана талантты театр режиссері Абзалбек Максим Астана көрермендеріне «Қанаттылар» инклюзивті театры­ның ерекше спектаклін тарту еткен. Ләйләнің образын Малика сомдап еді. БҰҰ-ның өкілі, елшілер қауымы Маликаның өнеріне қайран қалған. Денсаулығына шектеу қоймай қандай ғажайып рекордтар жасады. Малика – әлем чемпионы, ­актриса. Өжет, қайсар қаршадай қызды алғаш көргенде «Мәңгілік бала бейнедегі» менің Ләйләм тура сен сияқты қайсар» деп едім. Маликажан ұяла жымиған ­еді-ау… Өзі сомдаған Ләйләсін сахнада көкке ұшырып еді, бұл жолы аспан әлеміне, мәңгілік ғаламына өзі ұшып кетіпті. Аз ғұмырында жұлдыздай жарқ етіп, самғап өте шықты» дейді жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова.

Өмірдің тылсым тұсы тым көп. Болашақта сені не тосып тұрғанын білу мүмкін емес. Егер Малика ортамызда болғанда біз оны кино әлемінде де көруіміз әбден мүмкін еді. Себебі америкалық «Push girls» фильмінің қазақи менталитетіндегі балама нұсқасына сценарий жазылып, Малика осы фильмде басты рөлдердің бірін сомдауы керек еді. Тіпті аталмыш жоба «Хабар» агенттігі тарапынан қолдау да тапқан екен. Өкінішке қарай, Маликаның бұл арманы орындалмады.

Ақ маржандай нәзік жанды биші, әнші, актриса, өмірлік жігері жасындай жалынды, көктем гүліндей көркем ­актриса Малика Мұхтарованың бейнесі елдің есінде мәңгілік сақталады.

Төлеген ӘБДІРАСЫЛОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button