Мәдениет

Ықылас қобызының қоңыр үні

Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы «Ұлыларға тағзым» жобасы аясында қобыз күйлерінің негізін қалаушы Ықылас Дүкенұлының 180 жылдығына орай рухани өнер кешін өткізді. Кеш музыкалық бағытта ғана емес, танымдық сипатта өрбіді.

Дәулескер күйші-ұстаз, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай кеш тізгінін ұстап, қобыз күйлерінің оқытылуы, дамуы,
Ықылас шығармашылығына қатысты біраз мәліметтермен таныстырды. Оның айтуынша, кеңестік идеология өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғына дейін қобыз­дың адымын аштырмады. Тек 1968 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясында (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) оқу орнының сол кездегі ректоры Еркеғали Рахмадиевтің қолдауымен қобыз сыныбы ашылды. Бұл тұрғыдан көрнекті композитордың қобыз күйлерінің, жалпы осынау төл аспабымыздың дамуына қосқан үлесі мол.

Ол осы сыныпқа Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевты оқытушылыққа алдырды. Бұл қобызшы-ұстаздардың қолға алуымен қобыздың дамуы мен насихатталуы басталды. Олардан талай шәкірт өрбіді. Бұл қатарда Базархан Қосбасаров, Сматай Үмбетбаев сынды қобызшыларды ерек атап өтуге болады. Қазір Мықтыбаев пен Қаламбаевтың немере шәкірттері, яғни олардың шәкірттерінің оқушылары сахнадан көрініп жүр. Соның бірі – кешке Қарағандыдан арнайы шақырылып, өнер көрсеткен Тәттімбет атындағы өнер колледжінің жоғары санаттағы ұстазы, Білім беру саласының үздігі Жанқаш Жұмабеков.

Ал Астанада қобыздың насихатталуына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Оразбаева көп үлес қосып жүр. Ықылас Дүкенұлының шығармашылығына арналған кешке ол да қатысып, қобызды сарнатты. Осы орайда алдағы 4 маусым күні «Қазақконцертте» оның «Аққулар сазы» атты концерті өтетінін айта кетейік.

Кеш барысында қобыз және домбыра күйлері бірін-бірі алмастырып шертілді. Қаратау шертпесінің шебері, күйші Сүгір Әліұлы – Ықылас Дүкенұлының тікелей шәкірті еді. Сүгір Ықыластың күйлерін домбырада шертіп, әрі қарай дамытып алып кетті. Мәселен, Ықыласта да, Сүгірде де «Кертолғау» аталатын күй бар. Сондай-ақ Ықыласта «Жолаушының қоңыр күйі» аталатын шығарма болса, Сүгірдің «Жолаушының жолды қоңыры» атты күйі елге белгілі. Мұны күй өнеріндегі нәзира дәстүрі деп атасақ болады.

Концерт көрермендеріне осы күйлер ұсынылды. Сондай-ақ Ықыластың «Жезкиік» атты атақты күйі қобызда да, домбырада да берілді. Оларды Әділет Азбаев пен белгілі күйші Қайрат Айтбаев тартты. Осы концертке талантты әнші Сырым Мұхаметжановтың орындауында Жақсыгелді Сейіловтің «Жезкиік» әні де үйлесе кетті.

Ықылас Дүкенұлы туралы алғашқы деректің бірі Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында кездеседі. Осы орайда Сәкеннің «Тау ішінде» әнінің шыр­қалуы да орынды болды. Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқа» әні де әуеледі. Жұмысы шахтада болса да, өнерге құштар, қобызды қолдан өзі шауып жасайтын Әлібек Бимендин Илья Жақановтың «Толағайын» қобызбен айтып, елең еткізді. Жас қобызшылар өнер көрсетті. Кеш поэзиямен көмкеріліп, ақын Ерғожа Тілепбердиев қобыз құдіретін танытатын өлеңдерін оқыды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button